Жалпы, ғаламмен бірге жаралған қаламның бүгінгі серті қандай? Миссия өзгерді ме? Бүгінгі буын журналистиканы қалай ұғады? Көңілде – көп сауал. Бұған аға буынның айтар уәжі бар шығар. Біз бұл сұрақты жазушы, публицист Ділдар Мамырбаеваға қойған едік.
– Бүгінде журналистиканың ауқымы өзгерді. Журналистикаға көзқарас та бұрынғыдай емес. «Журналистің арқалағаны – алтын» дейтін тәмсілдің мағынасы өзгерген секілді. Бұрынғы мектептен қалған қандай құндылықтар сақталды, біз қазір нені жоғалтып алдық деп ойлайсыз?
– Журналистиканың формасы өзгерді, бірақ оның жаны өзгермеуі керек еді, өкінішке қарай өзгерді. Журналистика өнер еді ғой. Ахмет Байтұрсынұлынан басталған Шерхан Мұртаза, Камал Смаилов, Сейдахмет Бердіқұлов, Бекболат Әдетов, Сарбас Ақтаев, Зейнолла Шүкіров, Ахат Жақсыбаев, Жарылғап Бейсенбаев, Жанболат Аупбаев, Қайнар Олжай, Нұртөре Жүсіп жалғастырған үлкен мектеп бар еді. Міне, осы азаматтар журналист ретінде ұлтқа, халыққа бар ождан-ниетімен қалтқысыз қызмет етті. Жалған жазбады. Қиянат жасамады. Өмірдің заңдылығы ма, классикалық журналистика дағдарысқа ұшыраған кезде оның орнын блогерлер басты. Журналистикада қанға сіңген әдеп бар, обал-сауап бар, ұят бар. Кейбір блогерлер «ұят туралы жазамыз» деп ұятсыздыққа барып жүргенін сіз де, біз де байқап жүрміз.
Бұрынғы мектептен қалған ең үлкен құндылық – жауапкершілік. Қалам ұстаған адам әр сөзінің салмағын сезінетін. Бір сөйлемнің өзі адамның тағдырына әсер етуі мүмкін екенін білетін. Біз сол жауапкершілікті сақтап қалдық деп ойлаймын. Ал жоғалтып алғанымыз – зерттеу, сараптау мәдениеті дер едім. Қазір ақпарат көп, уақыт аз. Бұрын журналист бір мақаланың соңынан апталап жүрсе, қазір бір күнде бірнеше материал әзірлеуге мәжбүр. Кейде жылдамдық ізденістің жолын кесіп жатады.
– Бүгінгі журналистиканың күші неде: ұстанымда ма?
– Иә, журналистиканың басты күші – ұстанымда. Технология өзгереді, платформалар ауысады, бірақ журналистің азаматтық позициясы мен кәсіби ұстанымы өзгермеуге тиіс. Қолында камерасы немесе смартфоны бар кез келген адам ақпарат тарата алады. Бірақ бәрі бірдей журналист емес. Журналисті ерекшелендіретін нәрсе – ақиқатты іздеудегі табандылығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі. Мәселенки, Жанболат Аупбаевтың бір кездері жазған Рейстаг қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа Халық қаһарманы атағын беру туралы көтерген мәселесін халық қолдап кетті. Онда айтылған дәйектер, ұсыныстар бұлтартпайтындай, алай-бұлайы жоқ еді. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым-Қожа» шығармасының кейіпкеріне ескерткіш орнату туралы бастамасы да адамгершілік, азаматтық, ұрпаққа өнеге болатындай болған. «Қожаға ескерткіш орнатылатын болыпты» дегенді естігенде ел болып қуанғанбыз. Том Сойер мен Гекльбериге Миссури штатында, Корней Чуковскийдің Айболитіне Вильнюста, Андерсеннің ертегісіндегі Су перісіне Копенгагенде, Толстойдың Буратиносына Самара қаласында ескерткіш бар. Қожа бейнесін Жанболат Аупбаев ұлт мәселесі, ұлт мәдениеті, мемлекет саясаты деңгейіне көтеріп жазды. Ұстанымның күші деген осы шығар. Мұндай мысалдарды Қайнардың да, Нұртөренің де жазбаларынан айтуға болады.
– Бұрын бір мақала не фельетонның күші сұмдық еді. Қазір журналистикада сөздің өткірлігі қандай?
– Сөздің өткірлігі жоғалған жоқ, тек оның айналасындағы шу көбейді. Бұрын бір мақала қоғамды дүр сілкіндірсе, қазір ақпарат ағынында жақсы дүниенің өзі көзге түспей қалуы мүмкін. Бірақ шынайы, дәлелді, жүрекке жететін сөздің күші әлі де бар. Адам баласы ақиқаттан ешқашан жалыққан емес. Дегенмен біздің Баспасөз туралы заңымызда тиісті орындардың редакцияға жауап беретін тәртібі туралы бап жоқ. Бар ғой, жыланның қабығындай жылп-жылп еткен жауап берсең де болады, бермесең де болады деген былқылдақ сөйлем тұруы мүмкін. Оны компания заңгерлері өздеріне әдемілеп икемдеп алады.
– Шындықты айту мен жауапкершілік арасында тепе-теңдікті сақтап жүрміз бе?
– Журналистиканы үлкен әлем десек,сол журналистиканың ең күрделі сұрағы осы шығар. Шындықты айту – міндет. Бірақ шындықты жеткізудің де мәдениеті бар. Кейде бір деректі жариялау арқылы қоғамға пайда келтіресіз, кейде біреудің тағдырына зиян тигізуіңіз мүмкін. Сондықтан журналист тек шындықтың жаршысы ғана емес, сонымен бірге ардың күзетшісі болуы керек.
– «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» интернет заманында журналистің беделі бұрынғыдай ма? Әлде әлеуметтік желі журналистикаға деген көзқарасты өзгертті ме?
– Әлеуметтік желі ақпаратты демократияландырды. Әр адам өз ойын айтып, өз аудиториясын қалыптастыра алады. Бірақ бұл журналистиканың рөлін кеміткен жоқ. Керісінше, жалған ақпарат көбейген сайын кәсіби журналистикаға деген қажеттілік артады. Қазір журналистің міндеті тек хабар жеткізу емес, ақпаратты сүзгіден өткізіп, оның шындығын анықтау.
Иә, бүгінгі БАҚ тез әрі ұшқыр. Бірақ ақсап жатқан тұсы көп. Тақ-тұқ еткен құрғақ ақпарат. Талдау, сараптама жоқ. Деректерге сілтеме жасалмайды. Сөйлемдер сауатсыз жазылады.
– Бұрын да жеделдік маңызды еді, қазір жылдамдық бірінші орынға шықты. Бірақ бұл сапаға кері әсер етіп жатыр деп ойламайсыз ба?
– Әсер етіп жатыр. Ақпаратты бірінші болып жариялау жарысы кейде оның дұрыстығын тексеруге мүмкіндік бермейді. Алайда журналистиканың басты қағидасы өзгерген жоқ: дұрыс ақпарат жылдам ақпараттан маңыздырақ. Қателескен жаңалық бірнеше минутта таралады, бірақ оның салдары жылдар бойы сақталуы мүмкін.
– Бұрынғыдай газет-журналдың да таралымы көп емес. Электронды БАҚ-тың дәурені туды. «Газетті иіскеп оқимыз» дейтіндердің заманы өтті. Газет-журнал қоғамға керек пе?
– Қағаз бен электронды форматтың тартысы бар екені ақиқат. Ақпараттың негізгі бөлігін интернеттен алатынымыз да айдай шындық. Дегенмен ондағы шындық сапаның белгісі бола ала ма? Ақпаратты алғашқы болып хабарлай салу сапаның белгісі дей аламыз ба? Оған мысал кеше ғана «Кеген ауданында полицейді өртеді» деген хабардың анық-қанығына жетпей жатып желдей есуі дер едім. Осыған қарағанда заманауи заманда да шындықты зерттеу, оның ақ пен қарасына жету қағаздық нұсқадағы басылымдарда істейтін журналистердің мойнындағы жауапкершілігі, міндеті болып қалып отыр. Өйткені оқуға деген мәдениет, ақпаратты байыппен қабылдау дәстүрінің түп негізі осы газет-журналдарда дер едім.
Газет, журнал – ұлттың жады.Тарихтың құжаты. Тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы деректі баспасөз архивінен табатынымыз да өтірік емес. Тактильдік сезімнің адамдары шығармыз, бәлкім. Былтыр Жазушылар одағы ұйымдастырған жобаға қатысып, Ташкент кітапханасына барғанымда «Ақ жол», «Сана», «Шолпан», «Жас қайрат», «Денсаулық жолы» журналдарын, ондағы халықты білім мен мәдениетке жетелейтін материалдарды көргенде бір өзгеше күйге түстім. Ғажаптандым. Алтын сандық тапқандай қуандым. Мен ғана сондаймын ба, электронды нұсқадағы дүниелердің өзегін ұстап қала алмаймын, авторын лезде ұмытып қаламын. Мүмкін, біз Шер-ағаңдардың «Елім, саған айтам, Елбасы, сен тыңда!» деп «Алтын сандықтың кілті кімде?», «Сатылмаған не қалды?», «Әкімдер ойланар ма екен» деп ащылау жазатын дүниелеріне әбден бой үйретіп алғандардың санатынан ба екенбіз?
Газет-журналдың қоғамға электронды нұсқадағы құралдардан гөрі байыпты қызмет ететінін айналамыздағы өзіміз қызыға қарайтын елдердің мысалдарынан да анық байқауға болады. АҚШ пен Ұлыбританиядағы The Speatator журналы, Аустралиядағы The Area News, Goulburn Post журналдары қағаз форматқа қайта көшіп алды деген деректі оқыдық. Германия мен Италия да газет-журналдарын жоғары сапалы люкс өнім ретінде шығарып отырған көрінеді. Сондықтан «газет-журналдардың дәурені өтті» деген әңгіме жеңіл ауыздылардың әңгімесі-ау.
– «Әлеуметтік желінің күші журналистикадан мықты боп тұр» деген пікір де бар. Бұған қалай қарайсыз? Мұның кемшін тұсы да бар секілді. Жалпы журналистиканың қалыптасқан мектебін сақтап қалу үшін не істеген абзал?
– Ең алдымен, журналистиканың кәсіби стандарттарын сақтау керек. Фактіні тексеру, дереккөзбен жұмыс істеу, этика нормаларын ұстану – бұлар өзгермейтін құндылықтар. Университеттерде де, редакцияларда да осы мектептің сабақтастығын үзбеу маңызды. Әлеуметтік желі құрал ғана, ал журналистика – мамандық.
– Кезінде ғалым Тауман Амандосов қыздардың журналистикаға келгенін қаламайтын дейтін еді. Қазір керісінше, журналистикада қыздардың қатары артты. Алғы шепте жүрген де солар. Олардың бұл салаға көптеп келуі журналистиканың сипатын өзгерте алды ма?
– Әйел журналистердің көбеюі журналистиканы байыта түсті деп ойлаймын. Олар көптеген мәселеге өзгеше қырынан қарайды. Нәзіктік пен табандылықты қатар алып жүреді. Қоғамдағы отбасы, бала тәрбиесі, әлеуметтік мәселелер сияқты тақырыптардың тереңірек ашылуына да әйел журналистердің үлесі зор.
– Журналистикада жүрген жастардың бойынан қандай артықшылық байқайсыз? Өткенмен салыстырасыз ба?
– Бүгінгі жастардың мүмкіндігі көп. Олар технологияны еркін меңгерген, бірнеше платформамен қатар жұмыс істей алады. Әлемдік тәжірибеге де қолжетімді. Бірақ кейде тәжірибенің орнына жылдамдыққа сүйеніп кететін тұстары байқалады. Алдыңғы буыннан үйренетін нәрсе – төзім мен ізденіс, зерттеу жүргізу, сараптама жасау дер едім.
– Жастар демекші, қазір басылымнан нені оқығыңыз келеді? Жастар неге көбірек қалам сілтегені дұрыс?
– Мен қазақ баспасөзінен жастардың шынайы өмірі, жетістігі мен мәселелері туралы сапалы материалдарды көбірек оқығым келеді. Сондай-ақ қоғамдағы маңызды өзгерістерді талдап, оқырманға ой салатын мақалалар қызықтырады. Ал жастар тек мәселені көтеріп қоймай, жаңа идеялар, мүмкіндіктер мен шешімдер туралы көбірек жазғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені журналистиканың мақсаты – ақпарат беру ғана емес, қоғамның дамуына ықпал ету.
– Қалам ұстаған буын жадынан шығармайтын дүние?
– Қалам – жай құрал емес, аманат, кие, қасиетті қару. Журналист қандай заман келсе де ақиқатқа адал болуды, адам тағдырына құрметпен қарауды, ұлттың сөзін сөйлеуді ұмытпауы керек. Техника жаңара береді, платформалар өзгере береді. Бірақ қоғамға шындықты жеткізу миссиясы ешқашан ескірмейді.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС