Клубтың хабарлауынша, Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Талғат Байсуфинов маусым соңына дейін команданың бапкерлер штабына кеңесші ретінде қосылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл шешім бас бапкер Нұрбол Жұмасқалиевтің отбасылық жағдайына байланысты қызметінен өз еркімен кету туралы өтінішінен кейін қабылданған.
Клуб басшылығы бастапқыда оның шешімін өзгертуге тырысқанымен, жағдайдың маңыздылығын ескере отырып, өтінішін қанағаттандырған.
Жаңа бас бапкер қызметіне павлодарлық жанкүйерлерге жақсы таныс маман Марат Еслямов тағайындалды. Ол командаға көмекшісі Иван Азовскиймен бірге жетекшілік етеді. Екі маман да бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабында қызмет атқарған.
Сондай-ақ маусым аяқталғанға дейін павлодарлық футболдың түлегі, тәжірибелі маман Талғат Байсуфинов бапкерлер штабының кеңесшісі болады. Ол спорттық мәселелер бойынша кеңес беріп, команданың қиын кезеңнен шығуына қолдау көрсетеді.
Ал қақпашыларды дайындау жұмысына «Ертіс» клубының аңызға айналған қақпашысы Юрий Ишутин көмектеседі.
Клуб басшылығы қазіргі таңда «Ертістің» турнирлік кестедегі орны команда тарихы мен дәстүріне сай келмейтінін атап өтті. Дегенмен жаңа бапкерлер штабының көмегімен екінші айналымда жағдайды түзетіп, клубты лайықты орнына қайтаруға сенім білдірді.