in

Спортшы-ұстаз атындағы турнир

Турнирге қатысуға рес­пуб­­лика бойынша 5 облыс­тан 12 команда: Семей қа­ла­­сынан – үш, Астана қа­­­ла­сынан – бір, Павлодар об­­­­лысы, Абай ауылы (Қара­ған­ды облысы Қарқаралы ауданы), Тарбағатай (ШҚО), Доғалаң, Шакаман және Қайнардың ауылдарынан командалар ресми өтініш берді.

Турнирді өткізуге бастама жа­саған және басты демеуші болған – Берктің әке-шешесі, Абы­ралы өңіріне белгілі ұстаз­дар Самат Сәрсенбеков пен Өзипа Жәйкенованың ұрпақ­тары мен өз отбасы. 

Турнирді ұйымдастыруға Абай облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жаңа­се­мей ауданы Қараөлең ауыл­дық округі, С.Бегалин атын­да­ғы Қайнар орта мектебінің әкім­шілігі, Қайнар ауылындағы Дене шынықтыру-сауықтыру ке­­шені (ФОК) атсалысты. Әр­түр­лі спорттық іс-шаралар өт­кі­зу тәжірибесі мол ауыл азаматы, Берк Саматұлының шәкірті Рахым Мейржанның турнирдің өте жоғары деңгейде өтуіне қос­­­қан үлесі зор. 

Туризм және спорт ми­нистрі Ербол Мырзабо­сы­нов­тың құт­тықтау хатын ве­до­мст­воның ап­парат басшысы, Берк Сама­тұлының шәкірті Рол­лан Сері­ков арнайы әкеліп та­быс­тады. Хатта: «Берк Са­мат­ұлы ауыл жағ­дайында, шек­теу­лі мүмкін­діктерге қарамас­тан, мек­теп спорт залы мен ау­ла­сын­да ғана жұмыс істеп, жа­сөс­пірімдерді спортқа баулыды. Осы қара­пайым еңбек ар­қылы ол жүзде­ген шәкіртке жол көр­сетіп, спорт­қа деген қы­зығу­шы­лықты қа­лып­тас­тыр­ды. Бұл – нағыз ұс­таздық пен жа­­на­­­­­­­­­шыр­лықтың үлгісі», – деп атап көрсетілген.

Қазақстан волейбол федерациясы атынан бірінші вице-пре­зидент А.Көбенов турнир­дің өткізілуін қолдап, арнайы құт­тықтау хат жолдады. Хатта сон­дай-ақ: «Берк Саматұлы – бүкіл еңбек жолын білім мен тәр­биеге, жас ұрпақта спортқа баулуға арнаған жоғары санатты ұстаз. Ол Қайнар өңірінде де­не шынықтыру мен спорттың да­муына зор үлес қосып, көп­те­ген шәкірт тәрбиеледі. Бұл тур­нир – тұлғаға деген құрмет, ұр­пақтар сабақтастығы және бұ­қаралық спортты дамытуға ба­ғытталған игі бастаманың ай­қын көрінісі. Қазақстан во­лей­­бол федерациясы аталған тур­нирдің жүлде қорына өз үле­­сін қосатынын білдіреді жә­не алдағы уақытта да осындай бас­тамаларды қолдауға дайын еке­нін жетізеді», – деп көрсе­ті­ле келіп, бас жүлдеге федерация атынан 1 миллион теңге ата­­ды.

Нәтижесінде, Берк Са­ма­тұлының бір туған бауыр­лары ата­ған 1 миллион тең­­геге аталмыш қара­жат қо­сы­­лып, бірін­ші орынның жүлде қоры 2 миллион болды. Сон­дық­тан да болар финалдағы ойын­дар тартысты өтті. 

Екінші орынның жүлде қо­ры­на Қайнар ауылы жастары – Берктің шәкірттері жарты мил­лион теңгені ұсынды. Берк­тің клас­тас достары үшінші орынға үш жүз мың тең­ге атады. 

Жеке үздік ойын­шыларға жүлде атаушылар – Берк Са­матұлымен ке­зін­­де бір алаңға шық­қан «доп достары» (ардагер спортшылар), әріп­тес­тері, Қайнар орта мек­тебінің әр жылғы түлектері өте көп болды. 

Турнирге сондай-ақ Абай об­лысы Дене шынықтыру жә­не спорт басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Мерей Қай­рат, Жаңасемей ауданы әкім­шілігінің өкілдері келіп, құт­тықтау сөз сөйледі.

Спортшы-ұстаздың жыл­дық асына орай 2024 жылы шы­ғарылған естеліктер кітабы ар­­қылы спортсүйер осындай ауыл­­мен етене танысқан Қа­зақ­стан волейбол федерациясы мектептің биылғы екі түлегіне Астанадағы жаңадан ашылатын Ұлттық спорт университе­тіне грант бөлді. 

Семей сынақ полигоны ір­ге­сінде орналасқан, жері тозып, елі тұрақтамауға айналған, кезінде талай жақсылар мен жай­саңдар ұшырған Қайнар ауы­лында өткізілген турнир елі­міздегі шағын ауылдардың үлкен болашағына сенімді оятты. Сайысты ұйымдастыру­шы­лар өскелең ұрпақ арасында са­лауатты өмір салты мен волейбол спортын насихаттау, ел патриоты, спортшы ұстаздың өмірі үлгісінде отансүйгіштікке, елін шынайы сүю қасиеттеріне баулу, сайыпқыран спортшылар сайысындағы ойын­дар барысында жас­тарды командалық рух, ер­кін бәсеке­лестік, тө­зім­ді­лік пен табан­ды­лық, қимыл-қоз­ғалыс ше­­бер­лі­гіне тәрбие­леу­ді мақ­­­­­­сат тұтты.

1992 жылы Семей пе­­даго­ги­калық институ­ты­ның Дене шы­­­­­нықтыру факультетін бітір­ген­нен бастап өмірінің соңына дейін 30 жылдан артық С.Бегалин атын­дағы Қайнар орта мек­­­­­тебінде табан аудармай жұ­­мыс істеген Берк Са­матұлы­ның өмір жолы – дәл осындай жан­­кеш­тілік үлгісі. Спорт­шы-ұс­таздың өзгелерден жеке ерек­­­­­шелігі – бар ғұмырын ұр­пақ тәрбиесі, ұстаздық жолға ар­­нап, спортты жан дүниесімен сүйе біліп, оны оқушыларына үй­ретіп, ерекше ыж­даһат­ты­лық­пен машық­тан­дырып жет­кізуі.

Көптеген оқушылар ұс­та­зына еліктеп, спорт үйірмесіне асқан қызығу­шы­лық­пен қатысып, кейін көп­ші­лігі спорт саласын өмірлік серік етіп, ұстаз жолын жалғас­тыр­ған. Мысалы, Н.Қабдрахманов – Қайнар ауылындағы ФОК басшысы, С.Алдабергенов, М.Иса­баев – Қайнар орта мек­тебінде (Ерлан Искаков, қай­тыс болды), М.Қаржаубаева, Р.Мәдениетов, Ұ.Жангуттин, Ғ.Қойшыбеков, С.Оспанов, Н.Қой­шыбаев – Астана қала­сындағы мектептерде, А.Болатов, Н.Абдрасилов, М.Көп­баев, А.Сандықбаев, С.Мұх­­таров – Семей қаласын­да­ғы мектептерде, А.Қайроллин – Көкентау ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәні мұ­ғалімдері. Олар сүйікті ұстаз­дарының ісін жал­­­ғап, жас ұрпақты шыңдап, тәрбиелеу жолында еңбек етуде. Мұның бәрі – Берк Самат­ұлы еңбегі, спортқа деген ұшан-теңіз махаббаты­ның жемісі.

Турнирге қатысқан Абай ауы­лы (Қарағанды, Қар­­­­қаралы ауданы), Семей қа­ласынан Абай ҰҚК (КНБ), Volley Семей, Семей Фреш, Се­мей-Көркем, Қайнар ауылы, Қай­нар Шәкірттер, Ақбұлақ ауы­лы, Доғалаң ауылы, Новопакровка ауылы, Тарбағатай ауылы (ШҚО), Шакаман ауылы командалары арасынан 1-орынды Қайнар ауылы командасы, 2-орынды Тарбағатай ауылы (ШҚО) командасы, 3-орынды Абай облысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің командасы иеленді.

Үздік ойынымен көзге тү­сіп, көрермен көзайымы атан­ған Volley Семей командасына мек­теп­тің 1999 жылғы түлектері ар­найы қаржылай жүлде тапсырды.

Жарыстың үздіктері: үздік шабуылшы Нұртөре Төлеуха­нов­қа (ҰҚКД), үздік қорғаушы Ілияс Дарабаевқа (Тарбағатай), үздік үйлестіруші Фарид Ибраев­­қа (Қайнар),  МVP үздік шабуылшы Расул Мадияровқа (Қайнар) сайысты ұйымдас­тырушылар атынан арнайы қаржылай сыйлықтар берілді.

Спорт – достық пен бірлік­тің жаршысы. Бұл турнир – тек жа­рыс қана емес, бұл – тағы­лым, бұл – құрмет, бұл – ұрпақ­қа үлгі. 

(Жасұлан ХАСЕНОВТЫҢ фотолары пайдаланылды)

Ардақ СҰЛТАН