– Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Сіздің ойыңызша, бұл құжаттың тарихи маңызы неде?
– Бұл Жарлық – кітап пен кітапхананың қоғамдық дамудағы орнына берілген жоғары мемлекеттік баға деп есептеймін. Құжатта кітап оқу мәдениеті мәдени саясаттың ғана емес, адами капиталды дамыту, білім беру, тәрбие және ұлттық құндылықтарды нығайтудың негізгі тетігі ретінде айқындалған. Бұл – кітапханалар қызметінің жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді.
Бүгінде әлемде ақпарат көлемі еселеп өсіп келеді. Осындай жағдайда адамның ақпаратты талдау қабілеті, сыни ойлауы, рухани дүниесі ерекше мәнге ие. Осы қасиеттердің барлығы, ең алдымен, кітап оқу арқылы қалыптасады. Сондықтан Президент бастамасы кітап оқуды насихаттаумен ғана шектелмейді. Ол – білімді, мәдениетті, жауапты азамат тәрбиелеуге бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік саясат.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы бұл бастаманы жүзеге асыруда әдістемелік, ғылыми және мәдени орталық ретінде белсенді жұмыс атқарады. Біз үшін басты міндет – кітапхананы тек кітап сақталатын орын емес, қоғамдық пікір қалыптасатын, білім мен мәдениет тоғысатын интеллектуалдық кеңістікке айналдыру.
– Президент Жарлығында жаңа форматтағы кітапханалар мен заманауи қоғамдық кеңістіктер құру міндеті қойылды. Бұл бағытта кітапханалар қандай өзгерістерге дайын болуы қажет?
– Қазіргі кітапхана түсінігі түбегейлі өзгеріп келеді. Әлемдік тәжірибеде кітапхана білім алудың, шығармашылықтың, ғылыми ізденістің және қоғамдық диалогтың маңызды алаңына айналды. Қазақстандағы кітапханалар да осы үрдістен тыс қалмайды.
Жаңа форматтағы кітапхана – бұл заманауи технологиялар енгізілген, цифрлық қызметтері дамыған, барлық жас санатына қолайлы, ашық қоғамдық кеңістік. Мұнда оқырман кітап алып қана қоймай, ғылыми дерекқорлармен жұмыс істейді, білім беру бағдарламаларына қатысады, мәдени іс-шараларға келеді, шығармашылық кездесулер өткізеді.
Ұлттық кітапхана кейінгі жылдары электрондық қорды дамытуға, сирек кітаптарды цифрландыруға, қашықтан қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөліп келеді. Алдағы уақытта бірыңғай Ұлттық цифрлық кітапхана платформасының іске қосылуы еліміздің барлық өңіріндегі оқырмандар үшін тең мүмкіндік қалыптастырады. Бұл ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтіп қана қоймай, ұлттық әдеби мұраны сақтаудың жаңа деңгейін қамтамасыз етеді.
– Жарлықта кітап оқу мәдениетін балалар мен жастар арасында қалыптастыруға ерекше басымдық берілген. Бұл міндетті жүзеге асыруда кітапханалардың рөлі қандай болуы керек?
– Кітапқа деген қызығушылық отбасында басталып, мектепте жалғасып, кітапханада тұрақты дағдыға айналуға тиіс. Сондықтан кітапханалар білім беру ұйымдарымен, ата-аналар қауымдастығымен және шығармашылық зиялы қауыммен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет.
Бүгінгі жас буынмен жұмыс істеудің әдістері бұрынғыдан өзгеше. Жастарға тек кітап ұсыну жеткіліксіз. Олармен пікірталас алаңдарын ұйымдастыру, әдеби клубтар құру, авторлармен кездесулер өткізу, оқырман марафондары мен шығармашылық жобаларды көбейту маңызды.
Президент бастамасымен қолға алынатын «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы кітап оқуды қоғамдық құндылық ретінде дәріптеуге тың серпін береді деп сенеміз. Мұндай жобалар жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, кітап оқуды беделді интеллектуалдық үрдіске айналдырады.
– Құжатта ұлттық әдеби мұраны дәріптеу, отандық авторларды қолдау және қазақ әдебиетін кеңінен насихаттау мәселелері де қамтылған. Бұл бағыттағы кітапханалардың миссиясы қандай?
– Кітапхана – ұлттық жадымыздың сақтаушысы. Біз әдеби мұраны жинақтап қана қоймай, оны қоғамға қайта ұсынатын мәдени институтпыз. Сондықтан кітапханалардың алдында ұлттық әдебиетті кеңінен таныту, сирек қорларды ғылыми айналымға енгізу, отандық авторлардың шығармаларын насихаттау міндеті тұр.
Ұлттық кітапханада жазушылардың мерейтойларына арналған көрмелер, ғылыми конференциялар, әдеби кештер, жаңа кітаптардың таныстырылымдары ішкі ереже негізінде тұрақты өткізіледі. Сонымен қатар халықаралық мәдени байланыстар арқылы қазақ әдебиетін шетелдік оқырманға таныстыру бағытындағы жұмыстар да жалғасуда.
Әдеби мұраның цифрлық форматқа көшірілуі, сапалы аудармалардың көбеюі және халықаралық ғылыми әріптестіктің дамуы ұлттық әдебиеттің әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын нығайта түседі.
– Алдағы жылдары «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң әзірленеді. Кітапхана саласы үшін бұл қандай мүмкіндіктер береді?
– Бұл – кітапхана жүйесінің құқықтық негіздерін қазіргі заман талаптарына сәйкестендіретін маңызды құжат болады деп күтеміз. Кейінгі жылдары кітапхана қызметінің мазмұны айтарлықтай өзгерді. Цифрлық ресурстар, электрондық қорлар, жасанды интеллект элементтері, қашықтан қызмет көрсету секілді бағыттар заңнамалық тұрғыдан жан-жақты реттеуді қажет етеді.
Жаңа заң кітапханалардың қоғамдағы мәртебесін күшейтіп, кітапханашы мамандығының кәсіби әлеуетін арттыруға, қорларды сақтау мен толықтырудың заманауи тетіктерін қалыптастыруға, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және оқырманға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп сенеміз.
Бұл құжат кітапхана ісінің болашақтағы дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырады.
– Президент бастамасының түпкі мақсаты – зерделі ұлт қалыптастыру. Осы мақсатқа жетуде Қазақстан кітапханалары қандай үлес қоса алады?
– Зерделі ұлт кездейсоқ қалыптаспайды. Ол үздіксіз білім алатын, кітаппен тұрақты байланыста болатын, ұлттық мәдениетін құрметтейтін және әлемдік өркениетке ашық қоғамда қалыптасады. Осындай ортаны қалыптастыруда кітапханалардың орны ерекше.
Қазақстан кітапханалары халыққа білім мен ақпаратқа тең қолжетімділік ұсынады, тарихи жадымызды сақтайды, ғылыми зерттеулерді қолдайды, мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізеді. Бұл – мемлекеттің интеллектуалдық қауіпсіздігіне қосылатын маңызды үлес.
Президенттің Жарлығы кітапхана саласының стратегиялық маңызын тағы бір мәрте айқындады. Ендігі міндет – осы бастамаларды нақты жобаларға айналдырып, әрбір азаматтың кітапқа қолжетімділігін кеңейту, оқу мәдениетін күнделікті өмір салтына айналдыру. Сонда ғана біз білімді, ойлы, рухани бай әрі бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыру жолында нақты нәтижеге қол жеткіземіз.
Президентіміздің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы – еліміздің рухани дамуы мен интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған тарихи құжат. Бұл бастама кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, кітапхана саласының қоғам өміріндегі стратегиялық маңызын айқындап берді. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер кітапхана ісінің болашағына тың серпін беріп, ұлттық құндылықтарды сақтауға, білімге негізделген қоғам қалыптастыруға берік негіз қалайды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы бұл бастамаларды жүзеге асыруға өзінің ғылыми, әдістемелік және мәдени әлеуетін толық жұмылдырады. Алдымызда оқырманға қолжетімді заманауи кітапханалық ортаны қалыптастыру, ұлттық әдеби мұраны кеңінен дәріптеу, цифрлық ресурстарды дамыту, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, өңірлік кітапханалардың әлеуетін күшейту сияқты ауқымды міндеттер тұр. Бұл жұмыстардың барлығы кітапханаларды қоғамның зияткерлік дамуына қызмет ететін заманауи білім мен мәдениет орталығына айналдыруға бағытталған.
Президент Жарлығында көзделген бірыңғай Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру, «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заңды әзірлеу, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын қабылдау, кітап оқу мәдениетін дамытудағы үздік жетістіктерді мемлекеттік деңгейде қолдау сияқты бастамалар сала үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл шешімдер кітапхана қызметінің мазмұнын жаңғыртып қана қоймай, ақпараттық тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, кітапханашы мамандығының мәртебесін көтеруге және кітаптың қоғамдағы құндылығын нығайтуға ықпал етеді.
Кітапхана – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір ғана емес, болашаққа бағдар беретін рухани институт. Зерделі ұлт, ең алдымен, кітаппен тәрбиеленеді. Сондықтан әрбір кітапхана, әрбір кітапханашы осы үлкен мемлекеттік міндеттің бел ортасында болуға тиіс.
Біз қоғамның барлық институтымен бірлесіп, кітап оқуды өмір салтына айналдыруға, жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге, ұлттық руханиятты дәріптеуге және білімге негізделген бәсекеге қабілетті Қазақстанды қалыптастыруға өз үлесімізді қоса береміз.
Президентіміз айқындаған бұл стратегиялық бағыт – бүгінгі буынның ғана емес, келер ұрпақтың интеллектуалдық келбетін қалыптастыратын маңызды бағдар. Осы жауапты міндетті жүзеге асыру жолында Қазақстан кітапханалары мемлекет пен қоғамның сенімді серіктесі болып қала береді. Біз үшін кітап – білімнің бастауы ғана емес, ұлттың рухани қуаты мен өркениетті болашағының берік тұғыры!
– Мазмұнды әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС