Ал олардың 54%-ы ЖИ-ді апта сайын пайдаланады. Сондай-ақ зерттеу барысында студенттер арасындағы ең танымал ЖИ құралы ChatGPT екені белгілі болған. Студенттердің 66%-ы аталған техноло-гияның көмегіне жүгінеді. Ауқымды зерттеуге әлемнің 16 елінен 3 800-ден астам студент қатысқан.
Қазақстанның білім жүйесі де осыған дейін оқу процесінде ЖИ қолдану туралы өз ұстанымын бекіткен. 2024 жылы ел астанасында өткен «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» саммитінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми жұмысты жазу кезіндегі ережені түсіндірген еді. Министрдің мәлімдеуінше, енді магистрлік, докторлық немесе студенттік жұмысты жазғанда, ЖИ-ді қолдануға рұқсат беріледі. Ең басты шарт – студент мәтіннің ЖИ-мен жазылғанын көрсетуге тиіс.
Десек те, жоғары білім беру жүйесінде ЖИ-ді қолдануға қатысты сан алуан пікір бар. Бірі жасанды зерденің келуі білім жүйесіндегі жылдар бойы үзілмей келе жатқан олқылықтарды әшкереледі десе, енді бірі университеттер ЖИ-мен өмір сүруді үйренуге тиіс екенін алға тартады. Осыған сәйкес, біз таяуда ғана Алматыда өткен Орталық Азиядағы алғашқы IAUP (Халықаралық университет президенттері қауымдастығы) конференциясының аясында жоғары білім беру саласындағы тәжірибелі мамандардың пікірін сұрап білдік. Жиынға әлемнің 15-тен астам елінен, соның ішінде Орталық Азия, Еуропа, Солтүстік Америка және Азия-Тынық мұхиты өңірінен 100-ден астам университет басшылары қатысты. Іс-шараны Almaty Management University (AlmaU) және IAUP ұйымдастырған. Конференция барысында отандық және шетелдік білім жүйесінің сарапшылары ЖИ дәуіріндегі жоғары білімнің трансформациясы туралы газетімізге пікір білдірді.
Әлемдегі білім беру жүйесінің болашағын зерттейтін халықаралық Global Education Futures зерттеу орталығының негізін қалаушы әрі директоры Павел Лукша бүгінгі жоғары білімнің басты мәселесі – қоғам сұранысына толық жауап бере алмауында екенін қадап айтты. Оның сөзінше, қазіргі жүйе бұрынғыдай күтілетін нәтижелерді бере алмай отыр.
– Мұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, қазіргі индустриялық университет моделі шамамен 200 жыл бұрын қалыптасты. Сол уақыттан бері оның негізгі құрылымы айтарлықтай өзгерген жоқ. Ол өз кезеңінде тиімді жұмыс істеді, бірақ бүгінгі әлем мүлде басқа деңгейде. Ол кезде жоғары технологиялар, жасанды интеллект секілді жаңалықтар болған жоқ. Ғылым мен технология бірнеше елде ғана шоғырланды. Ал қазір әлем халқы бірнеше есе өсті. Қоғам күрделене түсті. Өзгерістердің жылдамдығы артты. Технологиялар бұрын-соңды болмаған деңгейде дамыды. Алайда соған қарамастан университеттердің көбі бұрынғы модельмен жұмыс істеуді тоқтатқан жоқ. Соның салдарынан университеттің қоғамға беруге тиіс нәтижелері мен нақты беріп отырған нәтижелері арасындағы алшақтық ұлғайып барады. Бұл жағдайды қоғам да байқап отыр деп ойлаймын. Мысалы, кейінгі жылдары дамыған елдерде жоғары білімге деген сенім ең төмен деңгейге жетті. Қазір халықтың шамамен жартысы жоғары білімді аса құнды деп есептемейді. Мұндай көрсеткіштер университеттер тарихында бұрын-соңды болмаған, – деді Павел Лукша.
Он студенттің біреуі ғана ЖИ-дің толық мүмкіндіктерін түсінеді
Әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерге назар аударсақ, оқу орнындағы студенттердің көбі дипломдық жоба, магистрлік диссертация сынды жұмысты жазу барысында ЖИ құралдарын қолданатынын аңғаруға болады. Расында, сырт сөзге мыңдаған студент күнделікті ЖИ пайдаланатындай болып көрінгенімен, мамандар жүргізген зерттеулер мұны жоққа шығарады. Дәлірек айтсақ, студенттердің басым бөлігі ЖИ-дің кәсіби пайдаланушысы деуге келмейді. Павел Лукша бұл пікірді былайша тарқатты.
– Студенттердің ЖИ-ді пайдалану деңгейі біз ойлағандай жоғары емес. Біз арнайы зерттеу жүргізіп, студенттердің бұл құралдарды қалай қолданатынын талдадық. Нәтижесінде, студенттердің басым бөлігі ЖИ-ді үй тапсырмаларын орындау немесе эссе жазу үшін ғана пайдаланатыны анықталды. Ал әр бесінші студент қана оны шығармашылық немесе күрделі міндеттерді шешу үшін қолданады. Тіпті, он студенттің біреуі ғана ЖИ-дің толық мүмкіндіктерін түсінеді, яғни агенттер құру, бағдарламалау, күрделі процестерді автоматтандыру секілді функцияларды меңгерген студенттер өте аз. Олар көбіне дайын құралдарды ғана қолданады. Ал ЖИ-ді білім беру серіктесі, шығармашылық немесе даму құралы ретінде пайдаланатындар әзірге аз, – деді ол.
Университтер өзінің қоғамдағы рөлін қайта қарастыруға тиіс
Сарапшының бұл көзқарасын Digital Education Council жүргізген зерттеу нәтижелері де растайды. Зерттеу қорытындысы бойынша, студенттердің 58%-ы ЖИ бойынша білімі жеткіліксіз екенін мойындаса, 48%-ы өзінің ЖИ қолданылатын еңбек нарығына дайын емес екенін айтқан. ЖИ-дің кең таралуына қарамастан, әрбір екінші студент өзін осы технологиямен жұмыс істеуге толық дайынмын деп есептемейді.
– Бұдан да маңызды мәселе – көптеген университеттің өзі өзгерістерге дайын емес. Олар студенттердің әрекеттеріне жауап беруге тырысады, бірақ мәселенің түпкі себебін қарастырмайды. Мысалы, бұрынғыдай эссе жаздыруды жалғастырып, кейін оның ЖИ көмегімен жазылғанын анықтауға күш салады. Бұл салдармен күресу ғана. Біздің халықаралық зерттеулер көрсеткендей, мұндай тәсіл мәселені шешпейді. Себебі университеттің өзі өзгеруі қажет. Ол ең әуелі өзінің қоғамдағы рөлін қайта қарастыруға тиіс. Әрине, адамдар бүгінде білімді университеттен тыс жерден де ала алады. Онлайн платформалардан немесе ЖИ құралдарының көмегімен үйренуге мүмкіндік бар. Бірақ бұл университеттің қажетсіз екенін білдірмейді. Керісінше, университеттер өздерінің бірегей функцияларына назар аударуға тиіс. Ол студенттерді ойлауға, ақпараттың шынайылығын бағалауға, бірлесіп жұмыс істеуге және күрделі мәселелерді шешуге үйретуі керек, – деді Global Education Futures зерттеу орталығының негізін қалаушы әрі директоры Павел Лукша.
Анықтау жүйелеріне толық сенуге болмайды
Ал еліміздегі жоғары оқу орындарына ЖИ қалай әсер етті? Қазақстандық университеттер академиялық адалдық пен технологиялық прогресс арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтап отыр? Бұл туралы AlmaU университеті Цифрлық технологиялар және экономика мектебінің деканы Арман Көмекбаевтан сұрап білдік.
– Студенттердің ChatGPT, Google және басқа да ұқсас құралдарды қолдануы – заңды әрі табиғи құбылыс. Біз мұнымен өмір сүруді үйренуіміз тиіс. Қазіргі халықаралық тәжірибеде студенттер ЖИ-ді қай жерде және қандай мақсатта пайдаланғанын көрсетуге міндетті. Тіпті, ЖИ-ге берген сұраныстары (prompt) да диссертация немесе диплом жұмысының ішінде көрсетілуі қажет. Бұл академиялық адалдық қағидатымен байланысты. Біз ЖИ-ді пайдалануға тыйым салмаймыз. Алайда студент оны қай жерде және қалай қолданғанын ашық көрсетуі қажет. Бұл олардың бағасына оң немесе теріс әсерін тигізбейді. Ол кәдімгі ғылыми мақала жазған кезде әдебиеттерге сілтеме жасағанмен бірдей. Қазір антиплагиат жүйелері мәтіннің белгілі бір бөлігі ЖИ көмегімен жазылған болуы мүмкін деген болжам береді. Бірақ бұл нақты дәлел емес. Мәтінді ЖИ жазды деп нақты айту мүмкін емес. Мысалы, біз арнайы тәжірибе жүргіздік. Мен мәтінді толықтай өз сөзіммен жаздым, бірақ кейбір жүйелер оны ЖИ жазған мәтін ретінде анықтады. Керісінше, ЖИ арқылы дайындалған мәтіндер де кей жағдайда тексеру жүйелерінен еш қиындықсыз өтеді. Сондықтан мұндай анықтау жүйелеріне толық сенуге болмайды. Ең маңыздысы, студенттің тақырыпты қаншалықты түсінетінін анықтау, – деді маман.
Онымен қоса, сарапшы қазіргі оқу жүйесі студенттердің білімін бағалаудың жаңа тәсілдерін қажет ететінін атап өтті. Оның пайымдауынша, ЖИ-дің пайда болуы білім беру жүйесінде жаңа дәуірдің басталуына себеп болды.
– Бұрын компьютерлер мен интернет алғаш пайда болған кезде де осындай пікірталастар болған. Сол уақытта адамдар интернеттің білім беру процесіне әсері туралы алаңдады. Уақыт өте келе қоғам жаңа технологиялармен жұмыс істеуді үйренді. Сондықтан жақын арада ЖИ-мен тиімді жұмыс істеудің жолдары да қалыптасады деп ойлаймын. Ал студенттердің ЖИ қолдануы туралы айтар болсам, бұл жайлы арнайы тәжірибе жүргізіп көрмедік. Бірақ біздің ұстанымымыз анық. Студент қандай құрал қолданса да, ең бастысы – тақырыпты түсінуі. Мысалы, бағдарламашы мамандығында оқитын студент дипломдық жоба ретінде белгілі бір бағдарламалық өнім әзірлейді. Иә, ол бағдарламаны жазу барысында ЖИ-ді пайдалануы мүмкін. Бірақ егер студент жүйенің логикасын, архитектурасын және жұмыс істеу принциптерін толық түсінсе, онда мұның ешқандай теріс ықпалы жоқ. Студент тек өзінің жұмысын жылдамдатқан болып есептеледі, – деді ол.
Студенттердің 8%-ы ғана ЖИ құралдарын пайдаланбайды
Деканның айтуынша, қазірдің өзінде Қазақстандағы біршама оқу орындары ЖИ мүмкіндіктерін пайдалану бойынша маңызды қадамдарға бет бұрған. Мұндай жобалар практика мен теорияны қатар қамтиды.
– Университетімізде барлық студент мамандығына қарамастан «Цифрлық дағдылар және жасанды интеллект» пәнін оқиды. Бұл пәннің мазмұны тұрақты түрде жаңартылып отырады, өйткені жаңа құралдар мен модельдер үнемі пайда болып жатыр. Біз студенттерге ең өзекті деген білімді беруге тырысамыз. Сонымен қатар қаржы, экономика сияқты бағыттарда оқитын студенттер Python бағдарламалау тілін, сондай-ақ ЖИ көмегімен деректерді талдауды меңгереді. Біз қазір осындай пәндерді барлық мамандыққа енгізіп жатырмыз, – деді Арман Көмекбаев.
2025 жылы Higher Education Policy Institute (HEPI) жүргізген зерттеу негізінде Ұлыбританиядағы студенттердің 88%-ы ChatGPT сияқты құралдарды оқу тапсырмаларын орындау үшін пайдаланғанын мәлімдеген. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 53% болған.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ