in

Ғали Мырзашев, аниматор: Қазақ анимациясының құндылығы – ұлттық болмыста

 – «Жібек жолы туралы аңыз» мульт­фильмі түсіріліп бітті ме? Бұл жоба  көрер­менге қашан ұсын­ылады?

– Әңгімені әріден бастасам, мен  Мәскеуде Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография инсти­тутында оқыған, Әмен Қайдаровтан тәлім алған соңғы шәкірттерінің бірімін.  Анимация сала­сына келуімнің сыры да осында. Ал «Жібек жолы туралы аңыз» мультфильмін түсіру идея­сы қайдан шықты дегенге келер болсақ, маған тарихи дүние­лерді оқыған көбірек ұнайды. Біз тарихқа, тарихи шығармаларға көп дендей бермейміз. Тарихи құндылық­тарымызды да енді түгелдеп жатырмыз. Бұл мульт­фильм  осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында түсірілді. Бұйырса, күзге қарай көрерменге ұсынылатын болады.

– Анимациялық фильмнің идея­сы Жібек жолына қатысты секілді. Бұл жоба­ны таңдауыңыз­дың сыры неде?

– Си Цзиньпин 2014 жылы Астанаға келген сапарында «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыратын болып, келі­сімге келдік. Бұл яғни байырғы Жібек жолын қайта дамытудың жаңа белесі еді. Сол жолы маған ерекше идея келді. Мақсат – бәрімізге белгілі Жібек жолы туралы, сол жолдың бойындағы қазақ даласы туралы жоба жасау. Сол 2014 жыл­дан 2024 жылға дейін бұл жобаның 4-5 нұсқасы болды. 2024 жылы «Ұлттық кино­­ны қолдау мемлекеттік орта­лығына» ұсынып  көрдім. Жоба питчингтен өтіп, түсірілім­ге жолдама алды. Анимация саласы идеологиялық майдан ғой. Шығыс пен Батыс ортасына көпір салу мәселесін ойлап жүр­гем. Өткенді де қозғап, бүгінгі күнмен аяқтауды мақсат тұттым. Мульт­фильм кейіпкерлерін де өткен заманмен байланыстырып (киім, шаш үлгісін), соған реңк беруге тырыстық. Яғни заманауи стильді қолдандым. Авторы өзім болғанымен, режиссураға да атсалысып отырдым. Бейнелеу шешімі жағынан «Ұлттық кино­ны қолдау мемлекеттік орталы­ғы» да ешқандай кедергі жасаған жоқ. 

– Бұл мультфильм заманауи форматта түсірілді ме?

– Иә, жоба бүгінгі анимация талап­тарына сай заманауи тех­нологиялармен әзірленіп жатыр. Дегенмен оның өзегінде ұлттық рух пен тарихи негіз сақталған. Оқиға желісі бойынша жолға шыққан керуенге ханның туған бауыры опасыздық жасайды. Сол аласапыранда жаңа туған Жібек есімді қызды айдаһар алып кетіп, тауға апарады. Осылайша, бесік­тегі сәби туған жерінен жырақта өседі.

Мультфильмде түркі дүниесі­нің сұлу да қайсар қызының тағдыры арқылы адал­дық, ба­тыл­дық, елге деген сүйіспен­шілік секілді мәңгілік құндылық­тар көрі­ніс табады. Бұл – бір жағынан, тарихи аңызға негіз­дел­ген шығарма болса, екінші жағынан, балалардың танымына лайық­талып, көркем тілмен баяндалған туынды.

Фильмдегі әр кейіпкердің өзіндік сим­волдық мәні бар. Әсіресе Жібек образы қазақ қызы­ның тек сұлулығын ғана емес, оның қайсар мінезін, рухы­ның беріктігін, елдік қа­сиетін бейнелейді. Біз көрерменге жай ғана қызықты оқиғаны емес, ұлттық дүниетаным мен тәрбие­лік құнды­лықтарды қатар ұсыну­ды мақсат еттік.

– Бұған дейін де мемлекеттік тапсы­рыспен анимациялық фильм­дер түсіріліп жүр. Дегенмен бұл сала әлі де ақсап тұрған секілді. Біздегі аниматор маман­дардың ең үлкен проблемасы неде?

– Әмен Қайдаров сынды ұлт анима­циясының негізін қалаған тұлғалар бізге үлкен аманат қал­дырды. Ол кісі өз мекте­бін қалып­тастырып қана қойған жоқ, осы саланы кейінгі буын­ның лайық­ты жалғас­тыратынына сенді. Біз сол сен­ім­ге жауап беруіміз керек.

Анимация – киноның бір тармағы ғана емес, өзіндік заң­ды­лығы, өзіндік тілі бар күрделі өнер. Ол уақытпен бірге үздіксіз жаңарып, технологиямен қатар дамып отыруға тиіс. Бүгінде әлемде жасанды интеллект, вир­туалды өндіріс, жаңа визуал­дық шешімдер қарқынды дамып жатыр. Егер біз осы үдерістен қалып қойсақ, халық­аралық дең­гейде бәсекеге қабілетті туын­дылар жасау қиынға соғады.

Өкінішке қарай, біздегі ең үлкен мәселе – жүйелі маман даярлау ісінің әлсіздігі. Дарынды жастар жеткілікті, бірақ олардың кәсіби деңгейде білім алып, тәжірибе жинақтайтын ортасы аз. Ани­ма­тор, сценарист, стори­борд суретшісі, кейіпкер дизайн­ері, 3D-модельдеуші, визуалды эффект мамандары сияқты ба­ғыт­тардың бәрі бірдей дамы­ма­ған. Соның салдарынан көптеген жобада кәсі­би кадр тапшылығы сезіледі.

Сондықтан елімізде ани­ма­торларды даярлайтын арнайы білім беру бағдар­ла­маларын көбейту, шығармашылық зерт­ханалар мен өндірістік студия­ларды дамы­ту қажет. Бұл салаға мемлекет, жо­ғары оқу орындары және жеке студиялар бірлесе қолдау көрсеткенде ғана нәтиже болады.

Біз шетелдің озық тәжірибе­сін де тиімді пайдалануымыз керек. Мәселен, Ресейдегі БМКИ-тің  анимация мекте­бі­нің тәжірибесі немесе Қытай­дың техноло­гиялық жетістіктері біз үшін жақсы үлгі бола алады. Бірақ ең басты мақсат – біреу­ді қайталау емес, сол тәжірибені ұлттық дүниетаныммен ұштас­тырып, қазақ ани­мациясының өзіндік мектебін қалып­тас­тыру.

Мен үнемі бір нәрсені айтып жүремін: қазақ анимациясы бір орында тұрып қалмауы керек. Бізде ұлттық ертегілер де, тарихи кейіпкерлер де, балаларға айтар тағылымды дүниелер де жеткі­лікті. Ендігі міндет – сол мол мұраны заманауи техно­логияның мүмкіндігімен ұштастырып, әлемдік деңгейдегі сапалы ани­ма­циялық туындылар жасау.

– Жыл сайын аниматорлар қанша фильм түсіріп үлгереді?

– Мамандар көбейсе, анима­циялық орталықтар болса, мульт­­фильмдерді көптеп түсіруге болады. Бұрын анимация сала­сында қолмен сурет сала­тынбыз. Яғни қолмен кілем тоқығанмен бірдей болатын. Кезінде сурет сала білмейтін, техниканы мең­гер­ген кейбір азаматтар анима­тор болып кеткені бар еді. Қазір жасанды интеллект келді де, сурет сала білмейтін мамандар шетке шығып қалды. Біздің мақса­тымыз – жасанды интелек­тінің қолынан келмейтін, оның миына кіріп шықпайтын, бейне­леу шешімін қолға алу. Сол се­беп­ті де,  анимация сала­сын сурет сала алатын мықты маман­дарға беру керек деп ойлаймын. 

– Қазақ мультфильмдерінің ерекшелігі неде?

– 2016 жылы Америкадан келген жас зерттеушімен жүзде­судің сәті түсті. Оның ғылыми еңбегі Орталық Азия мен Қазақ­станның әлемдік анимация өнеріндегі орнына арналған еді. Біз оған кейінгі  жылдары түсі­рілген отандық анима­циялық жобалардың трейлерлері мен тұжырымдамаларын көрсеттік. Сонда ол қазақша: «Аға, көңілім құлазып отыр», – дегенде ерекше толқыдым. Қазақтың өзі көп айта бермейтін  осындай тіркесті шетелдік азаматтың аузынан есту жүрекке ерекше  әсер етті.

Ол: «Неліктен сіздер әлемдік анима­ция­ны қайталауға ұмты­ласыздар? Сіз­дердің өз жолда­рыңыз, өз Әмен Қайдаров­тарыңыз бар емес пе? Қайдаров қалып­тастырған мектептің ізі­мен жүрсеңіздер де, ұтыл­май­сыздар ғой», – деді. Бұл сөз мен үшін үлкен сабақ болды. Шын мән­інде, қазақ анимация­сының құнды­лы­ғы – өз ұлттық болмы­сында, өзіндік көркемдік тілінде.

Сол себепті «Жібек» мульт­фильмін жа­са­ғанда «Қарлы­ғаштың құйрығы неге айыр?» туындысының әуенін заман тала­бына сай жаңаша өңдеп қол­дандық. Мұны біз қазақ анима­циясының негізін қалаған Әмен Қайдаровтың шығарма­шы­лық мұрасына көрсетілген құрмет әрі ұлттық анимация дәстүрінің жалғастығы деп қабыл­­даймыз.

– Анимация саласына жастар көп келе ме?

– Дарынды жастар өте көп. Олар дарынды ғана емес, білімді, жан-жақты болып өсіп келеді. Бүгінде қазақ жастары әлемдік ани­мация индустриясындағы жаңалықтарды жіті бақылап, заманауи технологияларды тез меңгеріп жатыр. Көпшілігі 3D модельдеу, визуалды эффектілер, кейіпкер жасау, сценарий жазу сияқты бағыттарды өз бетінше де үйреніп, халықаралық деңгейдегі жұмыс­тарды зерттейді. Ең бастысы – олардың қиялы ұш­қыр, ұлттық дүниетанымы берік. Егер осы талантты жастарға кәсіби білім, тәжірибе жинақ­тайтын орта және өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріл­се, қазақ анимациясының бола­шағы өте зор деп сенемін.

Олардың арасында ерекше атап өткім келетіні – шәкіртім Абзал Еңсебаев. Аб­зал­дың жасы – қазір 35-те. Оның дары­ны бөлек, әлем деңгейіне шыға­тындай-ақ талантты жігіт. Мұн­дай жігіттер аз емес, көп. Олар бар кезде қазақ анимация саласы өсіп-өркендей береді. 

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС