Алматыда тарихы терең, рухани және мәдени мұрасы мол Түркістанға жаңа қырынан қарауға мүмкіндік беретін бірегей кітап-альбомның тұсаукесері өтті , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Алматыкітап баспасы» жарыққа шығарған тарихшы әрі зерттеуші Саттар Мәжитовтың «Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» / «Туркестан вечный и всегда новый» / «Turkestan eternal and ever new» атты үш тілдегі еңбегі көне шаһардың көпшілікке беймәлім тарихи қырларын таныстырады.
Кітап – «Алматыкітап баспасы» төрағасы Элеонора Нығметқызы Баталованың бастамасымен жарық көрген. Төрт жыл бойы дайындалған басылымға Түркістан тарихына қатысты сирек фотосуреттер, архивтік құжаттар, тарихи материалдар мен көпшілік біле бермейтін деректер енгізілген.
Түркістан туралы көп айтылып, көп жазылғанымен, көне шаһардың тарихында әлі де зерттеуді қажет ететін, көмескі тартқан талай сыр бар. Жаңа кітаптың басты ерекшелігі – осында. Автор Түркістанды тек белгілі тарихи оқиғалар мен қалыптасқан деректер аясында қарастырмай, сирек кездесетін материалдар арқылы оның тарихын жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді.
Басылымда XVII-XX ғасырлардағы шетелдік және ресейлік суретші-зерттеушілердің еңбектері, Түркістанның көне көріністері, тарихи тұлғалар, сәулет ескерткіштері мен бірегей жәдігерлер туралы мәліметтер қамтылған. Архив құжаттары мен тарихи фотосуреттер, өткен дәуірлерге қатысты деректер және бүгінгі Түркістанның көріністері бір кітапта тоғысып, шаһардың өзіндік визуалды шежіресін қалыптастырған.
Кітаптың мазмұнымен қатар, оның көркемдік безендірілуіне де ерекше мән берілген. Көне фотосуреттер, архив материалдары, тарихи мәтіндер мен заманауи фотосуреттер бір-бірін толықтырып, оқырманды әр дәуірге жетелейтін тұтас композиция түзеді.
«Алматыкітап баспасы» президенті Гаухар Айтжанқызы Саймасаева кітаптың жазылу және жарыққа шығу тарихына тоқталып, еңбектің төрт жыл бойы дайындалғанын айтты.
«Бұл кітап төрт жыл бойы жазылды. Біз үшін оның тек тарихи мазмұны ғана емес, визуалды шешімі де маңызды болды. Сондықтан Түркістанға қатысты сирек материалдар мен атақты суретшілердің еңбектерін іздеп, жинақтадық», – деді Гаухар Саймасаева.
Кітапты әзірлеу барысында Түркістанға қатысты құнды дүниелерді іздеу жұмыстары Қазақстанмен ғана шектелмеген. Мәселен, Париждегі Лувр музейінде сақталған Әмір Темірге қатысты жәдігердің суреті арнайы түсіріліп, кітапқа енгізілген.
Ал Мәскеудегі Третьяков галереясынан Түркістанға қатысты онға жуық картинаның материалдары табылған. Бұл туындылардың кітапқа енуіне күтпеген кездесу себеп болған.
Гаухар Саймасаеваның айтуынша, бір сапары кезінде ол «Шығыс еліне саяхат» атты көрмеге тап болып, сол жерден Түркістанға қатысты бірегей картиналарды кездестіреді. Кейін бұл шығармалар кітаптың мазмұнын толықтырған құнды материалдарға айналған.
Кітаптың мұқабасы да назар аудартады. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулеттік бейнесін еске түсіретін тас композиция қолданылған. Бұл көркемдік шешім басылымның Түркістанның басты тарихи-рухани символымен байланысын айқындай түседі.
Туындының тағы бір ерекшелігі – оның қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көруі. Бұл Түркістанның тарихы мен мәдени мұрасын халықаралық оқырманға таныстыруға мүмкіндік береді.
«Түркістан туралы жазуға әр азаматтың құқығы бар. Бірақ үлкен батылдық керек. Құр жазып қоймай, оны әлемге насихаттау керек. Сондықтан кітап бір емес, үш тілде жарық көріп отыр. «Кітап оқитын ұлт» деген неден басталады? Ол өзінің тарихын білетін ұлттан басталады», – дейді кітап авторы, тарихшы-зерттеуші Саттар Мәжитов.
Кітаптың халықаралық деңгейдегі маңызын айғақтайтын тағы бір дерек – басылымның биыл көктемде Түркістанда өткен халықаралық кездесулер барысында алты мемлекет басшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан естелік сыйлық ретінде табысталғаны.
Тұсаукесерге қоғам өкілдері, жазушылар, ғалымдар, тарихшылар, зерттеушілер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында кітаптың мазмұны мен жасалу тарихы таныстырылып, сирек фотосуреттер мен архивтік материалдардың ерекшелігі сөз болды.
Сондай-ақ қонақтар арасында «Мәнерлеп оқу» байқауы ұйымдастырылды. Жеңімпаз болып әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің 3-курс студенті Лағыл Намаз атанды. Үзіндіні үздік оқыған қатысушылар онлайн дауыс беру арқылы анықталып, жеңімпаздарға кітаптар сыйға тартылды.
Кештің маңызды сәттерінің бірі – кітаптың тұсаукесеріне арналған лента қию рәсімі болды. Оған «Алматыкітап баспасы» төрағасы Элеонора Баталова, баспа президенті Гаухар Саймасаева, кітап авторы Саттар Мәжитов және Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген қатысты. Олар жаңа еңбектің оқырманға кеңінен жол тартып, көпшілік сүйіп оқитын кітаптардың біріне айналуына тілектестік білдірді.
«Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» – көне шаһардың өткенін бүгінгі көзқараспен сабақтастыратын, тарихи мұраны мәтін, архивтік құжаттар мен сирек фотосуреттер арқылы сөйлететін көлемді еңбек. Кітап Түркістанның көпшілікке белгілі тарихымен қатар, біз біле бермейтін қырларын ашып, ғасырлар қойнауындағы шаһардың өзіндік келбетін жаңаша тануға мүмкіндік береді.