Disney&Pixar студияларының «Ойыншықтар хикаясы 5» анимациялық фильмі биыл әлемнің 40-тан аса тіліне аударылып, дубляждалған. Соның ішінде қазақ тілі де бар. Елордалық көрерменмен бірге біз де сиквелдің қазақ тіліндегі арнайы көрсетіліміне қатысып, бірнеше буын алмасқан кейіпкерлер оқиғасын тамашалап қайттық.
Астронавт Базз Лайтер, ковбой Вуди мен қайсар Джесси – «Ойыншықтар хикаясы» әлемінің ажырамас кейіпкерлері. Оларсыз бұл мультфильмді елестету мүмкін емес. Қанша уақыт өтсе де «Біз балаларды бақытты етуіміз керек» деген миссиясынан айныған жоқ. Жаңа бөлімнің оқиғасына ойысар алдында бұрынғы маусымдарына қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік. Сонау 1995 жылы жарық көрген алғашқы 3Д үлгісінде түсірілген «Ойыншықтар хикаясы» бірден талайдың жүрегін жаулады. Сондағы ойыншықтардың иесі Энди есімді сүйкімді бала еді. Энди үшін ең қымбат ойыншық – ковбой Вудидің орнын сол кездегі заманауи ғарышкер Базз Лайтер басып, Вудидің беделіне қауіп төндіреді. Бәсекелестіктен басталған тартыс уақыт өте келе шынайы достыққа ұласып, мультфильмнің басты идеясына айналды. Төрт жылдан кейін шыққан жалғасында Вуди өзін қажетсіз сезіне бастайды. Дәл осы бөлімде көрермен Джесси, Булзай және Алтын іздеуші секілді жаңа кейіпкерлермен танысты. Олар ойыншықтар әлемін бұрынғыдан да байыта түсті. Үшінші бөлімде Энди есейіп, балалық шағымен қоштасады. Ол өзіне ең қымбат ойыншықтарын кішкентай қыз Бонниға табыстайды. Вуди достарынан бөлініп, өз жолын таңдаған еркін ойыншыққа айналып иесіз қалды. Ал соңғы маусымы тікелей қазіргі жағдаймен байланысты. Яғни бұл кезең «ойыншықтар дәуірі бітті» деген түсінікке қарсы шыққан ойыншық-тардың шытырманға толы оқиғасы баяндалады. Мультфильмге жаңа кейіпкер Лилипад деген ақылды планшет-трансформер қосылды. Үйге Лилипадтың келгені ойыншықтар әлеміндегі тепе-теңдікті бұзып, командаға үлкен сынақ әкелмек. Сөйтіп, технология үстемдік құрған әлемде олар өз орнын сақтап қалу жолында талпынады. Ойыншық-қаһармандар гаджеттер баланы ерте есейтетініне алаңдап, смарт-құрылғыларды бүлдіршін өмірінен алшақтатуға тырысады. Сонымен қатар мультфильмде жарамсыз деп танылған 50 шақты ойыншық-неовирусқа қарсы тұру секілді қызықты сюжеттік желілер бар. Жаңа бөлім қазіргі өмір салты мен балалардың технологиямен қарым-қатынасын көрсету арқылы маңызды әлеуметтік мәселелерді көтереді.
Фильмдерді түрлі елдің аудиториясына бейімдеп, жергілікті тілдерге дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан тәжірибе. Компания жыл сайын фильмдерінің 40-тан астам тілдегі нұсқасын әзірлейді. Соңғы үш жылда Disney студиясы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Аңдар шаһары 2» және басқа да туындыларды қоса алғанда, 10-нан астам фильмді қазақ тіліне аударып, дубляж жұмысын қаржыландырды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліндегі мазмұнға деген сұраныстың жүйелі түрде артып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгін біз қазақша дубляжды қолдап жүрген тіл жанашырларын арнайы жинадық. Мұндай көрсетілімдердің мақсаты – қазақ тіліндегі сапалы мазмұнға деген қолдауды күшейту және көрермен назарын аудару. Соңғы жылдары қазақ тіліндегі фильмдерге деген қызығушылықтың айтарлықтай артқанын байқап отырмыз. Кинотеатрларға қазақша сеанстарға келетін көрермен көбейді, ата-аналар балаларын қазақ тіліндегі фильмдерге жиі алып келе бастады. Бұл – қазақ тіліндегі контент нарығының қалыптасқанын көрсететін маңызды өзгеріс. Әлемдік студиялардың қазақ тіліндегі дубляжға тұрақты түрде инвестиция салуы да осы сұраныстың нәтижесі деп ойлаймын. Сондықтан қазақ тіліндегі фильмдерді қолдауға шақырамыз», – деді Рауан Кенжеханұлы.
Ұлттық фильмдердің сапасы мен бәсін арттыруды мақсат еткен осындай ауқымды жобаның дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, мультфильм – баласын гаджет пен цифрлық буллингтен қорғай алмай отырған ата-анаға сабақ. Жаңа қырынан ашыла беретін бітпейтін франшизаның жалпы мәтінін аударуға, кастингі және дыбыстау жұмыстарына шамамен бір айға жуық уақыт алыпты.
– Бесінші бөлімінің де сәті келді. Фильмде бүгінгі қоғамдағы басты мәселе көтеріледі. Балалар смартфоннан, планшеттен бас көтермейді. Тіпті, бір-бірімен де сөйлеспейді. Міне, осындай жаһандану, цифрландыру, жаңа гаджеттер дәуірінде онлайн өмір мен әлеуметтік желілер әлі санасы бекімеген, бұғанасы қатпаған балалар үшін қаншалықты кері әсер тудыратыны туралы ойды жақсы қозғайды. Бұл жағдаймен бала емес, әке-шешесі емес, осы ойыншықтар күреседі. Туындыда балалар арасындағы буллинг мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жобаның дубляж құрамына кәсіби мамандар, театр және кино актерлері тартылған. Басты кейіпкерлерді тәжірибелі дубляж шеберлері дыбыстаса, қосалқы рөлдерге де көрерменге жақсы таныс өнер иелерін шақыруға тырыстық. Оның ішінде Асан Мәжит, Әбілмансұр Серіков, Зарина Кәрмен сынды көпшіліктің көзайымына айналған әртістер бар, – дейді ол.
Дубляж режиссерінің айтуынша, фильмдегі басты кейіпкерлерге кастинг үшін түрлі эмоциялық сахнаның видеокескіндері жіберілген. Онда кейіпкердің ашулануы, айқайлауы секілді әртүрлі көңіл күйін дубляж актерлері қазақ тілінде дыбыстап, өз қабілетін көрсетуге тиіс. Қазақтілді жоба болғандықтан, басты талаптың бірі – тілдің тазалығы мен табиғи әуезін сақтау. Бұдан бөлек, әртістің кәсіби біліктілігімен қатар, төзімділігі де маңызды.
– Дыбыстау процесі кейде 3-4 сағаттан 10 сағатқа дейін созылады. Басты кейіпкерлердің бірі – жас қыз Боннидің дауысын дубляждаған Айзере Беркімбай үшін бұл үлкен сынақ болды. Ол кейіпкерді қазақ және орыс тілдерінде қатар дыбыстап шықты. Бұл жас актрисаға оңайға соқпаса да, оның қайсарлығы мен еңбекқорлығын айқын көрсетті, – дейді Ш. Ордабаев.
Қуантатыны сол – соңғы жылдары қазақша дубляждалған фильмдерге деген қызығушылық айтарлықтай артты. Бұл көрерменнің ана тіліндегі сапалы контентке сұранысының көбейгенін көрсетеді. Бүгінде қазақ тілі тек тұрмыстық деңгейде ғана емес, заманауи мәдениет пен цифрлық кеңістікте де өз орнын нық қалыптастырып келеді. Арнайы көрсетілімнен шыққан көрермен Айым Балабек те балалардың қазақ тілінде шығып жатқан анимацияларды көруге ерекше құлшыныс білдіріп жатқанын айтады.
«Бұл мультфильмді баламмен бірге көріп шықтым. Ең алдымен қазақша дубляжы көңілден шықты, балаларға түсінікті, жеңіл әрі табиғи жеткізілген. Бала да қызығып отырып көрді. Маған ұнағаны – ойыншық ойнаған бала ғана шын бақытты болатынын түсіндіруінде. Меніңше, бұл балаларға ғана арналмаған, керісінше ата-ана көруі керек сияқты. Баласының достарымен қандай қарым-қатынаста екенін бақылап отыруы керек. Сондықтан «Ойыншықтар хикаясын» кез келген ата-ана еш қымсынбай баласымен бірге көруге тұрарлық туынды деп есептеймін», – дейді көрермен.
«Ойыншықтар хикаясы 5» анимациясын ойнақы кино мен компьютерлік графиканың сапалы симбиозы десек те болады. Өйткені негізгі кейіпкер ойыншықтардан бөлек, эпизодтық рөлдегі үй жануарлары мен қоршаған ортаның басқа да детальдары визуалды шешімнің шынайылығын арттырып, оқиғаға ерекше реңк береді.
Бір кездері ойыншық арқылы достықты, адалдықты, қиялды үйреткен алпауыт компанияның «бітпейтін» туындысы бұл жолы балалардың гаджетке тәуелділігі, шынайы қарым-қатынастың сиреуі, буллинг секілді әлем бойынша өзекті мәселелерге назар аударғандықтан, анимациялық фильм шеңберінен шығып отыр. Бұрын бұл мультфильмді бала болып көрген буын бүгінде ата-ана атанды. Сондықтан «Ойыншықтар хикаясы 5» бірнеше буынды байланыстыратын әрі ересек сананы да селт еткізер отбасылық фильм деуге болады. Ал оның қазақ тілінде сөйлеуі – балалардың ана тілінде сапалы әлемдік контент көруіне жол ашатын қуанышты қадам.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ