Жалдық сипаттағы Байқоңыр қаласында Құрылтай депутаттарының сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Сайлау учаскелеріне келушілер қарасы қалың, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Соның бірі – Байқоңыр қаласындағы №122 сайлау учаскесіне ерекше киімдегі сайлаушы келіп, көпшіліктің назарын аударды. Қала тұрғыны саяси науқанға ғарышкер костюмін киіп келіп, өзінің азаматтық таңдауын жасады. Ерекше образ сайлау учаскесіндегі жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Тұрғындар ғарышкер кейпіндегі азаматпен естелік суретке түсіп, жылы лебіздерін білдірді. Бұл көрініс Байқоңырдың ғарыштық келбетімен астасып, көпшілік үшін есте қаларлық сәтке айналды.
Айта кетейік, Байқоңыр қаласында жалпы 18 592 дауыс беруші сайлаушылар тізіміне енгізілген. Қаладағы 11 сайлау учаскесінде 83 комиссия мүшесі қызмет атқарып жатыр. Барлық учаске таңғы сағат 6.00-де өз жұмысын бастап, дауыс беруге келген тұрғындарды қабылдауда.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы