in

Квотаға жарымайтын қор

Алайда саланың әттеген-айы көп. Ал мамандар сол мәселенің түбін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына апарып тірейді. Олай болатын жөні де бар. Құрылғалы бері талай сынға ұшыраса да қызметін алаңсыз жүргізіп келеді. Әлбетте, халық денсаулығын ойлағанда қалтқысыз қызметті қамтамасыз етіп тұратын жүйенің болғаны да дұрыс. Бірақ сол жүйенің өзі елге қолайлы болса, сөз бар ма?! Бір жылда халықтан 1,3 трлн теңгені міндеттеп жинап алатын қор ендігі халыққа да ың-шыңсыз қызмет қылуы керек еді. Алайда жыл сайын мың-мыңдап саналатын арыз-шағым жағдайға басқаша қарауға сілтейді.

Әңгіме болып отырған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының былтыр елден әлгіндей қаражат жинап алғаны – ресми мәлімет. Соған қарамастан, қазақстандықтар бәрібір денсаулығына қатысты талдау мен тексерулерге және солардан анықталатын түрлі ауруын емдетуге өз қалтасынан қаражат шығаруға мәжбүр. Бұл келеңсіз жағдай қалай қалыптасып отыр?

Медицина мекемелері қарызға батқан

Мәселен, ел азаматтары заңмен мін­деттелген дағдымен ай сайын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарын тұрақты төлеп келеді. Соған сай жүйеден қолжетімді медицина күтеді. Ақысын уақытымен төлеп тұрған соң керекті қызметті талап ету заңды құбылыс. Бірақ бұрыннан қалыптасқан жағдайдың өзгерген түрі жоқ, ұзын-сонар кезек сол қалпы. Оған шыдамасаңыз, ақылы медицина «мәрһабат» деп алдыңыздан шығады. 

Ол келеңсіз жайт неден шығады? Себебі квота таусылған, тексерілейін десеңіз, дәрігерге жазылу бір айға дейін созылып кетеді. Мұндайда айлап күткісі келмеген адам шұғыл көмек үшін қалта­сы­нан төлеп қаралуға мәжбүр болады.

Осындай ойды медицина саласының маманы Сәдуақас Байғабыловтың пікірі қуаттай түседі. Оның сөзінше, ең сорақы­сы – дәрігерлер де, қажетті медициналық құрал-жабдықтар да көп жағдайда бар. Бірақ МӘМС қоры басшысы Гүлмира Сәбденбек бекіткен «лимит» таусылып қала береді. Ал ауруханаларға қор белгіле­ген қаржыландыру көлемінен артық науқастарды тегін қабылдауға рұқсат берілмейді.

Сайып келгенде, парадоксқа тап боламыз. Жұмыс істеп тұрған жүйе бар, оған ақша тұрақты жиналып жатыр. Бірақ медициналық көмек дәл қажет сәтінде қолжетімсіз. Оның үстіне, осы күні мем­ле­кеттік емханалар мен ауруханалардың біразы қаржылық тұзаққа қамалған, шетінен қыруар қарызға батып қалған.

Бұл неден туындайды? Сарапшының пікірінше, ӘМСҚ тарифтері көптен бері нақты шығындарды өтемейтін болған. Есесіне дәрі-дәрмек қымбаттап жатыр, құрал-жабдықтар тозып барады, оған қоса, коммуналдық және кадрлық шығын­дар өсіп кетті. Ақырында ауруханалар адамдарды өз шығынына емдеп, қарыз­дарын үсті-үстіне көбейтіп алған. Бүгінде елдегі медицина мекемелерінің берешегі 140 млрд теңгеден асқанын айтады.

Демек, осы қарыздың бәрі айналып келіп халықтың қалтасынан шығады. Біріншіден, халық алдымен МӘМС-ке міндетті жарна аударады, кейін ақылы түрдегі қабылдау, талдау және тексерулер үшін екінші рет шығындалады. Осыларды қорыта келгенде, орынды сұрақ туындайды: жұрт қолжетімді медицинаны сезінбесе, әлгі 1,3 трлн теңге қайда кетті?

Оған жауап іздеудің орнына қор ел азаматтарына қатаң ескерту жариялайды. Айталық, ондағы «сақтандырылған» деген мәртебе тек соңғы 12 ай ішінде төлемдерін үзбей жасап отырғандарға ғана беріледі. Ал арасын үзіп алғандарға мұндай мәртебе уақытша тоқтатылады. Сөйтіп, ол адам жүйеден шығып, тегін медицинадан айырылады. Жұртқа ақша төлетуге келгенде құзырлы органдар мұқият қарайды. Жарналар мен аударым­дарды төлеу мерзімі бұзылса, онда өсімпұл, тіпті салықтық органдары әкімшілік шара қолданады. 

3,5 млрд қайдан жүр?

Қолжетімді медицина демекші, арыз-шағымның көп екенін жоғарыда айттық. Ресми дерек бойынша, былтыр қор жүйесіне барлығы  23 022 шағым түскен. Бұл қайта азайғаны. Алдыңғы жылы одан 4 мыңнан аса көп болған. Енді шағым жеткізу арнасы тарыла түсті. Денсаулық сақтау министрінің биылғы 13 наурыздағы бұйрығы бойынша, ендігәрі 1414 бірыңғай нөмірімен қабыл­данбайды. Ол нөмірден тек ТМККК және МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек алу мәселелері бойынша кеңес қана беріледі. Ал өкпе-наздың бәрін тек қордың ресми сайты – msqory.kz немесе Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы жолдау керек.

Шағым статистикасы аз болмаған соң саладағы қаржыландыру жүйесінде шикілік бары ойға қона бастайды. Аталған қор соның шешімі ретінде биыл сәуірде Qalqan дейтін платформа енгізді. Қаржы процестерін автоматтандыруға арналған жүйе медици­налық қызметтерді есепке алу, тексеру және олардың ақысын төлеу шараларын жүр­гізіп отырады. Бірақ сала сарапшысы оның жұмысы тиімді боларына күмәнмен қарайды. Өйткені атап өтерлік тағы бір жайт бар. 

Денсаулық сақтау министрлігі 2024-2025 жылдарды қорытындылап, стацио­нарларда дәрілік заттарды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізудің арқасында шамамен 3,5 млрд теңге үнемделгенін жариялады. Әңгіме клиникалық фарма­кология жайында болып отыр. Соңғы үш жылда стационарлық көмек көрсететін меди­циналық ұйымдардың небәрі 34,1%-ында ғана тиісті бөлімшелер құрылған. 

Сәдуақас Байғабыловтың сөзінше, «клиникалық фармакология» деп отыр­ғанымыз кванттық компьютер сияқты түсінуге қиын дүние емес. Қарапайым тілге салсақ, дәрілік препараттарды та­ғай­ындауға жүргізілетін кәдімгі кәсіби бақылау. Мәселен, науқасқа екі препарат жеткілікті болған жағдайда бес рет тағай­ын­дап жібермес үшін немесе антибиотик­терді «сақтық үшін» деп жаза бермей, нақты қажет көлемін ғана тағайындау үшін керек. 

Соны ауруханалардың үштен біріне енгізудің арқасында 3,5 млрд теңге артық жұмсалып жатқанын анықтаған болса, қалған 66%-ында қанша шығын кетіп жатқанын кім біледі? Тіпті маманның айтуынша, ең бастысы 3,5 млрд емес. Қиындықтың бәрі қаржының жетіспеуінен емес, жұмыстың тиімсіз ұйымдасты­рылуынан болғанын министрліктің өзі мойындап отыр деген сөз. 

Даулы істерден МӘМС-тің іргесі аулақ

МӘМС қоры медициналық көмекті жарытпауы былай тұрсын, саладағы дау-дамайдан да сытылып шығудың шебері. Жуырда Қарағанды облысы прокуратурасы таратқан мына мәліметке қарайық. Тек­серу барысында әйелдерден жүктілікті жасанды түрде үзу, яғни аборт отасы үшін жеке клиникалардың негізсіз ақша алғаны анықталған. Аборт – айтқымыз келмейтін мәселе болғанымен, сөз төркіні басқада. Заң бойынша мұндай қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетілуі керек. Осындай жолмен медицина мекемелері жүйеден бір, пациенттен екінші рет ақы алып келген. Соңғы 3 жыл ішінде осындай 775 жағдай белгілі болып, олардың жалпы құны 22 млн теңгені құраған. 

Бұдан бөлек, қазір түрлі ақпарат көзін­де жазылып жатқан Абай және Қызылорда облыстарындағы жайттар да ерекше мысал бола алады. Онда зертхана жұмысымен айналысатын жекеменшік клиникалар мемлекеттік клиникаларға көрсеткен қыз­меті үшін сотқа тартылып жақаны айтылады. 

Әлбетте, қандай жағдай болса да анық-қанығы сотта анықталады. Тек сол шығынның бәрін төлеп отырған МӘМС қоры осы дүрмектің арасында неге көрін­бейді? Сол түсініксіз.

Ербол ТҰРЫМБЕТ