in

77 миллион теңгеге сатылған «Атырау» футбол клубы толықтай жекеменшікке өтті

«Атырау» футбол клубы толықтай жекеменшік басқаруға өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Енді клубтың 100 пайыз үлесі «Caspian Football Group» ЖШС-не тиесілі.

Бұл туралы Атырау облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы хабарлады. Өзгеріс Мемлекет басшысының кәсіби спортты дамыту және футбол клубтарын кезең-кезеңімен жекеменшік секторға беру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылған.

Жаңа инвесторлар өңір футболын дамытуға бағытталған ауқымды жоспарларын жариялады. Атап айтқанда, балаларға арналған заманауи футбол академиясын салу, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, спорттық инфрақұрылымды жаңғырту және Атырау футболының бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар клубқа қосымша инвестиция тарту арқылы материалдық-техникалық базаны күшейту, футболшыларды даярлау жүйесін жетілдіру және кәсіби футболды жаңа деңгейге көтеру жоспарланған.

Еске салайық, биыл сәуір айында «Атырау» футбол клубы 77 миллион теңгеге сатылған болатын. Осылайша клуб толықтай жеке инвесторлардың басқаруына өтіп, дамудың жаңа кезеңін бастады.