in

Асанәлі Әшімовтің бауырына басқан қызы марқұм Сағи Әшімовті еске алып, жан тебірентерлік жазба жариялады

Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің асырап алған қызы Жанна Өнербаева әлеуметтік желіде өмірден ерте өткен актер Сағи Әшімовтің туған күніне орай әсерлі жазба жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жанна Өнербаева ағасының тірі болғанда 65 жасқа толатынын айтып, оның 38 жасында өмірден өткенін еске алды. Ол Сағи Әшімовті «аққан жұлдыздай жарқ етіп өткен талант» деп сипаттап, сағынышын жеткізді.

Өнербаеваның айтуынша, оны кішкентай кезінде қазақы дәстүрмен Асанәлі Әшімовтің отбасына бауырына басып өсірген. Сол шаңырақта Мәди және Сағи Әшімовтермен бірге өсіп, олардың қамқорлығын көрген.

Ол Сағи Әшімовтің өзін мектепке жетектеп апарып, сабаққа көмектескенін, кейін театр саласын таңдағанда да әрдайым қолдау білдіріп, ағалық қамқорлығын аямағанын ерекше ықыласпен еске алды.

«Тірі жүрсе, театр мен кинода әлі талай жарқын бейне сомдар еді. Жаның жаннатта болсын, жаным ағам!», – деп жазды Жанна Өнербаева.