in

19 шілдеге арналған ауа райы: қатты ыстық, найзағай, дауылға байланысты ескерту жарияланды

«Қазгидромет» РМК 19 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялап, елдің басым бөлігінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Синоптиктердің мәліметінше, көптеген өңірде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі. Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында кей жерлерде қатты жаңбыр жаууы мүмкін.

Сонымен қатар Қызылорда, Ұлытау, Қарағанды, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында аптап ыстық сақталады. Қызылорда облысында ауа температурасы күндіз 40–44 градусқа, Ұлытауда 36–39 градусқа, Қарағандыда 35–37 градусқа дейін көтеріледі.

Бірқатар өңірде желдің екпіні 15–20 м/с, кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін жетеді. Жетісу облысындағы Алакөл көлдері ауданында қатты жел күтіледі.

Сондай-ақ Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және өзге де бірқатар облыстарда жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын сақтауға шақырды.