in

Сеулде 23-қабатта жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы қайтыс болды

Оңтүстік Корея астанасы Сеулде құрылыс алаңында Қазақстан азаматы қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Yonhap агенттігінің мәліметінше, қайғылы оқиға 29 қыркүйекте Сеулдің оңтүстігіндегі көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан нысанда болған. Шамамен 30 жастағы қазақстандық жұмысшы ғимараттың 23-қабатындағы пәтерлердің бірінде тазалау жұмыстарына дайындалып жатқан кезде оның үстіне бетон төбенің бір бөлігі құлаған.

Оқиғадан кейін Оңтүстік Кореяның Еңбек министрлігі құрылыс алаңындағы жұмыстарды тоқтатты. Полиция мен тиісті органдар оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, отандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, қажетті көмек көрсетіп жатыр.

«Корея Республикасының құзыретті органдары оқиға бойынша тергеу амалдарын бастады. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр», – делінген СІМ хабарламасында.