Бүгінде Сыр өңіріндегі бейбіт өмірдің қадірін ұғындырып жүрген соңғы майдангер – Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде тұратын Яхия Тасыров ақсақал.
Ғасырдан асқан тұлға
Ғасырдан асқан ғұмыр иесі бүгінде 105 жасқа толып отыр. Елдің ақ батасын алып отырған абыз қарияның айтары аз емес. Оның өмір жолы ерлік пен елдікке, төзім мен табандылыққа толы.
Яхия Тасыров Тереңөзек ауданындағы Ақтүйе ауылында дүниеге есігін ашады. Балалық шағы ел басына түскен ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. 1930 жылдардағы ашаршылық нәубеті олардың отбасына да оңай тимеді.
Әкесінен ерте айырылған бала Яхия анасының қамқорлығымен өсті. Заманның қиын-қыстау кезеңінде тағдыр тауқыметін тартқан ана екі баласын ертіп Ташкентке қоныс аударады. Сол жерде болашақ майдангер еңбекке араласа бастайды. Алдымен Ташкенттегі училищені ойдағыдай бітіріп, кейіннен тоқыма фабрикасына жұмысқа орналасады. Жастайынан еңбек ерте есейтіп, маңдай термен нан табуға машықтанады.
1941 жылы соғыс өрті тұтанғанда Яхия Тасыров та көппен бірге Отан қорғауға аттанады. Соғыс өртінің шырмауында қалған кезеңде ол алдымен Фрунзе аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылып, Омбыдағы әскери дайындық курсынан өтеді. Кейін Сталинград майданына жіберіліп, тарихтағы ең қанды шайқастардың біріне қатысады.
Жас сарбаздың алғаш кезден көрмегені жоқ. Майдан даласында окоп қазып, танкіге қарсы орлар жасап, жаумен бетпе-бет шайқасқа түседі. Бір сөзбен айтқанда, оның майдан даласындағы әр күні өлім мен өмірдің арпалысына толы болды.
Қарт майдангер сол бір ауыр күндерді әлі күнге дейін есінен бір сәтке шығарған емес. Оның айтуынша, соғыс адам баласына тек қайғы мен қасіретті күндерімен ғана есте қалатын ең қорқынышты кезең болып саналады.
Сол уақытта соғыс өрті көптеген жазықсыз тағдырды талқандап, талай шаңырақты ортасына түсірді. Ақ жаулықты аналарды жарынан айырып, жесір етсе, көптеген бейкүнә бүлдіршінді әкеден айырып, жетім етті. Талай шаңырақты шайқалтты. Қария ол кезеңді тек адамзат тарихында қасіретті сәттерімен ғана есте қалғанына қынжылыс білдіреді.
Бозбала сәті оқ пен оттың ортасында өткен оған Сталинградтағы шайқастарда талай қаруласының қаза болғанын көру оңай соқпады. Бұл жас жауынгер үшін өте ауыр соққы болды. Бірақ сол уақытта қолына қару ұстаған әрбір жауынгерді елге деген сүйіспеншілік пен жеңіске деген сенім алға жетеледі.
Кейін Яхия Тасыров Курск доғасындағы шайқастарға да қатысады. Майдан даласында жауынгер станокты пулеметтің оқтаушысы болыпты.
Яхия талай мәрте неміс танктері мен артиллериясының жойқын шабуылдарына қарсы тұрған. Соғыс даласында алғаш рет осы ұрыста жараланыпты.
Кезекті бір соғыс сәтінде жау оғы қолын жанап өтіпті. Қатты жараланған оны госпитальға жібергенде, өз майдандастарынан қалыс қалып қойғанына қынжылып, жылаған сәті қарт солдаттың әлі күнге дейін есінен кеткен емес. Ардагер сол сәтті күні кешегідей жиі еске алады. Бұл оның Отан алдындағы жауапкершілікті қаншалықты терең сезінгенін көрсетсе керек.
Жарақаты жанына қатты батса да, ел алдындағы азаматтық парызы мен майдандастарынан жырақта қалғаны жігерін жасытпапты. Есесіне жарақатынан тез айығып, соғыс даласына қайта оралуға асығады.
Жаужүрек жауынгер Берлинге жақын маңдағы шайқастардың бірінде екінші рет ауыр жарақат алады. Бұл жолы наряд жарықшағы екі аяғына бірдей тиіп, әскери ұшақпен Мәскеуге жеткізіледі. Алты ай бойы госпитальда ем қабылдаған майдангердің аяғын дәрігерлер аман алып қала алды. Алайда сол бір жарақаттан кейін бір аяғындағы оқ жарықшағы әлі күнге дейін сақталып қалыпты.
Қарт жауынгердің майдан даласында көрсеткен көзсіз ерлігі ескерусіз қалмады. Соғыс кезінде көрсеткен ерен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып, сержант атағын алады. Сонымен қатар І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталыпты. Көзсіз еріктің үлгісіндей болып, кеудесі медальға толы. Бұл марапаттар қанқұйлы кезеңде жүріп өткен жолының белгісі, елі үшін жасаған ерен еңбегінің айғағы десек қателеспейміз.
Көптеген майдангер секілді ол да Берлинге дейін жетіп, Жеңісті сол жерде қарсы алуды армандаған екен. Алайда ауыр жарақат салдарынан Мәскеу госпиталінде жатқанда Германияның толық тізе бүккені туралы хабарды естиді. Бұл қуанышты сәт оның жадында мәңгі сақталған.
1946 жылдың қыркүйегінде туған жеріне оралған Яхия ақсақал бейбіт өмірге араласып, ел игілігі үшін еңбек етеді. Ұзақ жылдар Тереңөзектегі астық қабылдау пунктінде жұмыс істеп, ел экономикасының дамуына үлес қосады. Қай салада жүрсе де адалдық пен еңбекқорлықты ту еткен майдангер айналасына сыйлы болды.
Ардагер отбасын құрып, төрт бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған бақытты ата. Ел-жұрты оны мейірімділігі, қарапайымдылығы және жанашырлығы үшін ерекше құрметтейді.
Ғасырлық тарихы бар тағылымды өмір жолынан өткен Яхия Тасыров қоғам өмірінен де шет қалған емес. Ол жастармен жиі кездесіп, соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп жүреді. Жас ұрпаққа бейбіт өмірдің қадірін, Отанды сүюдің маңызын түсіндіруден әсте шаршаған емес.
Яхия ақсақал ешқашан атақ қуып, өзін алға шығарған адам емес. Ол майдандағы ерліктері туралы көп айта бермейді. Алайда оның өнегелі ғұмыры нағыз батырлықтың үлгісі көрсетеді.
Соғыс салған сүрлеу
Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі саналады. Сол бір 1941-1945 жылдары болған сұрапыл майдан талай адамның өмірін жалмап кетті.
Өзге елдермен қатар бұл алапат соғыс қазақ даласына да ауыр зардабын тигізді. Соның ішінде ел басына күн туған шақта Сыр өңірінің азаматтары да қолына қару алып, Отан қорғауға аттанды. Майдан даласындағы жанқиярлық ерлік пен тылдағы тынымсыз еңбек арқылы сырбойылықтардың Жеңіске қосқан үлесі өлшеусіз болды.
Соғыс басталған алғашқы күннен-ақ Қызылорда облысында әскери комиссариаттар жанынан әскерге шақыру жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Тіпті, жас жігіттермен қатар өз еркімен ел ағалары да майданға сұранып барыпты.
Тарихи дерекке сүйенсек, сол кезеңде Сыр өңірінен 70 мыңға жуық азамат соғысқа аттанған. Олардың арасында ауыл еңбеккерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, теміржолшылар, студенттер мен өнер адамдары да болыпты. Өкінішке қарай, сол азаматтардың жартысына жуығы туған жерге қайта оралмаған. Бұл әр шаңыраққа қайғы әкелген ауыр қасірет еді.
Сыр бойынан шыққан жауынгерлер Кеңес әскері құрамында Мәскеу түбіндегі шайқаста, Ленинград қоршауында, Сталинград майданында, Курск доғасындағы қанды ұрыстарда ерекше батылдық танытты. Олар жауға қарсы жан аямай шайқасып, қайсарлық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Көптеген жауынгердің ерен еңбегі еленіп, орден-медальдармен марапатталып, ел мақтанышына айналды. Осылайша, соғыста ерлікпен қаза тапқан боздақтардың есімі туған жер тарихында мәңгі сақталып қалды.
Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласымен қатар тылдағы еңбек те орасан маңызға ие болды. Майданға кеткен ер-азаматтардың орнын қарттар, әйелдер мен балалар алмастырды. Олар таңның атысы, күннің батысына дейін егіс даласында, мал шаруашылығында, өндіріс орындарында аянбай еңбек етті. Елдегі барлық күш майдан қажетін өтеуге бағытталды.
Сыр диқандары өндірген күріш сол жылдары майдандағы жауынгерлер үшін аса маңызды азықтың бірі болды. Диқан қауымы ауа райының қолайсыздығына, техниканың тапшылығына қарамастан, мол өнім алуға күш салды. Әйелдер кетпен шауып, су тасыды, егін екті. Балалар да еңбекке ерте араласып, үлкендерге қолғабыс болды. Соғыс жылдарындағы осындай халықтың төзімі мен бірлігі бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге болып жетіп отыр.
Негізі, Қызылорда өңірі соғыс жылдары тек азық-түлікпен ғана емес, мәдени және өндірістік тұрғыдан да майданға қолдау көрсеткені айтылады. Аймаққа эвакуацияланған зауыттар мен өнер ұжымдары орналастырылған. Олар өндіріс жұмысын жалғастырып, майдан қажеттіліктерін өтеуге атсалысқан. Театр және өнер адамдары жауынгерлерге рухани қолдау көрсету мақсатында ұдайы концерттер ұйымдастырып тұрыпты.
Соғыс кезінде халық арасында патриоттық рух ерекше жоғары мәнге ие болды. Ел ішінде «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» деген ұран кең тарады. Қарапайым халық қолындағы барын майданға жіберіп отырды. Әйелдер жылы киім тоқып, қариялар батасын беріп, аналар ұлдарын Жеңіс үшін аттандырды. Бұл кезең халықтың ауызбіршілігі мен рухының мықтылығын көрсетсе керек.
Сыр өңірінен шыққан көптеген майдангер елге оралған соң да халық шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Олар соғыстан кейінгі қиын кезеңде елді қалпына келтіру жұмыстарына белсенді араласты. Ардагерлер жастар тәрбиесіне көңіл бөліп, ерлік пен елдіктің озық үлгісін кейінгі ұрпаққа насихаттады.
Бүгінде майдангерлердің қатары сиреп барады. Уақыт өткен сайын соғыс куәгерлері азайғанымен, олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Қазір өңірде ардагерлерге құрмет көрсету, ескерткіштерді жаңғырту, тарихи деректерді жинақтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мектеп қабырғаларының да ерлік сабақтары тұрақты түрде ұйымдастырылып, жас ұрпаққа батырлардың өмір жолы насихатталып жүр.
Қалай дегенде де, соғыс сүрлеуі оңай болған жоқ. Жеңіс жолы батыр бабалардың қаны мен аналардың көз жасымен жетті. Сондықтан сұрапыл соғыс жылдарында Сыр өңірінің де тарихы қатпарлары жатыр. Ал оны ұлықтау, ел үшін жанын қиған боздақтардың есімін әрдайым құрметтеу кейінгі ұрпақтың басты парызы болып қала бермек. Сол себепті Сыр өңірінің майдангерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі әрдайым ел жадында сақталады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы