Жаңа экономикалық саясат тұсында Кеңес Одағы аздап есін жинай бастаса да, 1921 және 1929-1932 жылдарда болған алапат ашаршылық миллиондаған адамның өмірін қиды. Ресей тарапы қанша мойындағысы келмесе де, Украинадағы голодомор, Қазақстандағы зұлмат ашаршылықпен қатар Ресейдің өз ішінде Еділ бойы, Солтүстік Кавказ, орталық Ресей, Татар мен Башқұрт Республикалары және Қиыр Шығыста миллиондаған адам ашаршылық шеңгеліне ілініп, ел аман, жұрт тынышта халық қырылып қалды.
Кеңес Одағында осындай ауыр халдің орын алуынан оның ежелгі дұшпандары әбден хабардар еді. Солардың бірі КСРО-ның басқан ізін жіті қадағалап отырған Жапония болатын.
КСРО ОГПУ төрағасының орынбасары В.Балицкий 1932 жылдың ақпан айында Жапонияның КСРО-дағы елшілігінің әскери атташесі Касахараның жапон үкіметіне жолдаған кең көлемдегі жазбахатының көшірмесін қолға түсіріп, оны дереу орыс тіліне аударып, Сталинге жолдайды.
Онда Касахара кейінгі жылдары КСРО басшылығы жанталаса қаруланып, қазірдің өзінде әскери қуаты жағынан Польша, Румыния және Прибалтика мемлекеттерінің блогын қуып жетсе де, экономикалық әлеуеті мен әскери өнеркәсібінің әлсіздігінен кең көлемде соғыс жүргізуге қауқарсыз екендігін атап өтеді. Бірақ экономикасы дәл осындай қарқынмен дамитын болса, арада 10 жыл өткенде жағдай мүлде өзгеріп, Кеңес Одағы халқының саны мен әскери қуаты жөнінен қуатты мемлекетке айналуы мүмкін екендігі жөнінде болжам жасайды.
Касахара баянатын батыс елдері большевизмді қаншалықты жек көрсе де, КСРО-ға қарсы майдан ашуға жүрегі дауаламайтынынан бастаған. Егер Жапония мен КСРО-ның арасында соғыс өрті тұтана қалған жағдайда Польша мен Румыния Жапонияны қолдайтынын, Франция да көмегін аямайтынын, кейін бұған өзге де батыс елдері қосылатынын атап өтеді. Қазіргі кезде шетелдерде тұрып жатқан ақгвардияшыл ұйымдар да КСРО-ға қарсы күресті үдетуге дайын екендігіне назар аударады.
Қалыптасқан жағдайды жан-жақты саралай келіп жапон әскери атташесі: «Из вышеуказанного видно также, что японо-советская война, принимая во внимание состояние вооруженных сил СССР и положение в иностранных государствах, должна быть проведена скорее. Мы должны осознать то, что по мере прохождения времени обстановка делается все более благоприятной для них», – деген ұсыныс жасайды (Лубянка. Сталин и ВЧК – ГПУ – ОГПУ – НКВД. М., 2003, 301-бет).
Касахара баянаттың соңына қарай: «Я считаю необходимым, чтобы имперское правительство повело бы политику с расчетом как можно скорей начать войну с СССР», – деп мәселені төтесінен қояды.
Бес бөлімнен, әр бөлімі 5-6 тараудан тұратын бұл маңызды құжат онсыз да секемшіл Сталинді қатты сескендірген. Ол жазбахатты қызыл қарындашпен астын сыза оқып, кей тұстарына санамалап белгі соққан.
Төңірегіндегі ең жақын адамдарға да асқан сенімсіздікпен қараған Сталин хатты Ворошилов, Молотов, Куйбышевқа ғана оқытып, өзіне қайтарып алған.
Касахараның хаты күдікшілдігі уақыт өткен сайын маниакалдық сипат алған Сталинді Кеңес Одағын жаппай «жапон тыңшылары» кезіп жүргендей халге жеткізеді. Жазбахатты қолға түсірген генерал Балицкийді әуелі Украина Ішкі істер наркомы қызметіне жоғарылатып, кейін 1937 жылы Қиыр Шығыс НКВД-сын басқаруға жібереді. Болжамдары дұрысқа шықпаған соң оның өзінен секемденіп, 1937 жылы ату жазасына бұйырады.
Бұрын да жапон атаулыға қырын қарайтын Сталин Касахара хатынан кейін НКВД органдарына жапон тыңшыларын жаппай ұстап, жазалауды тапсырады. Қандықол көсемнің айтқанын екі етпейтін НКВД жендеттері тапсырманы ерекше құлшыныспен орындауға кіріседі.
Арада ай өтпей жатып НКВД наркомы Г.Ягода Сталиннің атына Түркиядағы Жапон елшілігінің әскери атташесі Масатанэ Канданың Жапония Бас штабына жолдаған жазбахатының орысша аудармасын жолдайды.
Хат «Оценка возможностей использования мусульманских государств по линии политико-стратегических мероприятий против СССР и соображения касательно проведения необходимых мер в мирное время» деп аталады.
Бұл құжат та жапондарға тән мәттәқамдықпен жазылды. Мазмұнына қарағанда өзі Түркияда қызмет істейтін Канда арнайы тапсырмамен Ирак, Сирия, Палестина және Египетке дейін барып, мұсылман елдерінің хал-жағдайын, олардың Батысқа, КСРО мен Жапонияға көзқарасын зерттеген.
Қысқаша алғысөзден кейінгі бірінші тарау: «В настоящий момент важность политико-стратегических мероприятий во время войны с СССР окончательно осознана нашей армией», – деген сөйлемнен басталады. Хат жазылған 1932 жылы Жапония КСРО-мен алдағы уақытта болуы мүмкін соғысқа деген дайындықты бастап кеткен. Мұны келесі сөйлемдегі «дело подготовки этих мероприятий постепенно продвигается вперед» деген тіркестен байқау қиын емес. Сталин жазбахаттың дәл осы тұсының астын сызып, қызыл қарындашпен қоршап қойған (Лубянка. Сталин и ВЧК-ГПУ-ОГПУ-НКВД., М., 2003, 501-бет).
Сталин ВКП (б)-ның XVII съезінде. 1934 жыл. Оған қатысқан 1966 делегаттың
1 108-і тұтқындалып, 848-і атылып кетті.
Жапон әскери атташесі мұсылман елдерімен сауда-экономикалық байланысты одан әрі күшейте түсіп, Ауғанстан, Түркия, Персия, Сауд Арабиясы мен Египетте сауда өкілдіктерін ашуды ұсынып, Шынжаң өлкесіне айрықша назар аударады. Ол: «В процессе поездки мусульмане всюду задавали мне вопросы о том, поможет ли Япония независимому мусульманскому государству в Синьцзяне или нет», – деп мұсылман елдерінің Шынжаңдағы дін қарындастардың тағдырына алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. Тағы бір тұсында: «Поддержка независимого государства Синьцзяня является весьма необходимой с точки зрения перспектив политико-стратегических комбинаций», – деп ғылыми қауымдастық ежелден «Шығыс Түркістан» деп атап, мұсылман халықтары мекендеген Шынжаң өлкесінде тәуелсіз мұсылман мемлекетін құруды қолдау керегін алға тартады. Әрі қарай өз пікірін: «Это пожелание связано с вопросом благополучия десятимиллионной массы мусульман Китая», – деген сөздермен тұжырымдай түседі.
Канда тұтастай жапон билігіндегі Манжу-Го мемлекетінде дін еркіндігі мен дін өкілдеріне құрметпен қарауды орнықтыра түсуді, мешіттер мен медреселер салып, олардың Сауд Арабиясы, Египетпен байланысын күшейте беру керегін де назардан тыс қалдырмаған.
Әрине, мұның бәрі енді оянып келе жатқан, демографиялық өсу әлеуеті жоғары, шикізат ресурстарына бай, болашағы зор мұсылман елдерінің көңілін аулап, оларды Жапонияға жақтас, тілеулес етуден туған әрекеттер еді.
Хат авторы мұсылман халықтары бұрынғы жауынгерлік рухынан айырылып бара жатқанын айта келіп: «Тюрки в этом отношении превосходят другие мусульманские племена», – деп түркі халықтарының ерлік рухын жоғары бағалайды.
Әскери атташе мұсылмандарды КСРО-ға қарсы соғыста өздеріне жақтас етіп пайдалану жөніндегі пікірін: «Из всего вышесказанного видно, насколько необходимо использование мусульман с точки зрения планов ведения войны с СССР и насколько это осуществимо», – деп қорытындылайды. Сталин жазбахаттың осы тұсының да астын сызып, жақшаға алып қойған.
Хатта Қазақстан мен Орта Азия республикаларына қатысты тағы бір тың дерек кездеседі. Канда: «Около 20 представителей молодежи, эмигрировавших в Турцию из Советского Туркестана, выехали в Синьцзян для помощи новому государству», – деп жазады. Олардың кімдер екенін анықтау осы тақырыпты тереңдете зерттейтін жас ғалымдардың үлесінде деп санаймын.
Сталин хатпен мұқият танысып, сол кезде Коминтерн хатшылығынан төмендеп, «Известия» газетінде жүрген К.Радекке: «Т.Радеку! Не стоит ли опубликовать, может быть, с некоторыми пропусками?» – деген бұрыштамамен жібереді. Не айтарын білмей пұшайман болған ол байғұс «жду указания» деп жауап берумен ғана шектеліпті.
Канданың хаты жапон мәселесіне келгенде төңірегіне үлкен күдікпен қарайтын Сталиннің паранойясын одан әрі қоздыра түсіп, енді іштегі жауды КСРО-дағы мұсылмандардан, хатта көрсетілген «ерлік рухын сақтаған» түркі халықтарынан іздеуге кіріседі.
Арада екі ай өткенде – 1934 жылдың 11 мамырында Башқұрт Орталық атқару комитетінің төрағасы А.Тагиров Сталинге донос түсіріп, онда өзінің «Сақмари» деген бүркеншік атты пайдаланатын татар жазушысы Ғазизов Ғабдолламен кездескенін, бұл әңгімеден ол шетелде жүрген татардың ұлтшыл жазушысы Ғаяз Исхаков Жапонияда болып, одан шыққан соң Батыс Қытайдағы Шынжаң өлкесіне барғанын (хатта «Жоңғария» деп жаңсақ көрсетілген, бұл кезде Жоңғария мүлде келмеске кеткен) баяндайды. Тағы бір «Құрбанғалиев» дейтін татар ұлтшылы Харбинде жүргендігін, ал Рашит Ибрагимов дейтін Түркияда тұратын «белгілі панисламист» Жапония арқылы Шынжаңға жіберілгенін хабарлайды.
Сталин бұл хатпен де мұқият танысып, анық-қанығын білу үшін оны Г.Ягодаға жібереді. Ол 1934 жылдың 21 мамырында Сталинге «өте құпия» деген грифпен жауап хат жолдайды. Ягода «Сақмари» уфалық миллионер Усмановтың ұлы екендігін, оның шын аты-жөні Ғазизов Ғабдолла екендігін баяндаған. Оның татардың ұлтшыл жазушысы Ғаяз Исхақовтың ықпалында екендігін, Манжурияға келген соң біраз уақыт Харбинде тұрақтап, жапондар қарамағына өткен теміржол бойындағы Пограничная стансасында ағылшын тілінен сабақ беріп жүргендігін жеткізеді.
Владивосток арқылы КСРО-ға өткен «Сақмаридің» Уфа мен Қазандағы татар және башқұрт ұлтшылдарымен бірнеше кездесу өткізгенін, ОГПУ тыңшылары оны аңдып жүргендігін, қазір оның Мәскеудегі байланыстарын анықтау үшін астанаға іссапарға шығуға көндіріп, осында келгенде тұтқынға алуды көздеп отырғанының егжей-тегжейін хабарлайды.
Ягоданың құпия хатында «Сақмаридің» Токио мешітінің имамы Құрбанғалиевпен және Жапония протекторатымен Еділ-Урал автономиясын құру қамында жүрген татар ұлтшылы Ғаяз Исхақовпен тығыз байланыста екендігі туралы нақты мағлұматтар бар.
Алашорданың Жапониядағы түрік қауымдастығымен нақты қандай қарым-қатынаста болғандығы бізге әзірше беймағлұм, бірақ оны Париждегі Мұстафа Шоқай жақсы білген. Ол өзі редакторлық еткен «Жас Түркістан» журналының 1931 жылғы 19-санында «Жапонияда тұрушы мұсылмандар және Токиода ислам шағын ауданы» деген мақала басқан («Алаш көсемсөзі». А., 2010, 4-том, 134-135-беттер).
Редакция атынан «Басқарма» деп қол қойылған (мұндай материалды көбіне М.Шоқайдың өзі жазған) шолу мақалада Жапонияда 500-дей мұсылман барлығын, оның 150-дейі Токиода тұратыны туралы дерек келтірілген.
Саны аз да болса ауызбіршілігі күшті жапон мұсылмандары 1928 жылғы қазанында Токиода құрылтай өткізіп, «Жапония мұсылмандар одағын» құрған.
Олар 1927 жылы Жапония үкіметінің ресми рұхсатымен алты сыныпты «Токио ислам мектебін» ашып, онда ана тілі, мұсылмандық шартымен қатар ағылшынша да оқытыпты.
500-ден аспайтын жапон мұсылмандарының іскерлігі соншалық, олар араб қарыптарымен «Токиодағы ислам баспасы» деген шағын баспа ашып, түрік тілінде «Жапон тілшісі» деген журналға дейін шығарған.
«Жас Түркістанда» «Жапония мұсылмандар одағының» төрағасы Токио имамы Мұхаммед Ғабаллахи Құрбанғали, оның бірінші орынбасары Коби қаласының имамы Мадияр Шамғони, екінші орынбасары Мұхаммед мырза, бас хатшысы Ахмет Закир Шакир, бас хатшының бірінші орынбасары Хусейн мырза және екінші орынбасары Қожа Ахмет Уаһап екендігі көрсетілген (барлығының аты-жөні журналдағы нұсқамен берілді).
Басқару жүйесі жапондарға тән мәттақымдықпен жинақы, шебер ұйымдастырылған «Жапония мұсылмандар одағының» бірыңғай түркітілдес халықтардан құралғанын аңғару қиын емес. Есім-сойларына қарағанда, басым бөлігі татар ұлтынынын өкілі екендігі де байқалып тұрса да, олардың кейбірінің (Мадияр Шамғони) қазақ болуы да бек мүмкін деп шамалаймыз.
Иек астындағы Жапонияның басқан ізін аңдып отырған КСРО елшілігінде НКВД қызметкерлері олардың барлық іс-әрекетін Мәскеуге жеткізіп отырған. Комиссар Г.Ягода оны Сталинге баяндаған.
Ягода Жапония Бас штабының жоспары бойынша доктор Хосров-бек Султанов деген азамат Солтүстік Персияға жіберіліп, ол әзербайжандардың ірі қарулы отрядын кеңес жеріне кіргізуді жоспарланғанын, ал Рашид-кази Ибрагимов дейтін панисламист Шынжаң арқылы Орта Азияға өтіп, онда антисоветтік жұмыстар өрістетуді қарастырып отырғандығы жайында ақпарат берген.
Енді осы хаттарда есімі аталатын екі адамның тағдырына тоқталып өтейік.
Ғаяз Исхаки (хаттарда оның тегі орысша үлгімен Исхаков деп берілген) – татар әдебиетінің аса көрнекті классигі, түрік-татар бірлігі жолында зор қызмет атқарған қайраткер. Ол – татар ғұламасы, кезінде Сорбонна университетін тәмамдап, әуелі Ресейдегі Мемлекеттік Думаға, кейін Түркияға өткен соң осы елдің Парламентіне бірнеше мәрте депутат болып сайланған Садри Мақсудимен бірге Октябрь төңкерісі мен Азамат соғысы жылдарында татар ұлтының азаттығы жолындағы күреске айрықша үлес қосқан тұғырлы тұлға.
Ғаяз Исхаки – 20-жылы Мұстафа Шоқай, Зәки Валидилер сияқты Түркияға эмиграцияға өтіп, татар халқының бостандығы жолындағы күресін өмірінің соңына дейін бір сәтке де тоқтатпаған қайраткер. Ол Еуропа мен Азия елдерін, оның ішінде араб мемлекеттері, Жапония, Корея, Манжурияны еркін аралап, татар тілінде оннан астам газет-журнал шығарып, түркі халықтарының ынтымақтастығы жолында аянбай қызмет атқарған.
Хатта бүгінгі тәуелсіз Әзербайжанның аса көрнекті мемлекет қайраткері саналатын Хосров бек Сұлтановтың (толық аты-жөні – Хосров-бек Паша-бек оглы Султанзаде) да есімі аталады. Ол 1918 жылы 25 мамырда жарияланған Әзербайжан Демократиялық Республикасының алғашқы Әскери министрі, екінші Жер-су министрі қызметін атқарып, 1923 жылы Түркияға кетуге мәжбүр болады. Ол осында жүріп те әзербайжанның азаттығы жолындағы күресін тоқтатпайды. Өмірінің соңына қарай Түркия мен Германияда өз мамандығына сай медицина профессоры болып қызмет атқарды.
Жапонияның мұсылман елдерімен ынтымақтастығын күшейтіп, олардың Кеңес Одағын мекендейтін түркі-мұсылман халықтарымен байланысын нығайтуға бағытталған жоспарлары үрейшіл Сталиннің татар, башқұрт, әзербайжан, қазақ және Орта Азия халықтары мен олардан шыққан қайраткер тұлғалар, шығыстанушы, түрколог ғалымдарға деген сенімсіздігін бұрынғыдан да асқынтып жіберді.
Адам жанын шыбын құрлы көрмеген сталиндік сұм жүйеден түркі-мұсылман халықтары ғана емес, Кеңес Одағының барлық ұлт пен ұлыс өкілдері зардап шекті.
Ешбір дәлел-дәйексіз, ойдан шығарылған айыптармен қамауға алынып, абақтыға жабылған, ГУЛАГ лагерьлерінде азап шегіп, ату жазасына кесілгендер миллиондап саналады. Олардың нақты санын кеңестік тарихшылар барынша азайтып көрсетуге тырысса, батыс зерттеушілері әсірелеп жазуға құмар. Бұл туралы ақиқат шындыққа негізделген мағлұматты Кеңес Одағы идеологиясының тізгінін ұстап, ең құпия деген деректерге қолы еркін жеткен, СОКП Орталық Комитетінің хатшысы, тарих ғылымының докторы, профессор, академик А.Яковлев айтты. Оның оқыған адамның жағасын ұстатқызатын: «В мясорубке ленинско-сталинских репрессий погибло более 20 миллионов человек», – деген деректеріне күмән келтіру қиын (Черная книга коммунизма. Преступления. Террор. Репрессии. М., 1999, с.12).
Сталин, Молотов, Ворошилов және Ежов ГУЛАГ тұтқындары салған «Беломорканал» бойында
Жапониядан КСРО-ға төнген қауіп күшейген сайын Сталиннің жендеті Ежовтың зымияндығымен «жапон жансыздарының» қатары да күн сайын арта түсіп, жазықсыз жандар оққа байлана берді.
ОГПУ, НКВД органдары қолға түсіріп, Сталиннің алдына жеткен жазбахаттардың мазмұнына қарап, Жапонияның отызыншы жылдары КСРО-ға қарсы соғыс ашу туралы нақты жоспары болғандығынын аңғару қиын емес.
Жапония Қытай сияқты алып елдің стратегиялық, экономикалық, әскери маңызы зор бөлігі Манжурияны басып алып, Манжу-Го қуыршақ мемлекетін орнатқанымен оны ұстап тұру және отаршылдық мақсатта пайдалану барысында көптеген қиындыққа кезікті. Қытай тәжірибесі жапондарға КСРО сияқты жыл сайын күш алып келе жатқан әлеуеті зор елге соғыс ашып, оның Сібір, Қиыр Шығыс сияқты табиғаты қатаң аймағын игерудің оңай болмайтынын дәлелдеп берді.
Экономикасы қарқынды даму жолына түскен Жапонияның назары Корея мен Қытайдан кейін оңтүстік-шығыс Азияға қарай ауды. Бұл қуатты әскери-теңіз флотын жасақтаған жапондардың Тынық және Үнді мұхитында еркін қимылдауына аса қолайлы еді.
КСРО шекаралық аймақтарда жапон тарапынан бірнеше мәрте арандатушылық әрекеттер болғанына қарамастан, оған әскери тойтарыспен жауап қатуға батылы бармады. КСРО Манжуриядағы жапон әрекетін сырттай ғана бақылап, Қытай-шығыс теміржолын (КВЖД) біржолата жапондарға беріп, бірқатар концессиялық шегініске баруға мәжбүр болды.
Егер Жапония мен КСРО-ның арасында 30-жылдары соғыс өрті тұтанып, оның алғашқы кезеңінде жапон тарапы жеңіске жете қалған күннің өзінде әскери қимылдардың Қазақстан мен Орта Азия шекарасына дейін жетуінің ықтималдығы өте төмен еді. Оның үстіне, Қытайды ұстап тұруға көп күш жұмсап отырған Жапонияның КСРО-дай әскери, демографиялық және табиғи ресурстық қуаты зор алып мемлекетке қарсы майдан ашуға еркін жететін әлеуеті болған жоқ. Сондықтан екі ел де іштей аңдысып, шарпысып, экономикасын нығайтып, әскери күш-қуатын арттырумен болды.
Қиыр Шығыстан күн сайын дерлік қауіп төндіріп, шекаралық аймақтарда жиі-жиі арандатушылық әрекеттерге барғанына қарамастан Сталиннің Жапонияға қарсы соғыс ашуға жүрегі дауаламаса да, барлық өшін, ашу-ызасын ежелден қаны қас түркі-мұсылман халықтарының қайраткер тұлғалары мен зиялы қауымына қарсы бағыттап, «жапон тыңшысы» деген желеумен қуғын-сүргін мен қудалауды одан әрі өршіте түсті.
Бакуде түркологиялық құрылтай делегаттары
Сталиннің билігі әлі жеке-дара диктаторлыққа жете қоймаған 1926 жылы ол басқарған Үкімет қаулысымен Бакуде Бірінші түркологиялық құрылтай өтті. Оған КСРО Ғылым академиясы жүйесі мен Кеңес Одағының Мәскеу, Ленин-град, Қазан университеттері бастаған жоғары оқу орындарында, түрлі мемлекеттік мекемеде қызмет істейтін айтулы түркологтар қатысты. Олардың қатарында есімі бүкіл дүниежүзіне мәшһүр А.Самойлович, С.Ольденбург, В.Бартольд, Л.Щерба сияқты шығыстанушы ғалымдар болды. Құрылтайға қатысқан дауыс беруші делегаттар саны 131 болғанымен, оған қонақ ретінде Түркия, Франция, Германия, Жапония, Финляндия, Швеция, Венгрия, Иран т.б. елдерден келген 600-ден астам ғалым мен қайраткер қатысты.
Кейін 131 делегаттың жүзден астамы репрессияға түсіп, басым бөлігі атылып кетті. Олардың ішінде қазақ, татар, башқұрт, әзербайжан, өзбек, қырғыз, т.б. түркі халықтарының аяулы перзенттерімен қатар, ұлты еврей А.Самойлович сияқты әлемге даңқы шыққан атақты түркологтар болды. Осы съезге қатысқан А.Байтұрсынұлы, Н.Төреқұлов, Е.Омаров, Б.Сүлеевтер де сталиндік репрессия құрбаны болды.
Білім-білігі Сталиннің айналасындағы шала сауатты бәлшәбектерден оқ бойы озық тұрған қайраткерлердің репрессияға түсіп, жаппай атылып кетуі түркі халықтарының саяси, экономикалық, демографиялық дамуына, аса бай тарихы мен мәдениетінің зерттелуіне, өсіп-өркендеп келе жатқан түркология ғылымына орасан зор зардаптарын тигізді.
Әуелі бас-аяғы он жыл ішінде әліпби үш рет өзгертіліп, А.Байтұрсынұлы түрлеген, қазақ тілінің бар әуезін сақтаған емле латыншаға ауыстырылды. Арада он жыл өтпей ол біржолата кириллицаға көшірілді. Мұндай жағдай өзге түрік халықтарында да орын алды. Саны түркілерден әлдеқайда аздығына қарамастан Сталин және Микоянның қолдауымен ежелгі грузин мен армян әліпбиі баяғы қалпында қалдырылды.
Жиырмасыншы, отызыншы жылдары әлемдік тілтану ғылымында скиф, сақ тілдерінің көне түркі тілдерімен төркіндестігі туралы зерттеулер белең алғанына қарамастан, жоғарыдан түскен нұсқауларға сәйкес, бұл орнықты концепция иран тілдер тобына жақын деген жадағай теориямен ауыстырылды. Ежелгі ғұн тілі, ғұн тарихы түркілерден гөрі моңғолдарға қатысты деген тайғанақ тезиске басымдық беріліп, ол орыстілді зерттеулерде әлі күнге дейін үстемдік алып келеді.
Ираннан мүлде алшақ жатқан Алтай мен Сібір өлкелерінен табылған скиф, сақ мәдениетінің зооморфты стильдегі жауһар туындыларын да түркілерден гөрі ежелгі парсы мәдениетіне жуық жәдігерлер деп қарастыру белең алды.
Алған білімі, ақыл-парасаты және саяси тәжірибесімен суырылып алға шығып, шетелдегі түркі халықтарының көсемі дәрежесіне дейін көтерілген Мұстафа Шоқайдан Сталин қатты сескенген.
Басым бөлігі Парижде шоғырланған орыс ақсүйектері, генералдары мен жоғары шенді офицерлері, зиялы қауым өкілдерімен етене араласқан М.Шоқай ақгвардияшыл газет-журналдарға жиі-жиі мақалалар жариялап тұрған. Ағылшын, француз, неміс тілдерін меңгерген ол осы тілдерде шығатын Еуропадағы беделді басылымдарға Кеңес өкіметін, Сталиннің зұлымдығын әшкерелейтін өткір мақалалар басқан.
Сталин 1925 жылдың 29 мамырында Қазақ өлкелік партия комитетінің бюро мүшелеріне хат жолдап, онда: «Я имел возможность на днях познакомиться с журналом «Ак-жол». Я вспомнил в связи с этим некоторые статьи небезызвестного Чокаева в белогвардейской печати и к ужасу своему открыл некоторое, так сказать, духовное «единство» между этими статьями и журналом «Ак-жол», – деп Мұстафаның мақалаларынан үрейі ұшқанын ашық-ашық мойындайды (РГАСПИ, Ф.558, Оп.11, д.133, л.65-67).
Сталин кәрін төккен «Ақ жолға» кезінде Сұлтанбек Қожанов пен Нәзір Төреқұлов кезектесе редакторлық жасаған. Қазақтың қос аяулысын үздіксіз қудалау Сталиннің запыран шашқан осы хатынан басталды.
Осы хаттан небәрі 12 күн өткенде Ташкентте 1920 жылдан шығып тұрған «Ақ жол» газеті дереу жабылып, аяқастынан ілік табылғанына қатты қуанған Голощекин қазақ қайраткерлерін қуғын-сүргінге түсірген «Кіші Октябрь» құйынын ұйытқыта соқтырады.
Сталиннің «жапон тыңшыларын әшкерелеу» туралы тапсырмасына сәйкес, репрессия тырнағына іліккен қазақ қайраткерлеріне «пантүркист», «панисламист» айыптарымен қатар «жапон тыңшысы» деген желеу қоса жамалып отырды.
«Жапон жансыздарын» әуелі зиялы қауым мен саяси қайраткерлер арасынан іздеп, біртіндеп армиядағы жоғары шенді офицерлер мен генералдарға ауыз салған Сталин мұны да місе тұтпай, қанды шеңгелін оның қылмысты бұйрықтарын екі етпей орындап келген НКВД органдарына батырады.
Ол Мәскеу мен Украинада қызмет істеген жылдары «халық жауларын» әшкерелеуде асқан белсенділік танытып, Сталиннің қас дұшпаны Г.Зиновьевтің ісін жүргізген Г.Люшковты әуелі Ленин орденімен марапаттап, КСРО Жоғары кеңесінің депутаттығына сайлайды. Кейін 1937 жылы қандықол Ежовтың ұсынысымен Қиыр Шығыс өлкесіндегі НКВД басқармасының бастығы етіп тағайындайды. «Жапон жансыздарын» әшкерелеу науқанының өріс алғаны соншалық, орынбасары тұтқынға алынғанда, келесі кезекте өзі тұрғанын анық сезген Люшков 1938 жылдың жазында Манжурияға өтіп, өз еркімен жапондарға беріледі.
Ол жапон барлауына Қиыр Шығыстағы қызыл армиясының құрылымдары, техникасы орналасуы жайлы құпия деректерді жеткізумен қатар, бірнеше рет баспасөз мәслихатын өткізіп, қастандықпен өлтірілген С.Киров өлімінен бастап, Сталин зұлымдықтарының бәрін жайып салады. Жапон жағына өткен соң «Ямогочи Тосикадзу» деген ат алған Люшковтың белсенділігі сондай, ол туралы кеңес барлаушысы Рихард Зоргенің 1939 жылы қаңтарда Орталыққа жолдаған жазбахатының көлемі 100 беттен асып түскен.
Ягода атылып, Люшков сатқындығы бойынша Ежов қызметінен алынғаннан кейін де (ол 1939 жылы тұтқындалып, 1941 жылы атылды) НКВД органдары «жапон тыңшыларын әшкерелеу» науқанын толассыз жүргізіп, көсем тапсырмасын орындауға жанын салып бағады.
Манжурияны басып алып, КСРО мен Моңғолияға кез келген уақытта тұтқиылдан шабуыл жасаудың дайындығына кіріскен кезде Жапония Мукденде танк зауытын салып, Кореяда бірнеше қару-жарақ өндірісін ашады. Алайда Қытайды отарлауды жеделдету мен оңтүстік-шығыс Азия елдерін тездете бағындыруға кіріскен Жапонияның КСРО-ға қарсы соғысы үнемі кейінге қалдырыла берді.
Жапонияның КСРО-ға соғыс ашуы мүмкін деген сыбыс шығысымен монархиялық билікті қалпына келтіруді көздеген ақгвардияшыл офицерлер Харбин қаласында «Русский Обще-Воинский Союз» атты ұйым құрылып, Кеңес Одағындағы жақтастарымен астыртын байланыс орнатады.
Патшалық Ресейдің бұрынғы ақсүйектері, князьдар, генералдар мен адмиралдар, полковниктер мен жоғары шенді офицерлерінен тұратын дәл осы ұйымға қатысты деген күдікпен 15 мыңға жуық адам тұтқындалып, олардың басшылығында болған 357 адамның тізімі Сталинге баяндалды. Репрессия бел алып, адам тағдырын шыбын құрлы көрмеуге айналған халықтар көсемі бұл баянатқа: «Ежову. Всех бывших офицеров и генералов по записке Горбача нужно расстрелять» деген қатыгез үкім шығарады. Ол бұлжытпай орындалып, көмекшісі Поскребышев «Исполнено. Послана телеграмма 16.XII.37 г.» деген жауап жолданады (Мозохин О.Б., ОГПУ-НКГД в борьбе со спецслужбами Японии. Москва-Берлин, 2019, с. 224).
Халықаралық «Мемориал» қорының деректері бойынша 1937-1938 жылы тек «Харбин ісі» бойынша 49 470 адам тұтқындалып, оның 31 226-сы ату жазасына кесілген. Жалпы, Кеңес Одағы бойынша «жапон тыңшысы» деген желеумен жүздеген мың адам жазықсыз құрбан болды. Олардың басым көбі өмірінде тірі жапондықты көрмеген жазықсыз жандар еді.
НКВД органдары күн сайын тіміскілеп, қияли ойдан туған «жапон жансыздарын» ұстап, азапқа салуға көшкенде елде Кеңес Одағына қарсы соғысқа қапысыз дайындала бастаған Германия тыңшылары өріп жүрген болатын. Бұл кезде Гитлермен ауыз жаласып үлгерген Сталин мұны білсе де, білмегенсіп, көрсе де, көрмегенсиді.
Сезікшілдігі қанішерлік жағдайға дейін жеткен Сталинге түрмеге түскен, айдауға жіберілген, атылған ондаған мың адам тағдыры аздық етті. Ол 1937 жылдың 21 тамызында КСРО Халық комиссарлар кеңесінің №1428-326 қаулысымен Қиыр Шығыстағы 172 мың этникалық корейді «Жапонияға тыңшылық жасады» деген айыппен Қазақстан мен Өзбекстанға жер аударуға бұйрық береді. Мал таситын азынаған вагондармен көшірілген корейлердің 11 мыңы жол азабынан қайтыс болады. Шынтуайтқа келгенде, Сталин айыптаған корейлер өз елінен, жерінен айырылып, миллитаристік Жапониядан зәбір-жапа көріп отырған ғаріп халық еді. Сондықтан олардың өзін аяусыз езгіге салып отырған жапондардың тыңшысы болуы ақылға сыймайтын айыптау болса да, айналасындағылармен санасуды мүлде қойған диктатор қылмысты істерін одан әрі өршіте түсті.
Сталиннің «жапон жансыздарын» әшкерелеу науқанынан тұтастай репрессияға түскен корейлермен қатар Жапониямен шекаралас өлкедегі өзге ұлыстар да жапа шекті. Бұл туралы ресейлік тарих ғылымының докторы, профессор, арнаулы органдар полковнигі О.Мозохиннің басшылығымен шыққан іргелі зерттеуде: «Репрессиям также подвергались китайцы и харбинцы, замешанные в связях с японцами. Происходила «чистка» приграничных территорий. Выселялись семьи репрессированных. Проводились массовые репрессии партийных деятелей, руководящего состава органов НКВД, командиров Красной армии», – деп орынды атап өтілген (Мозохин О.Б., Тужилин С.В. Борьба спецслужб Японии и СССР в годы Второй мировой войны. М., 2020, с.521).
Қазақстанға жер аударылған корейлер
Саясаттың қара бораны екпіндете соғылған кезде Орталық Азия, Қазақстан мен Кавказ жұртындағы ұлт зиялылары да сол баяғы «жапон тыңшысы» деген айыппен Сталиннің қанды шеңгеліне іліне берді.
Қазақстандағы «жапон тыңшыларын әшкерелеу» науқаны – өте ауқымды тақырып. Оны тарқата талдап, таратып айту үшін арнайы зерттеу қажет. Ол – алдағы уақыттың еншісінде болса да, қазақ зиялыларының тағдырына орасан зор қасірет-қайғы әкелген зұлмат науқанның кей тұстарына қысқаша тоқталып өткенді жөн санадық.
Қазіргі оқырманның көп дүниеге көзі ашылды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік хатшы, профессор Е.Қариннің бас редакторлығымен 2023 жылы «Алашорда ісіне» қатысты бұрын құпия мұрағаттарда құлыптанып келген 12 томдық құжаттар мен материалдар жарық көрді. Енді солардың бір парасын сөйлетіп көрейік.
Төңкеріске дейін патша жандармериясының қуғын-сүргініне түсіп, бірнеше мәрте абақтыға жабылған Әлихан Бөкейханов НКВД тергеушілері алдында өзін еркін ұстаған. Ол 1937 жылдың 6 тамызындағы допроста барлық жауапкершілікті өзіне алып: «Я лично по всем этим вопросам вел переговоры, как представитель национальной партии «Алаш», – деп қасқая қарсы жауап беріпті.
Әлихан Бөкейханов Бутырка түрмесінде, 1937 жыл
Ә.Бөкейханов Алаш партиясының мақсаты Қазақстан автономиялық республикасын құру болғандығын да ашықтан-ашық мәлімдеп: «Основной задачей партии «Алаш» являлось создание автономии Казахстана в составе российского буржуазного государства, через Учредительное собрание», – деп Алаштың асыл мақсатын ашықтан-ашық жеткізген.
Кеңес өкіметіне қарсы күрестен қалай бас тартқаны туралы тергеушінің қитұрқы сұрағына кектене қарсы тұрып: «Я не мог и не могу быть сторонником советской власти. Мои убеждения исключают признание ее. Я остаюсь верным своим алашординским идеям, за которые я боролся с советской властью», – деп Кеңес өкіметін қабылдамағаны былай тұрсын, барлық күш-жігерін онымен күресуге жұмсағанын тайсалмай мәлімдеген.
Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы да НКВД тергеушілері алдында өзінің азаматтық өр қалпын сақтаған. Ұлт ұстазы алғаш рет ату жазасына 1928 жылы кесіліп, кейін ол 10 жыл мерзімге сталиндік лагерьге ауыстырылған.
Сан мәрте абақтыға түсіп, азап атаулысының неше атасын басынан өткізген аяулы Ахаң алған бетінен қайтпай: «Организация Алаш ставила перед собой цель – вести активную борьбу против большевиков и против восстановления советской власти в Казахстане», – деген жасқанбай жауап қатқан.
Ахаң Алаш партиясы алға қойған мақсаттарды кеңестік органдар құрамында жүзеге асыру үшін партия қатарына да өткен. Одан шығу себебін де ештеңеден тартынбай: «Но состоя кандидатом ВКП(б), я имел расхождение с коммунистами по ряду вопросов», – деп түсіндірген.
Республиканың НКВД басқармасының 1937 жылдың сәуіріндегі А.Байтұрсынұлына қатысты толтырған анықтамасында: «В 1934 году…восстановил старые к-р связи и оживил деятельность ликвидированной к-р организации, направив ее деятельность на подготовку к-р повстанчества в период войны Японии с СССР», – деген шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қисынсыз айып тағады.
Марсельский дейтін шала сауатты тергеушінің осы құжатты толтырған 1934 жылы КСРО мен Жапония арасында соғысты былай қойғанда, ірі қарулы қақтығыс та болмаған. Хасан көлі мен Халхин-гол оқиғалары 1938-1939 жылдары орын алды.
Жалмауыз жүйе Ахаңның ақсақал жасына, ұзақ жылғы ұстаздық қызметіне қарамастан, қанқұйлы «үштік» үкімімен 1937 жылдың 25 қарашасында ату жазасына кеседі.
Абақтыдағы Ахмет Байтұрсынұлы
НКВД тергеушісі ұзаққа созылған аурудан сырқаты меңдесе де, жігері жасымаған Халел Досмұхамедовке «жапон жансызы» деген айыпты мойындата алмаған. Ол 1938 жылдың 7 қазанында тергеушінің екі мәрте қатарынан қойған сұрағына: «Повторяю, что в национал-фашистской организации не состою и агентом японской разведки не был», – деп бастапқы жауабынан қайтпай, табандап тұрып алыпты.
Қаныпезер тергеушілер қанша азапқа салса да, алған беті, берген жауабынан таймаған Х.Досмұхамедовке «қылмысын» мойындата алмайды. Ату жазасына кесу туралы үкім мәселесін алдын ала шешіп қойған жауыздарға мұндай мойындатудың қажеті де шамалы еді. Олар қайсар қайраткерді толып жатқан қисынсыз айыптармен бірге: «являлся агентом японской разведки и вел шпионскую работу в пользу Японии» деп көпе-көрінеу қаралап, ату жазасына кеседі.
Алаш қайраткерлері ішінде Жапон үкіметіне хат жазып, оның өкілімен кездесіп, нақты байланыс орнатқан Райымжан Мәрсеков екендігін біз жоғарыда атап өттік.
ОГПУ органдарының Мәрсековке қарсы жүргізген 1922-1925 жылдардағы аңду, тергеу материалдарында оған тағылған «жапон тыңшылығы» туралы айып кездеспейді. Соған қарап, бұл кезде тергеушілер оның 1919 жылы Владивостокта жүргізген келіссөздері мен Жапон үкіметіне жолдаған хатынан бейхабар
болған деп шамалауға болады.
Қазақстан ГПУ-ы 1930 жылдың 30 қыркүйегінде Алашорданың аса көрнекті қайраткері Әлімхан Ермековтің үйіне тінту жүргізіп, сол жылдың 17 қазанында қамауға алады. Бір жарым жылға созылған тергеу барысында профессор Ә.Ермеков өзіне тағылған айыптардың бәрін теріске шығарып, ешқандай контрреволюциялық қызмет пен бандитизмге қатысы жоқтығын дәлелдеп шығады. Нәтижесінде КСРО ОГПУ-ы 1932 жылғы 27 ақпанда: «2. Следственный материал, касающийся последних лет, характеризует лишь националистические взгляды обвиняемых. 3. Организованная руководящая роль обвиняемых в бандитизме совершенно не доказана», – деген қаулы шығарады (ҚР Президентінің мұрағаты, 352-қор, 1-тізім, 6610-іс, 3-том, 201-бет).
Қайсар профессор Халел Досмұхамедов
Ә.Ермековтің 1930-1932 жылғы ісінде «жапон тыңшысы» деген айыптау болмаса да, ол 1937-1938 жылдары жүргізілген істе алдынан шығады.
Ә.Ермековпен бірге Ташкентте болған кезінде 1930 жылдың 8 қазанында Қазақстан ОГПУ-ының №132 қаулысымен Мұхтар Әуезов те қамауға алынады.
Әуез атасының арқасында ешкім бетінен қақпай бұла өсіп, жастайынан Алаш арыстарының мектебінен өткен Мұхтар тергеу барысында ештеңеден именбей өзін еркін ұстапты. Оны абақтыға түскен күні-ақ ОГПУ 1-бөлімшесінің бастығы Попов сұрақ-жауаптың астына алған.
Қызуы үнемі көтеріліп тұратын Ленинградта оқыған жылдары қаншама қудалауға түссе де, ар-намысын ешкімге таптатпай, білім-білігі арқасында өз құқығын қорғай білген университеттің бекзат болмысты оқытушы-профессорларымен етене араласып, саяси тәжірибе жинақтап үлгерген жас Мұхтар Поповтың ығына жығыла қоймапты.
Ол тергеушіге берген жауабында А.Байтұрсынұлын 1918 жылдан бері білетінін, ал Мұхамеджан Тынышпаев, Халел және Жанша Досмұхамедовтермен 1922 жылы Ташкентте болған жылдары танысқанын, ал Мағжан Жұмабаевпен хат алысып тұратынын қысылмай-қымтырылмай мәлімдеп: «О существовании каких-либо нелегальных организаций я ничего не слышал и не знаю», – деп жауабын төтесінен қайырыпты.
Ешбір айыбын мойындата алмаса да, қамау мерзімі ұзаққа созыла түскен соң Мұхтар 1930 жылдың 6 желтоқсанында ОГПУ-дің өкілетті өкілі А.Альшанскийдің, 1931 жылдың 21 мамырында прокурор Столбованың атына арыз түсіріп, онда өзінің негізсіз, себепсіз түрмеге қамалғанын айтып: «Я прошу вызвать к допросу и указать на мотивы к принятым репрессивным мерам в отношении меня», – тепсіне теңдік сұраған.
Арада төрт ай өткенде Попов Әуезовті тағы да тергеуге алады.
Бұл жолы да Мұхтар Алаш қайраткерлерін бұрыннан білетінін, Ленинградта оқыған жылдары Алашорда үкіметінің мүшесі болған Халел Ғаббасовтан материалдық көмек алғанын, Смағұл Сәдуақасовпен Орынбордан таныс екендігін жасырмай жеткізіп, бастапқы ұстанымынан қайтпай: «Об организации, которая якобы существовала у националистов, я абсолютно ничего не слышал и не знал, а тем более не состоял в ней», – деп өзіне тағылған бар айыпты тағы да үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Жазушының тергеуге түсіп, абақтыға жабылуының соңы 1932 жылдың 10 маусымында «Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде «Алашорданың басты екі адамы өздерінің де, бұрынғы пікірлестерінің де төңкеріске қарсы болғандығын әшкерелеп, өз кінәларын жууға уәде беріп отыр» деген айғайлаған тақырыппен берілген М.Әуезов пен Ә.Ермековтің мәлімдемесімен аяқталады.
Алғаш профессор Т.Жұртбай тауып, ғылыми айналымға түсірген бұл құжаттың мазмұнын қайталамай-ақ әңгімені қысқа қайыратын болсақ, отыздың бесеуіне енді ғана шыққан М.Әуезов қанша азапқа салса да, азаматтық абзал қалпынан жазбаған. Ол қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» сияқты классикалық туындыларынан бас тартып, «мен өз шығармаларымның көбімен анығында беті ашық ұлтшылдық күйіндегі жазушы болып шықтым», – деп кінәнің бәрін өз мойнына алып, бірде-бір әріптестерін жауға бермейді. Бермегені былай тұрсын, Әуезов мәлімдемесінде өзінен басқа ешкімнің аты-жөні айтылмайды («Социалды Қазақстан», 1932 жыл, 10 маусым).
Мұхтар Әуезов осы «мойындауынан» кейін тұтқыннан босатылса да, ұзақ жылдар бойы соттылығы алынбады. Сталиндік жүйенің қарғыс таңбасы төрт томдық «Абай жолы» эпопеясы түгелдей жарыққа шығып, жазушы әлемдік даңққа жеткен кезде тек 1958 жылдың 28 ақпанында алынып, «аса құпия» деген белгі соғылған бір жапырақ анықтама кемеңгердің қолына тапсырылған.
Әлімхан Ермеков түрмеден босаған соң Қазақстаннан бой тасалап, Куйбышев жоспарлау-экономика институтында жоғары математика кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген 1938 жылдың наурызында екінші мәрте тұтқындалып, этаппен Алматыға жеткізіледі. Бұл кезде тергеу барысында жауапқа алынғандарға жасаған жауыздықтары үшін ешқандай жазаға тартпайтынына әбден көзі жеткен НКВД-ның жаналғыш тергеушілері аласұрған иттей ойына келгенін істеп, ашықтан-ашық айуандық тәсілдермен тергеуге көшеді. Ермековтің ісі осындай қаныпезерлікпен жүргізілді.
Тергеу аяқталғанына он шақты күн өтіп, есін енді ғана жинаған Ә.Ермеков 1938 жылдың 17 мамырында Қазақ КСР Ішкі істер халкомы С.Реденске арыз жазып, онда тұтқынға алынғанын, кейін 15-16 күн бойына қинау мен азапқа салынғанын, ал 20-23 сәуір аралығында үш күн бойы нәр сызғызбай, ұйықтатпай, үздіксіз ұрып-соғып, есі кірерлі-шығарлы жағдайда болғанда тағылған айыптарды зорлықпен «мойнына алдырып», қол қойғызғанына шағымданады. Ол өз арызында азапқа төзбегендіктен: «Возводил на себя чудовищную клевету, вплетать людей произвольно было тоже самым ужасным бессовестным преступлением», – деп өзін де, өзгелерді де жазықсыз айыптағанына зор өкініш білдіріп, өз қолымен жазылған толық жауап жазуға мүмкіндік сұрайды.
Абақтыдағы Мұхтар Әуезов, 1932 жыл
Бастапқы арызына жауап болмаған соң 27 мамырда С.Реденске тағы бір шағым түсіріп, онда: «Начиная 18 мая гр. следователь заставил меня стоять непрерывно около двух суток, у меня отекли ноги, и я, не будучи в состоянии держаться на ногах, упал на пол. В этом состоянии гр. следователь избивал меня, таскал по полу, угрожая, что в этом состоянии будет меня держать до тех пор, пока я не приму на себя тягчайшее обвинение в организации шпионажа в пользу Японии», – деп жазады (ҚР Президентінің мұрағаты, 352-қор, 1-тізім, 5194-іс, 70-бет).
Ермеков шағым айтқан соң Марков деген жаналғыш одан сайын құтырып: «Скоро мы смешаем ваши кости с мясом, поломаем все ребра, а показание все-таки выудим», – деп тіптен құтырып кетеді. Жантүршігерлік азаптаулардан есінен тана берген Ермеков өзі жазғандай: «Я каждый раз в состоянии бредовом, галлюцинаций должен вставать на ложный путь, возводить на себя чудовищные обвинения», – дегенге барған.
Сонда Ермеков нені «мойындаған». Тергеушінің азапқа салып мәжбүрлегендегі айыптаулары мынандай болып шыққан.
«Я с 1919 г. являюсь агентом японской разведки».
«Завербован я в 1919 г. в г.Омске секретарем японской военной миссии при Колчаке капитаном Като».
«Наша организация основной целью ставила свержение советской власти, вооруженное отторжение Казахстана от СССР и создание буржуазного казахского государства под протекторатом Японии».
…«Основными руководителями национал-фашистской организации являлись: Букейханов Алихан, Рыскулов Турар, Ходжанов Султанбек и Нурмаков Нигмет, с которыми я осуществлял организованную связь».
Мен профессор Ермековтің өмірін зерттеумен қырық жылға жуық айналысып келемін. Орыс тілін өте шебер меңгерген, әр сөзіне терең мән-мағына сыйдыратын, математикалық талдау қабілеті мықты, ғылыми ойлау жүйесі терең ғалымның енді ғана құрылған Алаш автономиясын (Қазақ АССР-і 1920 жылы 26 тамызда жарияланды) қарулы күшпен әлі Одаққа бірікпеген КСРО-дан (ол 1922 жылы 30 желтоқсанда құрылған) бөліп әкету туралы жазуы профессор Ермековтің мойындауы емес, шала сауатты тергеушінің сандырағы екені бірден-ақ көрініп тұр.
Ермековтің өзін «ұлтшыл-фашист», «жапон барлауының агенті» деп «мойындауы», өмірде мүлде болмаған, есімі «ойдан шығарылған әлдебір «Като» дейтін капитанмен байланысы да – тергеушінің қиялынан туған шатпақтар.
Марковтың ойына келгенін істегені соншалық, оған «Като» деген жалғыз жапон барлаушысы аздық етіп, оның жанына «Сато» есімді тағы бір офицер және Петров дейтін «связнойды» қосақтаған.
Жаналғыш тергеушіге бұл да жетпеген сияқты. Ол Ермеков «жауабына»: «В разное время мною лично в качестве агентов японской разведки завербован Ауэзов Мухтар – писатель, которого я еще в 1925 году лично связал в г. Москве с капитаном Като и Петровым», – деген М.Әуезовке қатысты тағы бір сандырақ қосады. Бұл болашақ ұлы жазушының тағдырын жар басына әкеп тірейді.
НКВД тергеушілері «жапон тыңшыларын әшкерелеу» жоспарын орындау үшін Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, Ж.Досмұхамбетов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Е.Омаров, А.Қозыбағаров, Ә.Сәтбаев, тағы басқа қайраткерлерді дәл осындай жолмен «мойындатып», олардың бәрін ату жазасына кеседі.
Тергеу материалдарымен танысу барысында тағылған айыптар мен азаптау тәсілімен алынған «мойындауларды» оқудың өзі қиын. Саясаттан бойын аулақ салып, ешбір лауазымды қызмет атқармаған қазақтың аяулы ақыны, жас Мұхтар Әуезовке «Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған әшекейін сүйемінді» айтқызған Мағжан Жұмабаевты сұмдық азаптарға салып: «завербовав меня шпионом в пользу Японии, Букейханов поручил мне вести работу среди казахской молодежи», – деген «мойындауларға» қол қойдырады. Мағжан «мойындауларындағы»: «Япония, этот могущественный монгол, рано или поздно интервирует все пространства от Великого океана до Уральских гор», – деген жапондарды «моңғол» деп кекетіп көрсеткен ғылымға жат, қисынға келмейтін келемежді одан жауап алған надан тергеушілер түсінбеген. Қайткенде Мағжаннан «жапон тыңшысы» жасауды мақсат еткен тергеушіге ол қажет емес еді.
Алаш қайраткерлерінің бәрі дерлік жазықсыз құрбан болған соң жендеттер арандарын революцияның төл перзенттері – коммунист басшыларға қарай ашады. Оларды жантүршігерлік азапқа салып, Ермековті «мойындатқан» тәсілмен өздеріне қажет құжаттарға қол қойдырады.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов сияқты қайраткер тұлғалар одақтық деңгейде танылды. Егер Т.Рысқұлов Ресей үкіметі төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілсе, С.Қожанов республика партия ұйымының 2 хатшысы дәрежесіне дейін өсті. Сұлтанбекті Сталин жақсы білетін.
Жапон тыңшыларын әшкерелеу науқанында асқан белсенділік танытқан НКВД басшысы Н.Ежов Қазақстандағы әшкерелеу жұмысының жоғары деңгейде жүргізіп жатқанын көрсету үшін С.Қожановты ұрып-соғып, азаптау арқылы алынған «мойындатуды» 1937 жылдың 31 шілдесінде Сталиннің алдына қояды. Әрине, ондағы Ежовтың тапсырмасымен НКВД тергеушілері жазған шындыққа мүлде сәйкес келмейтін сандырақтарды Сұлтанбек Қожановтай арлы азаматтың айтуы мүмкін емес екені белгілі. Әйтсе де, адам тағдыры аяқасты етіліп, НКВД тергеушілері жазған бұл құжатпен де таныса кеткен артық бола қоймас. С.Қожановтың қолы қойылған «түсініктерде» төмендегідей шатпақтар кездеседі.
«Я расскажу о той мерзкой, предательской роли, которую я и мои сообщники играли за весь этот период».
«Еще в период гражданской войны алаш-ордынцы связались с представителями иностранных государств, как надежными союзниками в борьбе против Советской власти. Такая связь существовала Букейхановым и японским бароном Унгерном, у Букейханова, Байтурсынова, Тынышпаева с белогвардейцами в Китае».
«Чокаев ведет переговоры с Японией об организации восстания и интервенции в СССР».
«Осенью в 1936 г. в Ташкенте на моей квартире сообщил, что в Алма-Ате Ермековым Алиханом получено предложение от Чокаева начать, через казахских эмигрантов, переговоры с представителями Японии в Китае»
«В 1936 году мною поручено Асфендиярову, Жандосову, Масанчи и Розыбакиеву вести переговоры с японским агентом в Западном Китае об установлении тесной связи с японским правительством в вопросах подготовки войны против СССР и использования нашей организации в интересах Японии» (Лубянка. Сталин и Главное управление госбезопасности НКВД 1937-38. М., 2004, с. 21).
Баянаттың әр тұсында Сталиннің қолынан түрлі еcкертпе мен шартты белгі түсірілген. О.Жандосовтың есімі тұсында «Джандосова взять» десе, фамилиялардың кейбірі қоршауға алынып, тұсына «Ар.», яғни тұтқындау жөнінде белгі соғылған.
Жазбахатта аты-жөнін Сталин жақсы білетін, Қазақстанда жоғары деңгейде басшы қызмет атқарған Рысқұлов, Жандосов, Нұрмақов, Сейфуллин, Құлымбетов, Есқараев, Меңдешев, Сарымолдаев, Асфендияров, Жүргенов, Досов, тағы басқа кеңестік қайраткерлер есімі аталады. Кейін олардың бәрі репрессия құрбаны болды.
Ермеков пен Қожанов «мойындауларын» олардың тарапынан жасалған осалдық ретінде қарауға мүлде болмайды. НКВД жендеттері мұндай «мойындауларды» тергеуге түскендердің бәрінен дерлік алған және олар мұндай құжаттарға ұзаққа созылған қаныпезерлік азаптаулардан кейін есін білмейтін жағдайда қол қойған немесе өздері қоя салған.
Кеңестік қазақ қайраткерлеріне жапон, ағылшын, неміс тыңшылығы ғана емес, ұлтшылдық, контрреволюциялық, буржуазиялық, антисоветтік, исламшыл, түрікшіл деген толып жатқан айыптар тағылып, Троцкий, Каменев, Бухарин, Зиновьев, Рыков, т.б. Сталиннің жауларымен ымыраласты деген ойдан шығарылған жала жабылды.
Пролетариат пен коммунистер көсемі саналатын Ленин революциялық қызметі үшін Қазан университетінен оқудан шығарылса да, кейін экстернмен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген жоғары білімді адам еді. Оның төңірегіндегі Н.Бухарин Москва университетін тәмамдаса, Г.Зиновьев Берн университетінде, Л.Каменев Москва университетінде, А.Рыков Қазан университетінде оқыған, бірнеше шет тілдерін білетін интеллектуалдар болатын.
Бар оқыған-тоқығаны Тифлис діни семинариясымен таусылған шаласауатты Сталин айналасындағылардың білімі, ақыл-парасаты өзінен жоғары болуын қаламады, ал білімдар қайраткерлермен кездескенде білімінің кемшіндігінен өзін қор санай бастады. Сол себепті маңындағы алды – Еуропаның, соңы Ресейдің айтулы жоғары оқу орнын бітірген зиялыларды біртіндеп қызметтен шеттетіп, қуғын-сүргінге ұшыратып, оларды қоғам алдында халық жауы ретінде әбден масқаралаған соң ату жазасына кесіп отырды.
Атылып, келмеске кеткендер орнына айтқанына көніп, айдағанына жүретін Микоян, Каганович, Ворошилов, Калинин сияқты толық орта білімі де жоқ, рухы төмен, кешегі қара шекпен мен кухаркалардың балаларын жинады.
Кеңес Одағы басшысының сенімді серіктері ішінде В.Молотов қана Санкт-Петербург политехникалық институтының үш курсын тәмамдаған инженер болатын. Жігерсіз Молотовтың Сталин алдынан басқаны былай қойғанда өз әйелін репрессиядан аман алып қалуға дәрмені жетпейді. П.Жемчужная 1949 жылы абақтыға жабылып, көсем өлгенше айдауда болды.
Нарком Г.Ягода Н.Хрущевпен бірге ГУЛАГ тұтқындары салған
«Москва-Волга» каналы құрылысында, 1935 жыл
Сталин ресми түрде КСРО Министрлер кеңесі төрағасының қызметін атқарды. Сондықтан оны шетелдік басылымдар Черчилльге ұқсатып, «Премьер Сталин» деп жазатын. Ол кезде Үкімет басшысын КСРО Жоғары Кеңесі бекітетін, ал оның төрағалығын 1938-1946 жылдары ел ішінде кекесінді мағынада «бүкілодақтық староста» деп аталған, ал шетелдік басылымдарда қоқитып «КСРО Президенті» дейтін Михаил Калинин атқарды. Сталин қызметіне бекітетін жарлыққа қол қоятын бұл байғұс оның алдында малайындай құрдай жорғалайтын. Бар оқыған-тоқығаны жұмысшыларға арналған Нарва училищесінің екі курсынан аспаған «КСРО Президенті» әйелі Е.Калининаны (қыз күніндегі тегі – Лорберг) Сталин 1938 жылы түрмеге қамап, айдауға жібереді. Ол Гулагта өлім халіне жеткенде 1946 жылы ғана сорлы күйеуі оны босатып алуға әрең шамасы жетеді. Заң жүзінде мемлекет басшысы саналатын Калининнің отбасын осындай мазақ пен азапқа салған Сталин үшін өзгелердің тағдыры шыбын құрлы да емес еді.
Сталин төңірегіндегілер ішінде ең ұзақ жасап, ең көп жоғары лауазымды қызметте болған адам – А.Микоян. Ел ішіндегі орақ тілділердің «От Ильича до Ильича, без инфаркта и паралича» деген қылжақ сөзіне қалған құбылма қайраткер – осы кісі. Оның да бар білімі Сталин оқыған Тифлистегі діни семинариямен шектеліпті.
Ұзақ жылдар Сталиннің Үкіметтегі бірінші орынбасары қызметін атқарған Л.Кагановичтің білімі де өз деревнясындағы екі сыныптық мектептен аспаған екен.
Кеңес Одағының алғашқы маршалдардың бірі, даңқты қолбасшы ретінде көп дәріптелген, 1925-1940 жылдарға дейін Қорғаныс министрі, кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болып, Саяси бюро мүшелігінен абсолютті рекорд жасаған (34 жыл) К.Ворошиловтың бар оқып тауысқаны өз деревнясындағы екі сыныптық земстволық мектеп болатын.
Сталиннен кейін Кеңес Одағын он жыл қатарынан билеп-төстеп, ойына келгенін істеген Н.Хрущевтің де жоғары білімі болмаған.
Ол 1929 жылы Өндірістік академияға (1925 жылы ашылып, 1941 жылы біржолата жабылған) оқуға түседі. Ондағы бір жарым жыл ішінде жартыкеш білімін толықтырудың орнына академиядағы партком хатшысы қызметін атқарып, «партиялық тазалау» науқанына білек сыбана кірісіпті.
Хрущевтің академияға кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ. Ол 1931 жылы Кагановичтің ұсынысы, Сталиннің қолдауымен бірыңғай партиялық жұмысына ауысып, 35-ке келгенде әрең қолы жеткен академиядағы оқуын орта жолдан тастап кетіпті.
Кеңестік әдебиетте әйдік революционер, жалынды большевик, ірі оқымысты деп асыра мақталған Сталиннің төңірегіндегі сүмелек қайраткерлердің шынайы сықпыты осындай болатын.
Сталин дәл осы принципті республика басшыларын таңдау барысында да берік ұстанды. Қазақстанда большевиктер билігін мойындап, кеңес жағына шыққан, Ресейдің ең таңдаулы университеттерін бітірген, орыс тілімен қоса, бірнеше шетел тілін меңгерген қайраткер тұлғалардың молдығына қарамастан, республика басшылығына бар білімі тіс технигінен аспаған, бірнеше ұмтылып Санкт-Петербург әскери медицина академиясына түсе алмаған Ф.Голощекинді тағайындайды.
Атылар алдындағы Санжар Асфендияров
Егер таңдау коммунист-дәрігерге түсер болса, дәл осы кезде Қазақстанда Денсаулық сақтау министрі қызметін және одақтық деңгейдегі зор лауазым саналатын КСРО Орталық атқару комитеті хатшысының орынбасарлығын абыроймен атқарған Санкт-Петербург әскери медицина академиясының түлегі, өзі жақсы білетін Санжар Асфендияров бар еді.
«Өзі жақсы білетін» дегенді тегін айтып отырған жоқпыз. Сталиннің 1924 жылдың 15 шілдесінен бастап қайтыс болған 1953 жылдың 5 наурызына дейінгі әр күні кімді қабылдағанын мұқият тіркеп отыратын арнайы журнал болған. Ол 1926 жылы С.Асфендияровты 15 ақпан, 15 наурыз және 30 наурызда үш мәрте қабылдаған. Қайраткер-ғалымның ақыл-парасаты, білімі, кәсіби деңгейі, қайраткерлік қабілетінің Голощекинді он орап әкететінін өте жақсы білген. Біле тұрса да, қазақтың игі жақсыларының алтын басын қор етіп, шаласауатты, ұрдажық Голощекинге жығып берген.
Кеңес өкіметін мойындап, 1919 жылдан партия қатарына өткен, әуелі Түркістан өлкесінде, кейін Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанда басшы қызметтер атқарып, Бүкілодақтық Орталық Атқару комитеті хатшысының орынбасарлығына дейін көтерілген бекзат болмысты қайраткер, дәрігер ғалым, тарихшы профессор, бірнеше тілде еркін сөйлейтін Санжар Асфендияровқа үш бірдей капиталистік елдің тыңшысы деген қисынға мүлде келмейтін, жазықсыз жанды нақақтан күйдірген жала жабылады. Оған 1937 жылдың 29 қарашасында тағылған айыптау қорытындысында: «Начиная с 1930 г., занимался активной шпионской деятельностью в пользу Англии, Японии и Германии, систетаически снабжая разведки этих стран секретными материалами», – деген сөздер жазылып, атағы жер жарған қазақ хандардың тұқымы, асылзада азамат ату жазасына кесіледі.
Жиырмасыншы жылдары республика тізгінін Сталин өте жақсы білетін Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Асфендияров, Н.Нұрмақов, Ж.Мыңбаев сияқты қайраткерлердің бірі ұстағанда, қазақ халқының тең жартысын жалмаған зұлмат ашаршылық болмас еді.
Отызыншы жылдары қазақтан шыққан коммунист қайраткерлердің алды одақтық деңгейге көтеріліп үлгерді. Солардың ішінде оза шауып, Ресей үкіметі төрағасының орынбасары лауазымына дейін жеткен Тұрар Рысқұловты Қазақстан басшылығына мүлде жолатпады.
Голощекин Қазақстанға келгенше республика партия ұйымының екінші хатшысы қызметін атқарған Сұлтанбек Қожанов та республикадан шеттеліп, ВКП (б) Орталық комитетінің нұсқаушылығына «жоғарылатылды».
Қазақстан мен Түркістан автономиялық республикаларында бірнеше мәрте министр болып, КСРО Орталық атқару комитеті хатшысының орынбасарлығына дейін көтерілген Санжар Асфендияровтың да қайраткерлік қабілеті пайдаланылмай, ғылыми-ұстаздық қызметке жіберілді.
Республиканы басқаруға КСРО-ның Сауд Арабиясындағы тұңғыш елшісі Нәзір Төреқұловтың әлеуеті емін-еркін жететін еді.
Бұлардың әрқайсысының Сталин төңірегіндегі Микоян, Каганович, Калининдерді әлденеше орап әкететінін көсем өте жақсы білсе де, оларды Қазақстанға мүлде жолатпады.
Жалпы, Сталин қазақтарға ғана емес, барша түркі халықтарына мұрнын шүйіре менсінбей, қомсынып қараған. Үнемі сенімсіздік көрсеткен. Ол 1929 жылдың 14 желтоқсанында Т.Рысқұловты соңғы рет қабылдаған. Бұдан кейінгі 1929-1952 жылдар аралығында О.Исаевтан басқа бірде-бір қазақ қайраткерін табалдырығынан аттатпаған. Өзі «дала қыраны» деп көтермелей баға берген Ж.Шаяхметовтің өзін бір-ақ рет – 1952 жылдың 21 қазанында, оның өзінде сол кездегі Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы Е.Тайбековпен бірге қабылдаған (На приеме у Сталина: Тетради (журналы) записей лиц, принятых И.В. Сталиным (1924-1953 гг.) М., 2010).
Ол Орта Азия республикасы басшыларын да менсінбей, төмен санаған. Кеңес Одағын отыз жыл еркін билеп-төстеген диктатор Орта Азия мен Қазақстанға бірде-бір рет ат ізін де салмаған.
Мұны кейбір сталинтанушылар мен оған табынушылар көсемнің жұмыс графигінің тығыздығымен түсіндіруге тырысады. «Олай емес» дейміз біз. Өйткені ол тек 1937-1938 жылдары доносшыл нарком Н.Ежовты 290 рет қабылдауға уақыт тапқан. Әр кірген сайын жүздеген, мыңдаған адамның басын жалмайтын тапсырма алып шығатын тажалды қабылдауға кеткен уақыттың оннан бірінің есебінен Қазақстан мен Орта Азияға ең болмағанда Октябрьдің 10, 20, 30 жылдығына орай бір рет келуге болар еді, бірақ қолдан жасалған даңқ пен дақпыртқа піскен, дандайсыған диктатор мұны мүлде қажет деп таппаған.
«Орнында бар оңалар» дейді дана халқымыз. Еліміз тәуелсіздік алған соң туған халқының азаттығы жолында құрбан болған Алаш арыстары қайнар бастауында тұрған жапон-қазақ қарым-қатынастары жаңа биікке көтерілді. Бұл – орайы келгенде айтылатын арнайы әңгіменің тақырыбы…