in

Күнделікті өмірді жеңілдететін технологиялық шешім жасауға қызығамын – Зуриад Батырбек

Атап айтсақ, INFOMATRIX-ASIA 2026 халықаралық конкурсында  AI Programming  секциясы бойынша қоланы иеленіп, Алматыдағы Energy University оқу грантын ұтып алды. Үш номинация бойынша Cinema Solutions Challenge сыйлығының иегері. Startup Mangystau байқауында 2 миллион теңге грантын жеңіп алды. Бүгінде бұл жобаны толық қаржыландыруын еліміздің Туризм және спорт министрлігі қарастырып жатыр.

Зуриад Батырбектің айтуынша, Nomad Visit атты туристік мобильді қосымшасы туристерге бірнеше минут ішінде өзіне ыңғайлы дайын маршрут құруға көмектеседі.

 – Қолданушы өзінің қызығушылығын, бюджетін және уақытын көрсетеді, ал жүйе жасанды интеллект арқылы соған сәйкес жеке ұсыныстарды береді, – деген 17 жастағы оқушы мұны басына іс түскеннен туындағанын жеткізді.   – Еліміздің Алматы немесе Астана секілді мегаполистерінде ғана емес, жалпы Қазақстанның басқа да түрлі қалаларына барған сайын қайда барарымды білмей жүрдім. Көп жағдайда адамдар жаңа қалаға немесе елге барғанда мен секілді қай жерге бару керек, қандай іс-шаралар өтіп жатыр, қай жерде тамақтанған дұрыс деген сияқты ақпаратты іздеуге уақытын көп жоғалтатыны белгілі. Оның үстіне, ақпарат әртүрлі платформаларда шашыраңқы орналасқан. Біз осы мәселені бір қосымша арқылы шешкіміз келді,  – дейді  Зуриад Батырбек. 

Жас дарын қазір жоба бастапқы идеядан өтіп, жұмыс істейтін өнімге айналып келе жатқанын айтты. Айтуынша, бұл жобаны бір өзі емес, серіктесімен бірге ойластырған екен. 

– Жобадағы серіктесім  – Нұрғазы Мерей. Толығымен 3Dпринтімен толығымен айналысқан – сол. Осы жобамен еліміздің туризм саласының дамуына үлес қосамыз деп сенеміз, – дейді ол.

Зуриад Батырбек өзінің бұл жолға түсуіне жан-жақты дамып, үлкен мүмкіндікке жол ашқан білім ордасы деп санайды. Ол Назарбаев Зияткерлік мектебінде академиялық білім ғана емес, зерттеу, жобалық жұмыс, сыни ойлау және көшбасшылық қабілеттерді   дамытатынын тілге тиек етті. 

– Мен үшін Назарбаев Зияткерлік мектебі – идеяларды жүзеге асыруға, жаңа адамдармен танысуға және халықаралық деңгейдегі жобалармен айналысуға мүмкіндік беретін орта. Осындағы тәжірибе мен білім жобаларымды дамытуға да үлкен әсерін тигізді. Басында жобалармен айналыса бастағанда болашағымды IT саласымен байланыстырдым. Кейін жасанды интеллект технологияларына қызығушылығым артып, осы бағыттағы жобалармен белсенді айналыса бастадым. Ал қазір технология мен инженерияның байланысына ерекше қызығып жүрмін. Әсіресе, IoT секілді ақылды жүйелер мен адамдардың күнделікті өмірін жеңілдететін технологиялық шешімдер жасау маған өте қызық. Болашақта да технология, инженерия және инновация бағытында дамып, Қазақстанның дамуына үлес қосқым келеді, – деді Ақтау қаласының 11-сынып оқушысы. 

Өзі Ақтөбе қаласының тумасы болғанымен,  өмірінің көп бөлігі Ақтау қаласында өткен.

– Жоғары сыныпты еліміздің ең үздік мектептерінің бірінде білім алғым келді. Болашақта шетелдік жоғары оқу орындарына түсіп, сапалы білім алып, жан-жақты дамуыма жақсы мүмкіндік екенін ата-анам біліп, өз қолдауын аямады.  Осында оқи жүріп, халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысып, стартаптармен айналысуға және идеяларымды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым, – дейді Зуриад Батырбек.