in

Енді АҚШ-та жүріп грин-карта рәсімдеу қиындайды

АҚШ-тың Азаматтық және иммиграция қызметі (USCIS) грин-карта рәсімдеу тәртібіне өзгеріс енгізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа талапқа сәйкес, енді уақытша визамен жүрген шетел азаматтары АҚШ аумағынан шықпай-ақ тұрақты тұруға рұқсат ала алмайды. Бұдан былай грин-карта рәсімдеу тек консулдық тәртіп арқылы жүзеге асады. Яғни, өтініш иелері АҚШ-тан шығып, құжаттарын өз еліндегі немесе басқа мемлекеттегі АҚШ консулдығы арқылы тапсыруы тиіс.

USCIS өкілдері уақытша визалар қысқамерзімді сапарларға арналғанын және оларды иммиграция құралы ретінде пайдалануға болмайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, енді ел ішінде мәртебе өзгертуге қатысты өтініштер жеке қаралып, тек ерекше жағдайларда ғана мақұлданады.

Ведомствоның айтуынша, босатылған ресурстар адам саудасы мен зорлық-зомбылық құрбандарына арналған визаларды рәсімдеуге, сондай-ақ азаматтық алу өтініштерін жедел қарауға бағытталады.