in

Туристерге төр мекен

Қарқаралыдағы Бұғылы тауының баурайында жаңа рекреациялық аймақ құрылып жатыр. Бұл туристердің жайлы демалысына арналған тағы бір тартымды орынға айналмақ.

2025 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздің туристік сала­сы тұрақты өсім көрсетті. Қона­қ­үй­лер мен өзге де орналастыру орын­дары 10 млн-нан астам қо­нақ­т­ы қабылдады. Оның ішінде ішкі туристер саны 8,7 млн адамды құ­рап, алдыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда 700 мың адамға артты.

Туристік ағынның өсуімен қа­тар саланың экономикалық қайта­рымы да артып келеді. Орналастыру орындарының жиынтық табысы 350,6 млрд теңгеге жетсе, туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асты. Бұл есепте Қарағанды облысының да айтарлықтай үлесі бар.

Бүгінде екі бірдей туризм орта­лығына ақша құйылуда. Және одан қайтарым да бар. Бұл – Қарқаралы мен Балқаш қаласы. Қарқаралыда бүгінде жалпы аумағы 75 гектарды құрайтын аумақта қонақүйлер, глэмпингтер, мейрамханалар, этно­ауыл, ойын-сауық саябағы және тау шаңғысы кешенін салу жос­пар­ланған. Қазір мұнда инже­нерлік желілер тартылып, жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтары салынуда.

– Осы 75 гектар аумақта бүгінде су, кәріз, электрмен жабдықтау же­лілерін тарту және аумақты абат­тандыру жұмыстары жүргізілуде. Инфрақұрылым толық дайын бол­ған соң жер телімдерін инвестор­ларға ұсынатын боламыз. Қарқара­лының жыл бойы туризмді дамы­туға әлеуеті өте жоғары болған­дық­тан, кәсіпкерлерді ынтымақтас­тыққа шақырамыз, – деді Қарқара­лы ауданы әкімінің міндетін ат­қарушы Саят Мусин.

Оның айтуынша, туризмнің дамуына Қарағанды – Қарқаралы автожолын жаңғырту жұмыстары да оң әсерін тигізген. Жол жүру уақыты шамамен екі сағатқа дейін қысқарып, туристер ағыны екі-үш есеге артқан. Бүгінде Қарқара­лы­ның айналасында 40 демалыс ай­мағы жұмыс істейді. Алдағы уа­қыт­та олардың саны едәуір көбеймек. Туристік инфрақұрылым мемлекет­тік қолдаудың арқасында қарқын­ды дамып келеді. Сонымен қатар курорттық қаланың келбеті де жа­ңарып, көшелер мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда.

Qarqaraly Go жобасының құ­рылтайшыларының бірі Ерлан Тө­леубековтің айтуынша, жобаның басты ұраны – «Балаңызға гад­жетсіз жаз сыйлаңыз». Тәрбиешілер бала­ларды дербестікке, жауап­кер­шілікке және ұжымда жұмыс істей білуге баулиды. Бағдарламаға жаяу жорық­тар, атпен серуендеу, спорт­тық және шығармашылық сабақтар енгізілген. Жаз мезгілінде сегіз ауы­сым ұйым­дастыру жоспарла­нып отыр. Қарқа­ралыда жол бойы сервисі де дамып келеді. Өңір ма­ңында 40 бөлмелі мотельдің құры­лысы жүргізілуде. Жаңа нысан жыл сайын бес мыңға дейін турист қабылдай алады.

Ал Балқаштың туристік әлеуеті Balkhash Tour Fest фестивалінде жақсы қырынан көрінді. Мысалы, Visit Karaganda павильонының жұ­мысында келушілерге Қара­ғанды облысының туристік дестина­циялары, орналастыру орындары, танымал маршруттар мен негізгі оқиғалық іс-шаралар туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Мемлекетімізде 2029 жылға дейінгі тұжырымдама қолға алын­ған. Саланы одан әрі дамыту ту­ризм­ді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңбе­рінде жүргізілетін болады. Жаңар­тылған жоспар 6 бағытты қамтиды, оның ішінде 61 іс-шара бар. Қо­сымша 2026-2029 жылдарға арнал­ған Жол картасы дайындалды, онда тағы 119 іс-шара көзделген. Мақ­сатты бағыттардың бірі – 2029 жыл­ға қарай ішкі туристер санын 11 миллион адамға дейін арттыру.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы