Президент пәрменімен басталған бетбұрыс ежелгі Торғай мен арқалы Арқалық аймағының экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, оның әлеуметтік келбетін де тың тұрпатта түрлендіруге тиіс. Құлазыған далаға жан бітіретін қандай жобалар қолға алынады? Өңірге келер инвестиция халық тұрмысын қалай өзгертпек?
Арқалыққа жаңа дем
Өкінішке қарай, көп жылдан бері өркендеу көшінен кешігіп, тоқырау құрсауында қалған Арқалық шаһарын және өлкенің қос қанаты – Амангелді, Жангелді аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытуға Үкіметте Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауапты. Оның жетекшілігімен тиісті кешенді жоспарды қаржыландыру мен іске асыру тетіктері талқыланған арнайы алқалы жиын өтті. Құжат Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін әзірленді және Үкімет қаулысымен бекітілді.
– Жаңа жобалар аймақтың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ басқа да бірқатар саланың дамуына серпін береді. Сондықтан бұл жұмыс өз жалғасын табады. Жалпы, Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керек, – деп екпін түсірді Мемлекет басшысы Жолдауда.
Осы орайда үш жылдық жоспар 10 негізгі бағытты қамтиды және 51 ірі іс-шарадан тұрады. Бұл ондық – өнеркәсіп және көлік, туризм және спорт, агроөнеркәсіп кешені, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жылумен қамту, электрмен жабдықтау, су бұру мен азаматтық қауіпсіздік.
– Іс-шаралар өндірістік әлеуетті дамытуға, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жағдай жасауға бағытталған. Жоспарда агроөнеркәсіптік кешенді, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділікті қолдауға ерекше назар аударылды, – деді Серік Жұманғарин.
Оның мәліметі бойынша, Арқалықта бірқатар ірі инвестжобаны іске асыру көзделіпті. Бұл қатарға 6 мың бас ірі қара малға модульдік репродуктор құру, желатин және биоактивті сүйек матрицасын шығаратын зауыт салу, 10 мың бас қой үшін мал шаруашылығы кешені, 6 мың басқа арналған бордақылау алаңы жатады. Бұдан басқа, құрама жем зауытын пайдалануға беру, қуаттылығы жылына 300 млн жұмыртқа шығаратын құс фабрикасын кеңейту және жаңғырту жоспарланған. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов 2026 жылға жалпы сомасы 78,4 млрд теңгеге 33 іс-шараны іске асыру жоспарланғанын хабарлады. Қазір іс жүзінде 39,2 млрд теңге бөлінді.
– Біз барлығының жоспарлы мерзімде іске асырылуы үшін қажеттінің бәрін жасаймыз. Осы жылы облыстық бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінді. Бұл негізгі жобаларды толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндік берді. Олардың ең бастысы – Арқалық әуежайының құрылысы. Бүгінде әуеайлақ инфрақұрылымын қайта жаңарту, жолаушылар терминалын салу және қажетті жабдықтарды сатып алу тиісті қаржымен толық қамтамасыз етілді. Жұмыс қатаң түрде кесте бойынша жүргізіліп жатыр, – деп сендірді Құмар Ақсақалов.
Ол сондай-ақ алдағы тамызда нысан пайдалануға берілетінін жеткізді. Әуежайды іске қосу әуе қатынасын қалпына келтіріп қана қоймай, көлік қатынасы, инвестициялық тартымдылықты айтарлықтай арттырып, өңірді дамытудың жаңа кезеңін ашуға тиіс.
Арқалықтағы ірі кәсіпорынның бірі саналатын Arkalyk QUS ЖШС құс фабрикасының тең құрылтайшысы Максим Божко кәсіпорынды екі сатылы жаңғырту жобасын таныстырды. Бұл өндіріс көлемін 2 есеге – жылына 150 млн-нан 300 млн жұмыртқаға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
– Биыл 70 млн жұмыртқаға арналған жаңа құс қораларын пайдалануға беруді және төл құрама жем зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы тағы 80 млн дана құс үйі іске қосылады. Екі кезеңді жүзеге асыру қорытындысы бойынша құс фабрикасының қуаты жылына 300 млн жұмыртқаға жетеді. Қазір бізде шамамен 250-270 адам жұмыс істейді. Штатты 370 қызметкерге дейін көбейте отырып, 100-ден астам қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар, – деді М.Божко.
Дамуға 165 миллиардтық мүмкіндік
Кезінде кенді бокситі бітіп, қараң қалған қалаға айнала бастаған Арқалыққа жан бітеді. Шаһарға мемлекеттік және жеке инвестициялар құйыла бастады. Мысалы, тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Арқалық қаласы әуежайының ұшып көтерілу-қону жолағын, рөлдеу жолын және перронын реконструкциялау үшін 2026 жылы республикалық бюджеттен – 5 млрд 712,6 млн, ал жергілікті бюджеттен 2 млрд 73,3 млн теңге бөлініпті. Осының арқасында алда Арқалық әуежайы алып ұшақтарды қабылдай бастайды. Ірі әуе көліктерін қабылдау қомақты шығынды қажет ететін іс: қала әуежайының аэронавигациялық мұнарасы үшін жабдық, метео және навигациялық құрылғылар алу 7,5 миллиард теңгеге түспек.
90-жылдары «ақ қанатты самұрықтар» ұшып келуді тоқтатқан соң әуе қақпасы қаңырап бос қалып, әуежайы қираған еді. Арқалық қаласының ескі әуежайы орнында автономды қазандығы бар жаңа терминалдың І кезегін салу үшін 2026 жылы қос бюджеттен тиісінше 3 миллиард және 968,1 млн теңге жұмсалады. Оны тездетіп бітіріп, ІІ кезегіне жыл соңына дейін кірісу қарастырылған. Оған орталықтан 5 млрд теңге бағытталады.
Геологтар бұл өңірдің түрлі кенге бай екеніне сенімді. Оны тереңнен табу үшін 2026-2028 жылдары мемлекет пен жеке инвесторлар есебінен 328 шаршы шақырымда 1:50 000 масштабтағы жалпы іздестіру мен геологиялық түсірілім жасалып, жер қойнауы мұқият зерделенеді.
Өңір туризмді де дамытуға ниетті. Арқалықта жеке инвестор биыл Hanzada кемпингін іске қоспақ: бұл жобасына 400 млн теңге шығындаған. Өзге инвестор Амангелді ауданының Амангелді ауылында 2026 жыл соңына дейін көпбейінді туристік кешен тұрғызады және оған 3,5 миллиард теңге құйып жатқан көрінеді. Мұның сыртында 2028 жылы жеке инвестиция есебінен Жангелдин ауданының Торғай үстіртінде глэмпинг ұйымдастырып, «Интер-аңшылық» аңшылық туризмі жобасын дамыту көзделген. Өңірге келетін туристердің саяхатын мазмұнды ету үшін Қостанай облысының әкімдігіне «Киелі, мәдени және туристік объектілерге баратын экскурсиялық маршруттарды» әзірлеу жүктелді.
Спортты дамыту бағытында әкімдіктің, «Самұрық-Қазына» қорының қаржыландыруымен 2026 жыл аяқталғанша Арқалықта денешынықтыру-сауықтыру кешені (құны 710 млн теңгедей), жабық хоккей корты (545 млн теңге), Ы.Алтынсарин атындағы АрқПУ-дың денешынықтыру-сауықтыру кешені (605,8 млн теңге) бой көтереді. 465 млн теңгеге 2026-2027 жылдары Амангелді ауылындағы стадион реконструкцияланады.
Қаладағы ең ірі жоба – 2028 жылы қолданысқа берілуге тиіс желатин және биоактивті сүйек матриксін шығаратын зауыт. Оған жеке инвестор 20 миллиард теңге инвестиция құяды. Осы жылы Арқалықта тері-былғары өнеркәсібі – былғары жартылай фабрикаты өндірісі қалпына келтірілмек. Бұл жеке инвесторға 6,1 млрд теңгеге түседі.
Агроөнеркәсіп кешені саласында Арқалық қаласында құрамажем зауытын пайдалануға бере отырып, қуаты жылына 300 млн данаға дейін жұмыртқа шығаратын жұмыртқа құс фабрикасын кеңейту және жаңғырту жобасы қолға алынды. Оған республикалық бюджеттен 3 млрд 325 млн теңге арзан (2,5%) бюджеттік кредит беріледі. Божконың Arkalyk QUS компаниясы 1 млрд 422 млн теңге қаржысын құяды.
Сондай-ақ қалада тауық саңғырығынан органикалық тыңайтқыш жасайтын қайта өңдеу зауыты 2028 жылы іске қосылуға тиіс. Оған мемлекет 500 млн теңге қаржы жұмсайды, басқа көздерден 2 млрд теңге тартылмақ. Сондай-ақ кешенді жоспарға сәйкес, биыл Арқалықта 6 мың бас ірі қара малға арналған модулді репродуктор құрылады. Оған жеке инвестор – 4,4 млрд, бюджет 1 млрд 100 млн теңге қаржы береді.
Бюджеттік кредиттеу есебінен 2026 жылы Арқалықта 10 мың бас қойға арналған мал шаруашылығы кешенін тұрғызу жобасының құны – 2,1 млрд теңгені, 6 мың қойға арналған бордақылау алаңы – 1,5 млрд теңгені, 2027 жылы Жангелдин ауданының Шилі ауылында 5 мың ІҚМ-ға арналған бордақылау алаңы – 2 млрд теңгені, Амангелді ауданында 10 500 тонна көкөніс сақтау қоймасы жобасы 2 млрд теңгені құрайды.
Болашаққа бастар арна
Айта кетер жайт, жобаларды нақты жеңілдікпен кредиттеу үшін Қостанай облысы әкімдігінің қаулысымен «Өрлеу-Торғай» кіші бағдарламасы бекітілуі қажет. Бағдарламаға жергілікті бюджеттен – 300 млн, ал жеке инвесторлар тарапынан 600 млн теңге беріледі.
Ал кешенді жоспар аясында өңірде балабақшалар, мектептер, балалардың шығармашылығы үйі, фельдшерлік-акушерлік пункт және басқа әлеуметтік нысандар бой көтереді, жылу желілері, су құбырлары жөндеуден өтеді деп күтіледі. Бұл құжатқа кірген 51 жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен – 52 млрд 808, 1 млн, жергілікті бюджеттен – 22 млрд 851,3 млн теңге, жеке инвесторлардан – 61 млрд 419,4 млн, басқа көздерден – 28 млрд 444,9 млн теңге, жалпы сомасы 165 миллиард 523,7 миллион теңге тартылады деп жоспарланған.
Өз кезегінде депутаттар жоспардағы 51 жобамен шектелмей, Торғай өңірінде мегажобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Олар Үкіметке «Ертіс – Қаныш Сәтбаев каналы – Есіл – Торғай – Арал теңізі» бағыты бойынша су тасымалдайтын алып арна жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, бұл – жай экологиялық мәселе емес. Осы каналдың арқасында Торғай өңірінде мал, егін және балық шаруашылығы өркендейді, азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды, өңірдің экспорты артады. Сондай-ақ оның бойында су электр стансаларын салып, энергетиканы, өзге өндірісті дамытуға болады. Мәселен, жаңа кен орындары сумен қамтамасыз етілер еді.
«Бұл тұтас өңірлердің болашағына әсер ететін аса маңызды жоба болады. Ол бүкіл Қазақстанның су қауіпсіздігін күшейтеді. Бұл жобаның артықшылығы – су табиғи еңіс-ойпат пен табиғи арналар арқылы ағатындықтан, қымбат сорғы стансаларын көп қажет етпейді әрі энергия шығыны төмен болады. Ұлы даладағы еріген қар мен жаңбырдың тасқын суын бұру арқылы Есіл бойындағы елді мекендерді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік туады. Бүгінде «Арал –Каспий бассейнінің экожүйесін қайта жаңғырту халықаралық қоры» аталған өзен суларын табиғи арналары арқылы байланыстыру жобасын әзірлеп, оны іске асыруға дайын екенін білдірді», – деді депутат.
Қорыта айтқанда, құнттаса, көңіл бөлсе, Торғай мен Арқалық өңірінің болашағын кемел етуге болады. Өлке географиялық тұрғыдан тиімді орналасқандықтан, ол Еуропа мен Азия арасындағы басты транзиттік буынға айнала алады: «Орталық – Батыс» автожолы құрылысы, жол жөндеу, Арқалық әуежайын қалпына келтіру, Астана – Ырғыз трассасында жанар-жағармай стансаларын салу және басқа инфрақұрылымдық бастамалар оның осы мол әлеуетін қажетке жаратуға бағытталған.
Айхан ШӘРІП