– «Жібек жолы туралы аңыз» мультфильмі түсіріліп бітті ме? Бұл жоба көрерменге қашан ұсынылады?
– Әңгімені әріден бастасам, мен Мәскеуде Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында оқыған, Әмен Қайдаровтан тәлім алған соңғы шәкірттерінің бірімін. Анимация саласына келуімнің сыры да осында. Ал «Жібек жолы туралы аңыз» мультфильмін түсіру идеясы қайдан шықты дегенге келер болсақ, маған тарихи дүниелерді оқыған көбірек ұнайды. Біз тарихқа, тарихи шығармаларға көп дендей бермейміз. Тарихи құндылықтарымызды да енді түгелдеп жатырмыз. Бұл мультфильм осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында түсірілді. Бұйырса, күзге қарай көрерменге ұсынылатын болады.
– Анимациялық фильмнің идеясы Жібек жолына қатысты секілді. Бұл жобаны таңдауыңыздың сыры неде?
– Си Цзиньпин 2014 жылы Астанаға келген сапарында «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыратын болып, келісімге келдік. Бұл яғни байырғы Жібек жолын қайта дамытудың жаңа белесі еді. Сол жолы маған ерекше идея келді. Мақсат – бәрімізге белгілі Жібек жолы туралы, сол жолдың бойындағы қазақ даласы туралы жоба жасау. Сол 2014 жылдан 2024 жылға дейін бұл жобаның 4-5 нұсқасы болды. 2024 жылы «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына» ұсынып көрдім. Жоба питчингтен өтіп, түсірілімге жолдама алды. Анимация саласы идеологиялық майдан ғой. Шығыс пен Батыс ортасына көпір салу мәселесін ойлап жүргем. Өткенді де қозғап, бүгінгі күнмен аяқтауды мақсат тұттым. Мультфильм кейіпкерлерін де өткен заманмен байланыстырып (киім, шаш үлгісін), соған реңк беруге тырыстық. Яғни заманауи стильді қолдандым. Авторы өзім болғанымен, режиссураға да атсалысып отырдым. Бейнелеу шешімі жағынан «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» да ешқандай кедергі жасаған жоқ.
– Бұл мультфильм заманауи форматта түсірілді ме?
– Иә, жоба бүгінгі анимация талаптарына сай заманауи технологиялармен әзірленіп жатыр. Дегенмен оның өзегінде ұлттық рух пен тарихи негіз сақталған. Оқиға желісі бойынша жолға шыққан керуенге ханның туған бауыры опасыздық жасайды. Сол аласапыранда жаңа туған Жібек есімді қызды айдаһар алып кетіп, тауға апарады. Осылайша, бесіктегі сәби туған жерінен жырақта өседі.
Мультфильмде түркі дүниесінің сұлу да қайсар қызының тағдыры арқылы адалдық, батылдық, елге деген сүйіспеншілік секілді мәңгілік құндылықтар көрініс табады. Бұл – бір жағынан, тарихи аңызға негізделген шығарма болса, екінші жағынан, балалардың танымына лайықталып, көркем тілмен баяндалған туынды.
Фильмдегі әр кейіпкердің өзіндік символдық мәні бар. Әсіресе Жібек образы қазақ қызының тек сұлулығын ғана емес, оның қайсар мінезін, рухының беріктігін, елдік қасиетін бейнелейді. Біз көрерменге жай ғана қызықты оқиғаны емес, ұлттық дүниетаным мен тәрбиелік құндылықтарды қатар ұсынуды мақсат еттік.
– Бұған дейін де мемлекеттік тапсырыспен анимациялық фильмдер түсіріліп жүр. Дегенмен бұл сала әлі де ақсап тұрған секілді. Біздегі аниматор мамандардың ең үлкен проблемасы неде?
– Әмен Қайдаров сынды ұлт анимациясының негізін қалаған тұлғалар бізге үлкен аманат қалдырды. Ол кісі өз мектебін қалыптастырып қана қойған жоқ, осы саланы кейінгі буынның лайықты жалғастыратынына сенді. Біз сол сенімге жауап беруіміз керек.
Анимация – киноның бір тармағы ғана емес, өзіндік заңдылығы, өзіндік тілі бар күрделі өнер. Ол уақытпен бірге үздіксіз жаңарып, технологиямен қатар дамып отыруға тиіс. Бүгінде әлемде жасанды интеллект, виртуалды өндіріс, жаңа визуалдық шешімдер қарқынды дамып жатыр. Егер біз осы үдерістен қалып қойсақ, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті туындылар жасау қиынға соғады.
Өкінішке қарай, біздегі ең үлкен мәселе – жүйелі маман даярлау ісінің әлсіздігі. Дарынды жастар жеткілікті, бірақ олардың кәсіби деңгейде білім алып, тәжірибе жинақтайтын ортасы аз. Аниматор, сценарист, сториборд суретшісі, кейіпкер дизайнері, 3D-модельдеуші, визуалды эффект мамандары сияқты бағыттардың бәрі бірдей дамымаған. Соның салдарынан көптеген жобада кәсіби кадр тапшылығы сезіледі.
Сондықтан елімізде аниматорларды даярлайтын арнайы білім беру бағдарламаларын көбейту, шығармашылық зертханалар мен өндірістік студияларды дамыту қажет. Бұл салаға мемлекет, жоғары оқу орындары және жеке студиялар бірлесе қолдау көрсеткенде ғана нәтиже болады.
Біз шетелдің озық тәжірибесін де тиімді пайдалануымыз керек. Мәселен, Ресейдегі БМКИ-тің анимация мектебінің тәжірибесі немесе Қытайдың технологиялық жетістіктері біз үшін жақсы үлгі бола алады. Бірақ ең басты мақсат – біреуді қайталау емес, сол тәжірибені ұлттық дүниетаныммен ұштастырып, қазақ анимациясының өзіндік мектебін қалыптастыру.
Мен үнемі бір нәрсені айтып жүремін: қазақ анимациясы бір орында тұрып қалмауы керек. Бізде ұлттық ертегілер де, тарихи кейіпкерлер де, балаларға айтар тағылымды дүниелер де жеткілікті. Ендігі міндет – сол мол мұраны заманауи технологияның мүмкіндігімен ұштастырып, әлемдік деңгейдегі сапалы анимациялық туындылар жасау.
– Жыл сайын аниматорлар қанша фильм түсіріп үлгереді?
– Мамандар көбейсе, анимациялық орталықтар болса, мультфильмдерді көптеп түсіруге болады. Бұрын анимация саласында қолмен сурет салатынбыз. Яғни қолмен кілем тоқығанмен бірдей болатын. Кезінде сурет сала білмейтін, техниканы меңгерген кейбір азаматтар аниматор болып кеткені бар еді. Қазір жасанды интеллект келді де, сурет сала білмейтін мамандар шетке шығып қалды. Біздің мақсатымыз – жасанды интелектінің қолынан келмейтін, оның миына кіріп шықпайтын, бейнелеу шешімін қолға алу. Сол себепті де, анимация саласын сурет сала алатын мықты мамандарға беру керек деп ойлаймын.
– Қазақ мультфильмдерінің ерекшелігі неде?
– 2016 жылы Америкадан келген жас зерттеушімен жүздесудің сәті түсті. Оның ғылыми еңбегі Орталық Азия мен Қазақстанның әлемдік анимация өнеріндегі орнына арналған еді. Біз оған кейінгі жылдары түсірілген отандық анимациялық жобалардың трейлерлері мен тұжырымдамаларын көрсеттік. Сонда ол қазақша: «Аға, көңілім құлазып отыр», – дегенде ерекше толқыдым. Қазақтың өзі көп айта бермейтін осындай тіркесті шетелдік азаматтың аузынан есту жүрекке ерекше әсер етті.
Ол: «Неліктен сіздер әлемдік анимацияны қайталауға ұмтыласыздар? Сіздердің өз жолдарыңыз, өз Әмен Қайдаровтарыңыз бар емес пе? Қайдаров қалыптастырған мектептің ізімен жүрсеңіздер де, ұтылмайсыздар ғой», – деді. Бұл сөз мен үшін үлкен сабақ болды. Шын мәнінде, қазақ анимациясының құндылығы – өз ұлттық болмысында, өзіндік көркемдік тілінде.
Сол себепті «Жібек» мультфильмін жасағанда «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» туындысының әуенін заман талабына сай жаңаша өңдеп қолдандық. Мұны біз қазақ анимациясының негізін қалаған Әмен Қайдаровтың шығармашылық мұрасына көрсетілген құрмет әрі ұлттық анимация дәстүрінің жалғастығы деп қабылдаймыз.
– Анимация саласына жастар көп келе ме?
– Дарынды жастар өте көп. Олар дарынды ғана емес, білімді, жан-жақты болып өсіп келеді. Бүгінде қазақ жастары әлемдік анимация индустриясындағы жаңалықтарды жіті бақылап, заманауи технологияларды тез меңгеріп жатыр. Көпшілігі 3D модельдеу, визуалды эффектілер, кейіпкер жасау, сценарий жазу сияқты бағыттарды өз бетінше де үйреніп, халықаралық деңгейдегі жұмыстарды зерттейді. Ең бастысы – олардың қиялы ұшқыр, ұлттық дүниетанымы берік. Егер осы талантты жастарға кәсіби білім, тәжірибе жинақтайтын орта және өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берілсе, қазақ анимациясының болашағы өте зор деп сенемін.
Олардың арасында ерекше атап өткім келетіні – шәкіртім Абзал Еңсебаев. Абзалдың жасы – қазір 35-те. Оның дарыны бөлек, әлем деңгейіне шығатындай-ақ талантты жігіт. Мұндай жігіттер аз емес, көп. Олар бар кезде қазақ анимация саласы өсіп-өркендей береді.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС