in

Shaiqas-2026: армия қуатын арттыратын жарыс

Оған Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Амандық» әскери полигонында өткен Shaiqas-2026 ұлттық инженерлік чемпионатында толық көз жеткіздік. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған чемпионатта дрондар, әскери және азаматтық мақсаттағы роботтарды құрас­тырушылар, киберқауіпсіздік мамандары бақ сынады.

Алғашқы чемпионатқа студенттер, инженерлік мектептер, кәсіпорындар және күш құрылымдары өкілдерінен жасақталған 17 команда қатысты. Жалпы жүлде қоры 20 млн теңгені құрайтын жарысқа қатысу­­шылар «Әуе жүйелері», «Жерүсті жүйелері», «Киберқауіпсіздік» және «Тактика» атты төрт бағыт бойынша бақ сынап, үздіктерді анық­­тады. Чемпионатты Defence Tech Center инновациялық хабы, WSE, Barys Dynamics, Ақмола облысының әкімдігі, USTEM Foundation, Ashyq Aspan Foundation, Cyberlabs қоғамдық қорлары, Astana Hub, Tensor Engineering және Barys Dynamics School ұйымда­ры ұйымдастырып, қол­дау көрсетті.

Жарыс аяқталатын күні полигонға арнайы барған Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов чемпионатты ұйымдастыруға атсалысқан ұйымдар мен құрылымдарға алғыс білдіре келе, бұл жарыстың Қазақстан Қарулы Күштері үшін айрықша мәні бар екенін атап өтті. Министр жарыстағы тапсырмалар­дың ел армияның қызмет бағыттарымен толық сәйкес келетінін айтты. Яғни әуеден барлау жүргізу, жерүсті роботтандырылған кешендерді пайдалану, киберқауіпсіздік, тактикалық және инженерлік даярлық бағыттары заманауи әскер үшін ауадай қажет. Сондықтан чемпионаттың маңызы зор болып отыр. 

«Бүгінде ұрыстың нәтижесін сол алаңды кімнің бірінші көретіні, қарсыластың барлауынан өз әрекетін жасыра алатыны, байланысты сақтап, әскерлердің маневрін қамтамасыз етуі айқындайды. Сондықтан заманауи армия жауынгердің әскери даярлығымен ғана емес, оның ұрыс алаңын­да­ғы басымдығын қамтамасыз ететін тех­нологиялық шешімдерімен де мықты», – деді Қорғаныс министрі үздіктерді марапаттау рәсімінде. Сөйтіп, алғаш рет ұйымдас­тырылған чемпионаттың ел қорғанысы үшін маңызды бағыт екенін меңзеді. 

Shaiqas-2026 чемпионатының қорытын­дысы бойынша бірінші орынды және чемпион атағын «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығының командасы жеңіп алып, 10 млн теңге олжаласа, күміс жүлдені ҚК «Қайсар» командасы (Qaisar VS RK) иеленді. Екінші орын алған командаға 5 млн теңге берілді. Ал қола жүлде Saiman командасына бұйырып, командаға 3 млн теңге табысталды.

«Үздік жерүсті жүйелері» номинация­сында Sunqar Engineering Team командасы, «Үздік әуе жүйелері» номинациясында Visvo командасы, ал «Үздік киберқауіпсіздік» номинациясында «Бүркіт» командасы жеңімпаз атанды. Әр номинацияның жеңімпаздары 600 мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды. 

Әрине, жарыс болған соң жеңімпаздың шығатыны бесенеден белгілі жайт. Дегенмен Shaiqas-2026 чемпионатын тек жарыс емес, қорғаныс өнеркәсібі кешенінің дамуына, Қарулы Күштердің заманауи техникамен жабдықталуына өз әсерін тигізетін бастама ретінде бағалаған дұрыс. Өйткені осы жа­рыс­та үздік деп танылған жабдықтарды армия­ның пайдалануына беру жағы қарас­­­­тырылған. Сонымен қатар мамандардың өзара тәжірибе алмасуы да өзекті болса керек. 

Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуына қарағанда чемпионат еліміздегі дрон, робот құрастырушы инженерлердің, киберқауіпсіздік мамандарының басын қосып, өзара тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылыпты. Жарыс жеңімпаздары алдағы қыркүйекте өтетін «Батыл тойтарыс-2024» оқу-жаттығуында өз жабдықтарын әскери мамандарға көрсетпек екен. 

Жалпы, чемипонатқа қатысуға ниет білдірген командалар саны аз болмады. Чемпионат өтетіні белгілі болған кезде 100-ден астам команда өтініш білдірген. Кейін, түрлі кезеңнен соң финалдық жарыстарға 17 команда шықты. Олардың қатарында азаматтық саланың да, әскери құрылымдардың да мамандары болды. Атап айтқанда, жарысқа армия атынан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының, Құрлық әскерлері әскери институтының және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының коман­­да­лары қатысты. Ал азаматтық саладан Л.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті, Назарбаев университеті, Сүлейман Демирел атындағы университет, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техни­калық зерттеу университеті, Woodson University, META University, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­­ситеті және ALT University командалары қатысты. Сонымен қатар R&D сияқты бірнеше кәсіпорын да өз командаларын әкеліпті. Бұл дегеніңіз еліміздің қорғаныс қабілетін жетілдіруге тек әскери сала мамандары емес, тұтас қоғам мүдделі екенін байқатып отыр. Сонымен бірге чемпионат жастардың заманауи техниканы жетік меңгергенін, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты тың идеялар ұсынуға қабілетті екенін көрсетті. 

А.СҰЛТАН