in

Қараусыз ғимарат қауіптің нышаны ма?

Бүгінде шаһардың өзінде ие­сіз қалған 140-тан астам ғи­марат есепке алынған. Қала әкім­дігінің мәліметінше, соның 75-і сүрілген. Бұл – мәселені ше­шу бағытында белгілі бір жұ­мыс­тар­дың атқарылып жатқанын көр­сеткенімен, әлі де назар ау­дару­ды қажет ететін нысандардың бар екенін аңғартады.

Бір қарағанда, қаңырап бос тұр­ған ғимараттар қаланың көркін бұ­затын ескі құрылыстар ғана бо­лып көрінуі мүмкін. Алайда олар­дың артында адам қауіпсіздігі, қо­ғамдық тәртіп, қоршаған ор­та­ның тазалығы секілді маңызды мә­селелер тұр. 

Баспанасы жоқтар «басып алған»

Атырауда заң мен тәртіп ая­сын­да «Айқын нәтиже» жобасы жү­зеге асырылып жатыр. Мақсат – құ­қық­бұзушылықтың алдын алу, қо­ғамдық тәртіпті нығайту және тұр­ғындар үшін қауіпсіз қалалық ор­та қалыптастыру. Жоба негі­зі­нен үш бағытты қамтиды. Олар – қа­раусыз қалған ғимараттарды бұ­зу, бейнебақылау камералары қам­тымайтын аумақтарды анық­тау және көшелерді жарықтандыру. Аты­рау қаласының прокуроры Мер­ген Меңдіғалиевтың айтуын­ша, қараусыз ғимараттарды бұзу жұ­мыстарын  мердігер Energy Systems ЖШС жүзеге асыруда.  

– Қараусыз қалған ғимараттар мә­селесі тек қаланың сәулеттік кел­­бетіне қатысты емес. Иесіз ғи­мараттардың кейбірі ішімдік іш­е­тін немесе тұрақты баспанасы жоқ адамдардың паналайтын ор­ны­на айналған. Сондықтан мұн­дай ғи­ма­раттарды сүру тұрғын­дар­дың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету­мен қатар, қаланың сәулеттік кел­бетін жақсартуға да бағыт­тал­ған, – деді қала прокуроры Мерген Меңдіға­лиев.

Назерке Қалиева – Атырау қа­ла­сының тұрғыны. Жергілікті жұрт­шылық «Шалқыма» деп атап кет­кен шағынауданда тұратын ол жа­тақхана маңындағы қараусыз қал­ған ғимараттың қанша уақыт өт­се де бұзылмай тұрғанына алаң­даулы. 

– Үш балам бар. Бәрі де өсті, аяқ­­танды. Жолдасым қайтты. Қол­да бала-келін, немерелерім бар. Өзім зейнет жасына жете қой­ма­ғандықтан, жұмыстамын. Не­ме­ре­лерім үшін алаңдаймын. Бірі таң­мен, екінші кештетіп сабаққа ке­ліп-кетіп жатады. Келін де, ұлым да жұмыста болғандықтан, не­мерелерім сабаққа өздері б­а­рып-келеді. Біз сол жатақхана маңындағы жеке үйлердің бірінде тұрамыз. Балалардың сабағына ба­рып-келетін жол дәл жатақ­ха­на­ның маңы. Аты шулы жатақ­ха­наны Атырауда білмейтін адам жоқ шығар. Сол жатақхана маңын­дағы үйдің өртеніп, кейін бос қал­ға­ны­на пәлен жыл өтті. Адамдарды қол­мен ұстап алмасақ та, талай шп­риц, бөтелкелерді сол үйдің маңынан көріп жүрдік. Кейде топ­танып кете бара жатқан адамдар да болады. Балалар сабақтан аман-есен келгенше жанымызды шү­берекке түйіп отырамыз. Бірақ жұ­мыста жүргендіктен, уақыт бізге бағына бермейді. Сондықтан қа­ладағы осындай иесіз қалған үйі бар, ғимараты бар, бәрін тезірек сүріп тастаса деймін. Әйтпесе кү­ні­міз бала үшін уайымдаумен өтіп жатыр, – дейді тұрғын.  

Зейнеткер Атамаш Қасым да қараусыз қалған ғимарат­тар­дан бөлек, қала көшелеріндегі жа­рықтандыру деңгейіне де назар аудару керек деп ойлайды. 

– Жарықтандырумен бірге, бей­небақылау камераларының же­т­кіліксіздігі де өзекті. Алды­мыз­да қыс келе жатыр. Кешкі жә­не түнгі уақытта жарық аз түсе­тін көшелермен жүру, қараусыз қалған нысандардың маңынан өту бәрі­бір қолайсыздық туғызады. Жас келген сайын көру қабіле­ті­міз­дің де нашарлайтыны түсінікті. Сон­дықтан мектепке ерте барып, кеш қайтатын бала-шаға, жұмыс­тан қас қарая шығатын үлкендер, кө­лік аялдамаларына жаяу бара­ты­нымыз бар – осындайда көше­лер жарық болумен бірге, қоғам­дық кеңістіктердің бақылауда бол­уы да маңызды ғой, – дейді зей­неткер.

«Айқын нәтиже» жобасы ая­сын­да қазір камералармен қам­тыл­маған аумақтарды анықтау жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Аты­рау қаласының прокуроры Мер­ген Меңдіғалиевтің айтуын­ша, бұл қауіпсіздік инфрақұрылы­мын дамытуда қай аумақтарға ба­­сымдық беру қажеттігін ай­қын­дау­ға мүмкіндік бермек.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұр­ғын үй инспекциясы бөлімі бас­шысының орынбасары Олжас Х­а­сановтың айтуынша, сүрілуі жос­­парланған ғимараттардағы тұр­­ғындардың барлығы көшіріл­ген. Босатылған аумақтардың бір бөлігіне алдағы уақытта жаңа тұр­ғын үйлер мен сауда нысандарын салу жоспарланып отыр.

– Бұл ретте иесіз ғимараттарды бұ­зу жұмыстары қаланың бос жат­қан аумақтарын тиімді пайда­ла­нуға да жол ашады. Яғни қауіп­сіз­дік мәселесін шешумен қатар, қа­ланың құрылыс әлеуетін арт­тыру­ға мүмкіндік береді, – дейді Ол­жас Хасанов. 

21 мың камерасы жеткілікті ме?

Осыдан екі жыл бұрын Аты­рау Қазақстандағы қыл­мыс өршіп тұрған топ үш өңір ті­зіміне кірді. Бас прокуратураның ре­сми мәліметіне сәйкес, Маң­ғыс­тау, Атырау және Павлодар об­лыстары тіркелген қылмыс са­ны бойынша көш бастаған еді. Одан бері арада екі жыл өтті. Аты­­рау облыстық полиция депар­та­ментінен білгеніміздей, қазір бір ғана қала аумағына 21 мың бей­­небақылау камерасы орнатыл­ған екен.

– Жалпы, қоғамдық тәртіпті сақ­­тау – полиция үшін ең басты мис­сия. Біздер иесіз ғимараттар бол­са да, болмаса да жұмы­сы­мыз­ды жалғастыра береміз. Жыл ба­сы­­нан полиция департаменті қыз­­­­­меткерлері «Қауіпсіз үй» же­дел профилактикалық іс-шарасы аясында 8 479 тұрғын үйді тексер­ді. Тексеру барысында жеке және жал­­дамалы үйлер, көпқабатты тұр­­ғын үйлердегі пәтерлер, сая­жай­­лар, шаруа қожалықтары мен қа­раусыз қалған ғимараттар қам­тыл­ды. Қауіп болуы мүмкін ай­мақ­тар қаш­ан да бақылауымызда, – дейді Атырау облысы полиция депар­та­мен­тінің баспасөз хатшысы Мейі­рім Ердәулет.  

Аты шулы Жангелдин траге­дия­сын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Бүкіл Қазақстанды дүр сіл­кін­дірген қанды қылмыс кезінде бір отбасының мүшелері түгел көз жұмған еді. Ата-енесін ауылдағы өз үйлерінде, қос балдызын қала­дағы жалдамалы үйде өлтірген Сұл­тан Сәрсемалиевтің қыл­мыс­тан кейін ұзақ уақытқа дейін жа­сырына алуына да бақылау каме­ра­сы жоқ «соқыр аймақтардың» әсе­рі болды деп айта аламыз. Се­бе­бі қылмыстық оқиға толық баян­­далған сот залынан білге­ні­міз­­дей, Сәрсемалиев Атырау қа­ла­сы маңында жалдап тұрған үй­лер камерамен жабдықталмаған, по­лицияның толықтай бақы­лауын­­­­дағы учаскелер емес.

«Соқыр аймақ» дегеннен шы­ға­ды, осыдан бір жыл бұрын Жылы­­ой ауданында болған қанды қылмыс та әлі күнге дейін ел есін­де. 7 жасар қыз баланы қорлап өл­тір­ген қылмыскер әрекетін «со­қыр аймақта» жасаған болатын. Қыл­мыстың қанды ізін анықтауға ке­дергілердің болуына да сол ка­мера орнатылмаған аумақтың көп болуы кері әсерін берген еді. Сон­дық­тан бейнебақылау камера­ла­рын қалалық жерге ғана емес, ауыл-аймақтарға да орнатудың маңы­зы зор. 

Атырау облысы полиция де­пар­таментінің ресми мәліметінше, биыл­ғы жылдың алғашқы 10 айын­­да Атырау облысында ка­ме­ра­лар көмегімен 735 қылмыс ашыл­ған екен. 2025 жылы 302 қыл­мыс қылмыс ашылған. Бұл цифр­лар өңірдегі криминогендік жағ­дайды бағалаудың басты кри­терийі бола алмауы мүмкін. Де­ген­мен қылмыстың алдын алуда, қо­ғамдағы тәріпті, қауіпсіздікті сақ­тауда – көшедегі бейнебақылау ка­мераларының қаншалықты маңызды рөл атқаратынын көрсе­теді. 

Әлеуметтанушы Ақтоты Дәу­летбаеваның ай­туын­ша, қараусыз қалған ғимараттар – тек қаланың көркін бұзатын ны­сандар емес, қоғамға да кері әсе­рін тигізетін мәселе. 

– Мұндай ғимараттар көбей­ген сайын тұрғындардың қауіп­сіз­ді­гіне қатысты алаңдаушылығы ар­­тады. Әсіресе иесіз қалған, қор­­­­шауы жоқ, кез келген адам кі­ріп-шы­ға алатын нысандар түрлі ке­леңсіз жағдайларға себеп болуы мүм­кін. Оның үстіне, адам тұра­тын ортаның да көңіл күйге әсері бар. Қираған ғимараттар, қараусыз қалған аумақтар қаланың жалпы келбетін өзгертіп қана қоймай, тұр­ғындардың өз ортасына деген көз­қарасына да ықпал етеді. Адам өзі өмір сүретін жердің таза, қауіп­сіз әрі жайлы болғанын қалайды. Ал осындай мәселелер ұзақ уақыт ше­шімін таппаса, халықтың жер­гі­лікті билікке деген сеніміне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл мә­­­­селеге тек құрылыс немесе сәу­лет тұрғысынан қарамау керек. Ең алдымен, мұндай аумақтарда тұ­ра­тын адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығы ескерілуі қажет. Қа­лай десек те, қараусыз қалған ғи­­мараттар ретке келтіруді, мүм­кін­дігінше қайта пайдалануды не­м­есе сүріп тастауды қажет етеді, – дейді әлеуметтанушы.

Ресми деректерге сәйкес, қа­рау­сыз ғимараттар мәселесі жал­ғыз Атырау облысында ғана емес, Алматы, Шымкент, Павлодар, Қа­рағанды, Өскемен, Тараз және Қос­танай қалаларында да айрық­ша байқалып отыр. Торғай төсін­де­гі Арқалық қаласындағы бос қал­ған аумақтар мәселесі өз ал­ды­на бөлек тақырып. Қалай десек те, ие­сіз ғимараттарды сүру уақыт оз­дырмауы қажет.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы