Aikyn.kz қауіпсіздік ескертулерін OpenAI елемеді деген айыптың сотта қаралуын Axios.com материалына сілтеме жасап талдайды.
Бұл іс АҚШ-тағы жасанды интеллект индустриясы үшін тағдыршешті болуы мүмкін. Флорида OpenAI-ге қарсы талап қойған алғашқы штат болып отыр. Бұған дейін Meta және Snapchat сияқты технологиялық алпауыттар да штаттық деңгейде сотқа тартылған болатын.
Флорида билігінің шағымында OpenAI қауіпсіздік жөніндегі мамандардың ескертулерін елемеді деген айып тағылған. Құжатта ChatGPT зорлық-зомбылық әрекеттеріне жанама ықпал етіп, психологиялық тұрғыдан осал адамдарға зиян келтіретіні айтылған.
Прокуратура компанияны немқұрайлылық танытты және Флоридадағы әділетсіз әрі алдамшы коммерциялық тәжірибеге қарсы заңдарды бұзды деп айыптауда.
Шағымда нақты мысалдар да келтірілген. Соның бірі – Оңтүстік Флорида университетінің екі магистрантының өліміне қатысты іс. Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті қылмыс жасағаннан кейін мәйіттерден қалай құтылуға болатынын ChatGPT-ден сұраған. Сонымен қатар билік ChatGPT-ді қолданған кейбір адамдар өзіне қол жұмсау туралы ойларға барғанын немесе қауіпті әрекеттер жасағанын алға тартуда.
Бұл мәселе Флоридада бұрыннан талқыланып келеді. Штат губернаторы Рон Десантис биыл екі рет жасанды интеллект технологияларын шектеуге бағытталған бастамалар ұсынған. Алайда бұл ұсыныстар заң шығарушы органда қолдау таппады. Сарапшылар бұны технологиялық компаниялардың ықпалымен және Вашингтондағы саяси қарсылықпен байланыстырады.
Даудың тағы бір себебі – Флорида штаты университетінде болған атыс оқиғасы. Тергеу барысында шабуыл жасаған адамның оқиға алдында ChatGPT-мен кеңескені анықталған. Осыдан кейін сәуір айында Флорида прокуратурасы OpenAI қызметіне қатысты қылмыстық тергеу бастаған болатын. Бас прокурор Джеймс Утмайер бұл тергеудің әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.
«OpenAI мен Сэм Альтман қауіпсіздікке қатысты ішкі және сыртқы ескертулерді елемеді. Олар балаларды үлкен қауіпке ұшыратып, қауіпті өнімді миллиондаған Флорида тұрғындарына таратты», – дейді Утмайер ресми мәлімдемесінде.
Бұл іс жасанды интеллект саласындағы жауапкершілік мәселесін қайта көтеріп отыр. Соңғы жылдары ChatGPT сияқты жүйелер миллиардтаған адам пайдаланатын құралға айналғанымен, олардың қоғамға әсері, қауіпсіздігі және заңдық жауапкершілігі туралы пікірталас күшейе түсуде. Егер Флорида сотта жеңіске жетсе, бұл АҚШ-тағы ЖИ индустриясын реттеудің жаңа кезеңінің бастауы болмақшы.