in

Шағын авиация – тұтастық тірегі

Бұл тұрғыда шағын ұшақ пен тікұшақ жай көлік құралы емес, мемлекет тұтастығының, территориялық бүтіндіктің кепілі. Елдің іргесі берік болуы үшін әр қиырындағы жұрты оқшауланып қалмай, бір-бірімен әуемен болса да араласқаны маңызды. Ұлан-ғайыр аумағы бар Қазақстан үшін бұл мәселе аумалы-төкпелі заманда тіпті өзекті бола түсті.

Елге әуе байланысы ауадай қажет

Президент шағын авиация мәселесін алғаш көтеріп отырған жоқ. Бұған дейін де жауапты құрылымдардан нақты нәтиже көрсетуді талап еткен. Алайда Үкіметтің биылғы кеңейтілген отырысында сол тапсырмасының орындалмай қалғанын қайта еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев міндеттің жүзеге асуына бірінші кезекте әуе көлігі отынының қымбаттығы кедергі екенін атап өтті және мұны «кешірілмейтін қателік, қарапайым тілмен айтсақ, бұл – нағыз абсурд» деп бағалады.

–Үкімет тапсырманы орындауға қау­қарсыз болса, бұл жұмысты жеке құ­рылымдарға өткізіп беріңіздер. Авиаотынның қымбаттығы осы саланың дамуына кедергі. Оның бағасы тым қымбат, көрші елдердің әуежайларындағы бағамен бәсекелесе де алмайды. Өзіміз 100 миллион тонна көле­мінде шикі мұнай өндіретін ел бола тұра, қара алтыны жоқ мемлекеттермен авиа­керосин бағасы жағынан таласқа түсе алмай отырмыз. Бұл ақылға сыймайды ғой?! – деді Қ.Тоқаев. 

Мемлекет басшысы не туралы айтып отыр? Бір ғана мысал: іргедегі Қырғызстан туристерді ел астанасы Бішкектен Тянь-Шань тауларындағы туристік базалар мен лагерьлерге, тіпті Ыстықкөл жағалауына тікұшақпен тасиды. Бір қарағанда, мұндай қызмет тек ауқаттыларға арналғандай көрінуі мүмкін. Алайда нарықтағы баға мүлде басқаша жағдайды аңғартады. Қырғызстандағы «Анур Тур» агенттігіне хабарласқанымызда, тікұшақ жалдау 2-3 адамға әр сағатына 460 долларға түсетінін түсіндірді. Немесе 20 минуттық әуе серуенінің құны 25 мың теңгеден де төмен. Өзбекстанда бұл қызмет одан да арзан – 18 мың теңгеден басталады.

Ал Қазақстандағы жағдай ше? 2025 жылғы шілдеден бастап Бурабай курортында «Бурабай – Щучинск – Қатаркөл» бағыты бойынша Robinson R-44 немесе AIRBUS AS350 тікұшақтарымен шолу турлары іске қосылды. Экскурсия небәрі 15-20 минутқа созылады, оның құны бір адамға 90 мың теңгеден асады. Көрші елдердегіден ең кемі үш-төрт есе қымбат. Ұшуларды Rixos Borovoe қонақүйі аумағындағы алаңнан жеке компания жүзеге асырады. Жергілікті тұрғындар оның ұшуларын сирек бақы­лайтынын айтады. Демек, нарықтағы сұраныс пен баға арасындағы тепе-теңдік бұзылған. Әрине, бизнес көбірек клиент тарту үшін бағаны арзандатқысы келеді, бірақ авиаотынның тоқтаусыз қымбаттауы оған мүмкіндік бермей отыр. 

Тынысы тарылып тұрған бұл саланың өрісін кеңейту мәселесімен Үкімет айналысып жатыр. Туризмді дамытудың бір тетігі ретінде шағын азаматтық авиацияны пайдалану қарастырылды. Үкімет Көлік министрлігіне бірнеше бағыт бойынша міндет жүктеді: инфрақұрылымды қайта қарау, инвесторларды тартуға жағдай жасау, қауіпсіздік мәселелерін пысықтау, сондай-ақ көршілес елдердің және алыс шетелдердің тәжірибесін зерделеу. 

Қанатсыз қалған кең дала

Бала кезде өзіміз де талай куә болдық: Ресеймен шекарадағы шет ауылдардағы аэродромдарға Ан-2, Ан-14, Як-12, Ил-14, тіпті чехословакиялық Let L-410 Turbolet шағын ұшақтары қонатын. Көк жүзінен әуе көлігін көре қалса, ауылдың қара сирақ бала-шағасы мәре-сәре болып, делебесі қозып, аэродром жаққа құйындай ұшатын. Шағын ұшақтар шалғай ауылдарға қат-қат поштаны, сағыныш толы сәлемдемелер мен зәру тауарларды, өзге де жүкті жеткізетін. Тіпті, ажалмен арпалысқан науқастың жанына араша түсетін шұғыл медициналық жәрдемнің де алтын көпірі солар еді. 

Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев ауылдардың едәуір бөлігі Астана түгіл, облыс және аудан орталықтарынан, шағын қалалардан тым қашық жатқанына назар аудартты. Мәселен, облыс орталықтарының арасындағы орташа қашықтық 300-ден 800 шақырымға дейін болса, облыс және аудан орталықтарының арасындағы қашықтық 500-ден көп шақырымды құрайды.

Оның айтуынша, бұған дейін Үкімет бұл мәселені бірнеше рет пысықтады, алайда нақты шешімді сол бойы қабылдаған жоқ. Депутат көрші елдердің ізгі үлгісін алға тартты. Мәселен, Өзбекстан шағын авиациясының желісін сақтап қалыпты. Онда ішкі рейстерді субсидиялауды, жеке компанияларға салықтық жеңілдіктер ұсынуды және жаңа әуе компанияларын құруды ынталандыратын авиация саласын дамытудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылу үстінде. Ал Қырғызстанда өңірлік әуежайларға жаппай реконструкциялау жүргізіліп, тікұшақ тасымалы жүйесі жаңа өркендеу жолына түсті.  

Бұл біздің қолымыздан келе ме? Құнт пен қаржы болса, келеді. Мұның сыртында Еуропа елдері мен АҚШ-тағы сияқты шағын әуеайлақтардың дамыған желісін түзу, жеңіл әуе кемелерін сертификаттаудың икемді рәсімдерін енгізу, саланы мемлекеттік қолдаудың түрлі тетігін қолдану күн тәртібінде тұр. Осы мәселелерді көтеріп, жуырда Мәжілістің бір топ депутаты Үкімет басшысына ұсыныспен жүгінген еді. 

«Елімізде шағын авиацияны дамыту тиісті деңгейде емес. Қазір ол негізінен санитарлық тасымалдар мен ауыл шаруа­шылығындағы жұмыстар үшін пайдаланылады. Әуе паркінің негізін ескі АН-2 ұшақтары құрайды: көпшілігі 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Кеңестік кезеңде іс жүзінде әр облыстағы барлық шалғай ауылдық аудандар облыс орталықтарымен ішкі әуе қатынасы арқылы байланысты­рылатын. Республикада сонда 50 әуежай мен әуеайлақ, 400 ұшу-қону алаңы жұмыс істе­ді», – делінген депутаттар хатында. 

Бертінде бұл инфрақұрылым негізінен жойылды. Қалпына келтіру үшін әуеайлақ­­тардың көпшілігін жаңғырту және инфра­құрылымды жаңарту талап етіледі. Депутат­тардың пайымдауынша, жүйелі мемлекеттік қолдаудың болмауы, артық реттеу мен бюрократиялық кедергі, кадрлық және инфрақұрылымдық тапшылық, қолжетімді сақтандыру тетіктерінің жоғы сияқты бірқатар мәселе сала адымын аштырмай тұр. 

Халықаралық тәжірибе шағын авиация­ның тек кешенді мемлекеттік саясат болған жағ­дайда ғана табысты дами алатынын көрсетеді. Дамыған елдерде, тіпті көршілерде тікұшақ ұшуы үшін алдын ала хабарласа жеткілікті. Қазақстанда күні бұрын тиісті құжаттар топтамасын тапсырып, рұқсат алмай әуеге көтерілсе, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екен.

Шағын авиацияның елеулі әлеуетін және халық арасындағы сұранысын ескере отырып, Мәжіліс Үкіметке бірнеше ұсыным берді. Біріншіден, ауыл-аудандардағы әуеайлақ-аэродром инфрақұрылымын жаңғыртуға, жеңіл әуе кемелері паркін жаңартуға және ішкі әуе тасымалдарын ынталандыруға бағытталған шағын авиацияны дамытудың бөлек, кешенді мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу қажет.

Екіншіден, өңірлік әуе бағыттарын субсидиялауды, жеңіл әуе кемелері мен авиациялық жабдықтарды импорттауға салықтық және кедендік жеңілдіктер беруді, сондай-ақ шағын әуеайлақтар желісін дамытуды қамтитын саланы мемлекеттік қолдаудың кешенді тетіктерін пысықтаған жөн. Үшіншіден, қажетті қауіпсіздік стан­дарттарын сақтай отырып, жеңіл әуе кемелерін пайдалану рәсімдерін оңтайландыру және жеңілдету мақсатында шағын авиация саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаға талдау жүргізу және жетілдіру ләзім. 

Ұшақ гүрілі – мемлекеттіліктің үні

Авиациялық кадрларды даярлау, авиациялық клубтар мен оқу орталықтарын дамыту, сондай-ақ шағын авиация саласында қолжетімді сақтандыру тетіктерін енгізу мәселелері де шешімін күтіп тұр. Осыдан екі жыл бұрын Президент туристерге қызмет ететін өңірлерде жаңа 3 әуежай салуды тапсырған еді. Бұл міндет де межесіне жете қоймапты. Парламент депутаттарына жауабында Премьер-министр де Мемлекет басшысының тапсырмасымен туристік өңірлерде – Зайсан, Кендірлі мен Катон­қарағайда шағын әуежайлардың құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспар­ланғанын жеткізді, бірақ нақты мерзімін айтпады. Үржар және Үшарал шағын әуежайларында ұшу-қону жолақтары реконструкцияланды, 2026 жылы терминалдарды жаңғырту жоспарланған. Балқаш әуежайы бойынша рульдеу жолына, перронға және терминалға реконструкция жүргізілді. 

– Осы аталған шаралар заманауи инфрақұрылымды қалыптастыруға, кіші авиация әуе кемелерін қабылдау үшін жағдай жасауға, ішкі авиатасымалдар желісін кеңейтуге, өңірлердің туристік әлеуетін нығайтуға бағытталған. Өңірлік авиабағыттар желісін дамыту және көліктік байланысты арттыру үшін бюджет заңнамасына жергілікті әкімдіктердің қаражаты есебінен авиа­та­сымалдарды субсидиялауды көздейтін өзге­рістер енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр, – деді О.Бектенов. 

Алайда алыс ауыл-ауданға шағын ұшақтардың қатынауын субсидиялау қазіргі бюджет тапшылығына тіреліп, тоқтауы мүмкін. Бюджетті нақтылау, соның ішінде демеуқаржы бөлу жаңа Парламент – Құрылтайдың еншісіне қалады. Сауда және интеграция министрлігі азаматтық жеңіл әуе кемелерінің импортына тарифтік жеңілдіктер беруге бастамашылық жасады. Бұған одақтың келісімі қажет екен: тиісті ұсыныстарын Еуразиялық экономикалық комиссия қарап жатқаны хабарланды.

Жалпы, жаңа Парламентті бұл саланың заңнамасын біршама жаңарту міндеті күтіп тұр. Мәселен, азаматтық авиация үшін кадрлар даярлау мамандандырылған бағдарламаларды, заманауи жабдықтарды, сертификатталған тренажерлерді және оқыту сапасын қатаң бақылауды талап етеді. Осыған байланысты Көлік министрлігі «Білім туралы» заңға тиісті түзетулерге бастамашылық жасады. 

Қазір сақтандыру компаниялары 5 жолаушыға арналған тікұшақтан 50-ден көп жолаушыға арналған ұшақпен бірдей жарна талап етеді екен. Кіші авиация саласында сақтандырудың қолжетімді тетіктерін енгізу үшін «Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауап­кершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңға әуе кемелерінің жолаушылар сыйым­дылығына байланысты сақтандыру сый­лықақыларын саралау арқылы пайда­ла­нушыларға түсетін қаржылық жүктемені төмендетуге бағытталған түзетулер әзірленді.

– Қазақстан үшін шағын авиацияның мәселесі тек туризммен шектелмейді. Бұл аймақтарды дамыту, халықтың мобильдігін арттыру, шекаралық аумақтарды сақтап қалу, ауыл мен қаланың арасын жақындату мәселесі. Ұшақтың үні өшкен жерде байланыс әлсірейді, ол кеңістікте мемлекеттің ықпалы да бо­саңсиды. Сондықтан шағын авиацияны дамыту – жай ғана көлік саясаты емес, ұлттық қауіпсіздік пен ел тұтастығына қатысты стратегиялық міндет.

Айхан ШӘРІП