in

Қазақстанның цифрлық тәуелсіздік қадамы басталды

Осының арқасында еліміз әлем тарихында болмаған «Цифрлық Жібек жолын» қалыптастырады. Қазір Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы қандай сатыға шықты? 

Теңіз түбіндегі тарихи жоба

Елімізді Каспий түбі арқылы интернетке қосатын балама бағыт түзіп, Қазақстанның цифрлық тәуелсіздігін нығайтатын бұл маңызды жоба бес жылдай бұрын қолға алынған еді. Содан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында Азия – Еуропа арасындағы Ресейді айналып өтетін цифрлық транзиттің маңызды буынынның аяқталар мерзімін жариялады.

– 2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталмақ. Еліміз үшін бұл жобаның маңызы зор. Сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз, – деді Қазақстан Президенті. 

Алайда құзырлы орындардың сал­ғырттығы, жауапты шенеуніктердің бюро­­кратиялық баяулығы мен істі созба­лаңға салу әдеті бұл маңызды істі тығы­рыққа тіреді. Салдарынан халықаралық маңызы бар жоба мерзімінде аяқталмақ түгіл, айтарлықтай кешігіп басталды. Биылғы 19 ақпанда Нью-Делиге сапарлаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов Үндіс­танның Премьер-министрі Нарендра Модимен келіссөздер барысында бұл мегажобаның тәмамдалуының жаңа мер­зімін жариялады. «2026 жылы әзербайжан­дық серіктестері­мізбен бірлесіп, Транс­каспий талшықты-оптикалық желісінің құрылысын аяқтауға тиіспіз. Бұл жаһандық деректер трафигі үшін ең қысқа балама маршрутты қамтама­сыз етеді. Сондай-ақ Қазақстанға Шығыс пен Батыс арасындағы цифрлық көпір болуға жол ашады», – деді О.Бектенов.

Кейінірек, 15 мамырда Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшыларының саммитінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев екі ел арасындағы байланыс желісін іске қосуды жеделдетіп жатқандарын жеткізді: «Түркі мемлекет­тері­мен цифрлық даму саласындағы ынты­мақтастық табысты жалғасты. Алдағы айларда Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деп атап өтті бауырлас елдің көшбасшысы.

Ал бір ай өткенде, биылғы 22 маусымда Транскаспий талшықты-оптикалық байла­ныс желісіне (ТТОБЖ) арналған алып суасты кабельдері Бакуге жеткізілді. Әзер­байжандық Report агенттігі хабар­лағандай, жүк қазақстандық Құрық портынан «Әзер­байжан» кемесімен жеткізілді.

«Ірі габаритті және ауыр жүк Қазақстан аумағында 3 арнайы көліктен тұратын автоколоннамен тасымалданды. Содан кейін Құрықта паромға тиеліп, теңіз арқылы Әзербайжанға қауіпсіз өткізілді. Бұған дейін Каспий түбіндегі арнайы зерттеу жұмыстарына біздің «Түркан» ке­ме­сі тартылған еді», – деді теңіз опера­ция­лары бойынша серіктес ASCO компаниясы. 

Кабель төсеудің шешуші сәті

Бұған дейін ТТОБЖ-ға арналған «сауыттағы» оптикалық кабель Қытайда жасалып, сынақтан өткен-тін. Теңіз жұмыс­тары басталар алдында мамандар инженерлік зерттеулер жүргізіп, кемелер тұрағы мен теңіздегі әскери оқу-жаттығу аймақтарын айналып өтетін маршрутты анықтады, сондай-ақ қос тараптан экологиялық рұқсат алды.

Міне, осы маңызды компонентті тасы­малдау тәмамдалғанда жұмыстың көрігі де қыза жөнелді. 2026 жылғы 31 шілдеде Жасанды интеллект және цифр­лық даму министрлігі қолайлы ауа райы жағдайы сақталса, суасты кабелін төсеуді 15-20 күн ішінде аяқтау жоспарланып отырғанын жариялады. Ресми мәліметке жүгінсек, шілде айының соңында маман­дан­дырылған кеме Баку портынан шығып, қазақстандық Ақтау портына қарай бағыт алған еді. Ауыр кабель осы кабелтөсеуші кеменің бортындағы арнайы резервуарға тиелді. Алып су көлігі жол бойы транскас­пийлік талшықты-оптикалық байланыс кабелін төсеумен болды.

Жұмыстарға 20 мың тоннадан астам жүк көтере алатын, жолда адаспау, карта­да­ғы сызықтан жаза баспау үшін динами­калық позициялау жүйесімен жарақталған кеме жұмылдырылды. Бортта 70 экипаж мүшесі, техникалық қадағалау мамандары және «Қазақтелеком» АҚ-ның өкілі болды. Жобаны қазақстандық «Қазақтелеком» телекоммуникациялық алпауыты мен әзербайжандық AzerTelecom International компаниясы құрған CaspiLink B.V. бірлескен кәсіпорны жүзеге асырды. 

Тамыз айының басында кабельдің қазақстандық және әзербайжандық бөлік­тері өзара қосылып, барлық оптикалық желі сынақтан өтті. Дегенмен қазақстандық жауапты министрліктің хабарлауынша, Транскаспийлік талшықты-оптикалық байланыс желісін пайдалануға беру 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев әлі аяқталма­ғанына қарамастан, бұл бағытты пайда­ла­нуға қатысты сұраныстар бүгіннің өзі­н­де түсіп жатқанын хабарлады. «ТТОБЖ биылғы жыл соңына қарай, бері дегенде, ІІІ тоқсан соңында іске қосылуы керек. Тіпті әзірге қолданысқа берілмеген осы бағыт арқылы интернет-трафикті өткізу үшін басқа мемлекеттерден өтінімдер қазірдің өзінде келіп түсу үстінде», – дейді Ж.Мәдиев.

Әзірге Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі құрылысының негізгі кезеңі мәресіне жетті. Бұл туралы 5 тамызда Қазақстан Үкіметі жария етті. «Елімізде телекоммуникация саласындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобаның бірі – Каспий теңізінің түбі арқылы тартылған Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТТОБЖ) салудың негізгі кезеңі аяқталды. Суасты кабелі Қа­зақ­стан жағалауына сәтті жеткізіліп, «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom Inter­national компаниялары жүзеге асырып жатқан жобаның ең күрделі бөлігі бітті», – делінген ресми хабарламада.

Үкіметтің дәйектеуінше, «Ақтау – Сумгайыт» бағыты бойынша өтетін жаңа маршрут Қазақстан мен Әзербайжанның цифрлық инфрақұрылымын біріктіріп, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді жоғары жылдамдықпен тікелей жеткізетін дәлізге айналмақ. Жобаның халықаралық байланыстың сенімділігін арттырып, екі елдің транзиттік әлеуетін күшейтетіні алға тартылды.  ЖИ министрлігі жобаны жүзе­ге асыру үшін қажетті нормативтік, ұйымдастырушылық және кедендік рәсімдердің орындалуын қамтамасыз етті. 

Ведомствоның дерегінше, жоба жұмыс­тары нақты түрде тек 2025 жылы бастау алған. Суасты кабелін төсеу жұмыс­тары 2026 жылдың шілде айында баста­лыпты. Құрылыс тәулік бойы, мамандан­дырылған кеменің көмегімен жүргізілді. Жобаға 70 маман тартылды. 

Еуразиялық цифрлық хаб келешегі

Енді кабельді жағалаудағы инфрақұры­лымға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күзде жерүсті инфрақұрылымының құры­­лысын аяқтап, іске қосу-баптау жұ­мысын және жүйені кешенді тестілеуді аяқтау жоспарланған.

«Бұл жоба кез келген деңгейдегі күрделі инфрақұрылымдық міндеттерді рекордтық мерзімде жүзеге асыра алатынымызды дәлелдейді. Деректерді беретін сигналдың кі­дірісі барынша аз болатын жоғары ж­ыл­дамдықты цифрлық магистраль қалыптас­тырып жатырмыз. Ол халық­аралық трафик сенімділігінің жаңа стан­дарттарын белгі­лейді», – дейді «Қазақтеле­ком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин. Оның пайымдау­ынша, бұл – Қазақстан тарихын­дағы тұңғыш халықаралық желінің стра­те­гия­лық жұмысының тұрақтылығына салынған инвестиция. Сондай-ақ қазақ­стандық бизнеске әлемдік деңгейдегі инфрақұры­лымға қол жеткізіп, жаһандық нарыққа шығу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. 

Магистралды салу және оны кейіннен пайдалану жұмыстарына «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom International компа­нияларының бірлескен кәсіпорны – CaspiLink B.V. жауапты болмақ. Жобаның бюджетке қол жаймай, операторлардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқаны да жақсы жаңалық.

Бұдан бұрын өңірлік цифрлық хаб құру және жалпы Азия – Еуропа трафигінің жергілікті өңделетін транзиттік деректерінің үлесін арттыру бағытында-ғы мемлекеттік міндеттерді іске асыруға жәрдемдесу мақсатында Жасанды интеллект министр­лігі мен жеке компаниялар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бүгінде мемлекет пен жекеменшік сектордың әріптестігі аясында ауқымды жұмыс жүргізіліпті. Жобаларды іске асыруға Freedom Cloud Holding және «Астел» АҚ жауап бермек.

«Батыс – Шығыс» гипермагистралі негізінен халықаралық деректер транзитін күшейтіп, Қазақстанды Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы негізгі бағыттармен байланыстыруды көздейді. Транскаспий магистралі тек Каспий түбімен шектелмейді: ЖИ министрлігінің түсіндіруінше, жалпы ұзындығы шамамен 4,5 мың шақырымды құрайтын, Ақтаудан Қорғас шекара өткеліне дейінгі магис­тралды талшықты-оптикалық байланыс желісі (ТОБЖ) тартылады. 

Бүгінде 4 511 шақырымдық жалпы кабельдің 2,2 мыңнан астамы төселді. Негізгі бағыт Қазақстанның 7 облысы ар­қы­лы өтеді. Демек, осы өңірлердің шал­ғай ауылдарына жоғары жылдамдықты, кеңжолақты интернет қолжетімді болуға тиіс. Бұған тоқмейілсімей, Үкімет ТОБЖ инфрақұрылымымен 13 өңірді қамту мүмкіндігін қарастырмақ. 

Биылғы жылы магистралды желілердің жобалары Freedom Cloud Holding LTD қарамағына өтті. Оның еншілес ұйымы ASTEL АҚ «Ақтау – Алматы гипермагис­тралы» мен ілеспе учаскелердің құрылысын белсенді жүргізіп жатқан көрінеді. 2026 жылдың бірінші жартысында ұзындығы 1 100 шақырым болатын «Ақтау – Сексеуіл» учаскесінің құрылысы біткен. Ал 15 шіл­де­де ұзындығы 930 шақырымдық «Сексеу­іл – Шымкент» учаскенің құрылысы басталды.

Сонымен қатар жалпы ұзындығы 530 шақырым болатын «Сексеуіл – Ақтөбе» учаскесінің құрылысы жүріп жатыр: 123 шақырымы төселді. Биылғы жылдың екінші жартысында магистралды байланыс тораптары мен белсенді желілік жабдықты монтаждау жұмыстары орындалмақ. Гипермагистралдың құрылысын аяқтап, ел игілігіне тапсыру 2026 жылдың соңына жоспарланған.

Жаңа инфрақұрылым 12 Тбит/с және одан жоғары өткізу қабілетін қамтамасыз етуге тиіс. Салыстырар болсақ, орташа есеп­пен 4K форматындағы бір фильм ша­ма­­мен 8-10 ГБ деп есептегенде, бұл бір секундтың ішінде шамамен 1 500-ге жуық фильмді толықтай жүктеп алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 12 Тбит/секундтық интернет ең аз кідіріспен үлкен деректер массивтерін лезде алмасуды талап ететін қыз­меттер үшін технологиялық негіз жасай­ды. Бұлтты платформалар, нейрожелілік және ЖИ-шешімдер, ақылды қала жүйелері, телемедицина, EdTech, финтех-платфор­малар, өнеркәсіптік IoT шешімдері және цифрлық өндірістік контурлар өркендемек.

Елдос СЕНБАЙ