Бүгінде меймандарды қарсы алу үшін Қарқаралы, Балқаш қаласы және Ақтоғай ауданына қарасты Шабанбай би ауылдарына басымдық беріліп отыр. Осы нысандардың бастысы Балқаш қаласына сапарлап қайттық.
Ұшақты құшақ жая қарсы алды
Алдымен жаңартылған Балқаш әуежайына бас сұқтық. 1 маусымда Астана мен Алматыдан алғашқы рейстерді қабылдады.
Бүгінде ауқымды қайта жөндеуден кейін әуе айлағы жолаушылар үшін қайта ашылды және Қарағанды облысының курорттық аймағына туристердің өсіп келе жатқан ағынын қабылдауға дайын.
– Әуежайды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізілді. Қаражаттың 90 пайызы республикалық бюджеттен бөлінді, оның бір бөлігі – қайтарылған активтер, – деді көлік және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Мұқашев.
Екі жарым жыл ішінде мұнда әуеайлақ инфрақұрылымы толығымен жаңартылды: рульдеу жолы мен перрон қайта жаңартылды, арнайы көлік қызметінің ғимараты салынды, он бірлік заманауи әуеайлақ техникасы сатып алынды. Аэровокзалда да үлкен өзгерістер бар.
– 1960 жылдардағы ғимарат өте әдемі сәулетпен салынған. Біздің басты міндетіміз – оның тарихи келбетін сақтап қалу және сонымен бірге ішкі жайларын толық жаңғырту. Енді әуежай заманауи талаптарға жауап береді, – деп атап өтті Мақсат Мұқашев.
Торанғалық курорттық кент
Балқаштың курорттық аймағындағы ең танымал жағажайлардың бірі – Торанғалық кентіндегі орталық пирсті абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Жақын уақытта мұнда жаңа серуендеу аумақтары, фотозона аймақтар, заманауи жарықтандыру жүйелері және суға түсуге қолайлы өткелдер пайда болады. Мұның бәрі жайлы демалыс атмосферасын қалыптастырып, туристерді шетелге емес, бірегей Балқаш көлінің жағалауына жиі келуге ынталандыруда.
Ауқымды абаттандыру жұмыстары бүкіл жағалауды қамтиды. Атап айтқанда, Шұбартүбек және Торанғалық курорттық кенттері, Барковское ауданы мен қалалық жағажай жаңартылуда.
Негізгі назар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заманауи туристік инфрақұрылымды дамытуға аударылған.
Жағалау бойына бейнебақылау жүйелері орнатылып, жарықтандыру жаңғыртылуда және қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Барлық жағажайда құтқарушылар кезекшілік атқарады.
Торанғалық пен Шұбартүбекте олар үшін бақылау мұнараларымен жабдықталған арнайы капсулалар салынып, құтқару қайықтарын суға түсіруге арналған өткелдер жасалған.
– Қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету үшін акватория заманауи қалқымалы белгілермен бөлінеді. Оларды Торанғалықтағы жергілікті кәсіпкер шығарады. Енді пластик бөтелкелер мен таспалардың орнына барлығы бірыңғай стильде рәсімделеді. Суға шомылуға арналған аймақтар мен катерлер және гидроциклдердің қозғалыс дәліздері нақты белгіленеді. Шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындар мәслихат шешімімен бекітілген, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Өткен жылы Бертіс шығанағы аумағында, сондай-ақ Торанғалық пен Шұбартүбекте 13 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Маусым басталғанға дейін жағажайларға апаратын жолдарда қосымша дәретханалар, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар және қоқыс жинауға арналған контейнерлік алаңдар орналастырылады.
Байланыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Балқаш бағыты бойынша 16 антенналық-діңгекті құрылым мен бір базалық станция орнату жоспарланып отыр.
Туристер мен қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі – жағалау да жаңартылды. Бүгінде бұл балалар және спорт алаңдары, веложолдар мен отбасылық демалыс аймақтары бар заманауи серуендеу кеңістігіне айналды.
Сонымен қатар Бертіс шығанағын санациялау жұмыстары жалғасуда.
– Өткен жылдың күзінен бері Бертіс шығанағын санациялау жұмыстары жүргізілуде. Акватория тазартылып, заңсыз пирстер, қамыс қопалары мен лайланған учаскелер алынып жатыр. Мердігер ұйым қазан айына дейін жағалау сызығынан 200 метрге дейінгі тереңдікте шамамен үш шақырым акваторияны тазартуды жоспарлап отыр. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін жағалауды абаттандыру толық аяқталады, – деп атап өтті Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Көпсалалы аурухана жаңғыртылды
Балқаш көпсалалы ауруханасын ауқымды жаңғырту аяқталды. Барлық жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайтарылған активтер есебінен жүргізілді. Балқаш, Приозерск, Саяқ, Шет және Ақтоғай аудандарының тұрғындарына қызмет көрсететін медициналық мекеме пациенттерді диагностикалау және емдеу үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болды.
Стационар 340 төсекке есептелген және барлық бейінді бөлімшелерді қамтиды. Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында негізгі ғимаратқа ауданы 1,4 мың шаршы метрге жуық жаңа қосымша құрылыс салынды.
– Республикалық бюджет қаражаты есебінен заманауи жабдықтар сатып алынды: қосымша жиынтықтары бар монополярлық ангиограф, магниттік-резонанстық және компьютерлік томографтар, MEDRAD Mark 7 Arterion инъекциялық жүйесі, нейрохирургиялық микроскоп және барлық қажетті медициналық бұйымдар, – деді аурухана директоры Серікбол Түсіпбеков.
Кадр мәселесі де шешілуде. Бүгінде ауруханада 900-ге жуық қызметкер, оның ішінде 150-ге жуық дәрігер жұмыс істейді. Биыл ұжымды травматолог, екі сәулелік диагностика маманы және екі интервенциялық кардиолог толықтырды. Резидентура аяқталғаннан кейін уролог, хирург және терапевтерді қоса алғанда, тағы да бірнеше мамандар келеді деп күтілуде.
BalhashTourFest шақырады
Фестиваль 19 және 20 маусымда дәстүрлі жерде – Ақшағыл кентінде, Рембаза аумағында өтеді. Былтыр оған 50 мыңнан астам адам келген. Биылғы маусымда ұйымдастырушылар рекордтан асады деп күтуде.
– Біз төртінші жыл қатарынан Balkhash Tour Fest өткізудеміз. Бұл жағажай туризмін дамытатын және Балқаш өңірінің тартымдылығын арттыратын зәкірлі жоба. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Былтыр фестиваль 50 мыңнан астам адамды жинады, биыл одан да көп қонақ келеді деп күтілуде. Бұдан басқа, Balkhash Tour Fest республикалық оқиғалар күнтізбесіне енді, – деп атап өтті Қарағанды облысы Туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Биылғы жылдың басты жаңалығы – фестиваль алаңы жаз бойы жұмыс істейді. Демалыс күндері мұнда және Балқаш қаласының мәдени алаңдарында концерттер, спорттық жарыстар және демалушыларға арналған ойын-сауық іс-шаралары өтеді.
Ұйымдастырушылар мазмұнды бағдарлама дайындайды. Танымал қазақстандық әртістер Miras Zhugunussov, AYAU, Bellucci, Domino, Nurlan & Murat және Qazaq Band өнер көрсетеді. Фестиваль аумағында шығармашылық және спорттық аймақтар, фудкорттар, қолөнершілер жәрмеңкесі, ашық аспан астындағы кинотеатр және отбасылық демалыс алаңдары ашылады.
– Кіреберісте қонақтарды интерактивті LED-арка қарсы алады. Бағдарламада сондай-ақ көбік су шашу кештері, яркокросс, су такси, PikeMan жарыстары, жасанды интеллект және крафт ойындары бар. Экологияға және қалдықтарды өңдеуге ерекше назар аударамыз. Стритбаскетболдан, панна-футболдан және би батлынан турнирлер жалғасады. Олардың бірінің жеңімпазы көше билерінің халықаралық фестивалінде Қазақстанды таныстыру мүмкіндігіне ие болады, – деді Balkhash Tour Fest ұйымдастырушысы Ренат Алманов.
Индустриалды аймақ ашылды
Балқаш жағалауында туристік жобаларды жүзеге асыру үшін 14 гектар индустриалды аймақ ашылды. Инвесторларға инженерлік коммуникациялары бар жер телімдері ұсынылады, бұл нысандарды салу мерзімін айтарлықтай қысқартуға және оларды қосу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Жоба Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасын орындау шеңберінде іске асырылды және Қарағанды облысының туристік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Жаңа алаңның басты артықшылығы – дайын инженерлік инфрақұрылым. Мемлекет сумен жабдықтау, кәріз және жылумен жабдықтау желілері учаскелерінің шекараларына жеткізуді қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлердің оларға қосылып, құрылысқа кірісуі ғана қалады.
Индустриялық аймақтың бірінші резиденті «Әділ-құрылыс» корпорациясы болды. Компания Premium Villa Balkhash туристік кешенін салу үшін төрт гектар жерді жалға алды.
– Индустриялық аймақ – бұл мемлекеттің қолдауы есебінен бизнес үшін өте қолайлы жұмыс форматы. Балқашта демалысты заманауи әрі жайлы ету үшін қала басшылығымен тығыз тандемде жұмыс істейміз, – деді инвестор Жақсыкелді Иманбеков.
Кешен орналастырудың екі форматын біріктіреді: еуропалық стильдегі 23 барнхаус және ұлттық колоритті әуесқойлар үшін 21 киіз үй. Жобаның ерекшелігі оның жыл бойғы жұмысында. Барнхаустар қонақтарды жазда да, қыста да қабылдайды, ал 12 үй сауналармен жабдықталады.
Әрбір вилла бассейндері бар жеке аумаққа ие болады.
Бұдан басқа, кешен аумағында ортақ бассейн, волейбол мен баскетболға арналған спорт алаңдары, іс-шаралар өткізуге арналған сахна мен асханасы ашық мейрамханалар салу жоспарлануда.
Тағы екі бастама бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Индустриялық аймақтың қалған 6 гектарына да жаңа инвесторларды қабылдауға дайын.
– Инженерлік инфрақұрылым – жобаның ең шығынды бөлігі. Мемлекет кәсіпкерлерге коммуникация жүргізіп, қолайлы жағдай жасайды, оның орнына бүгінгі күннің шындығына сәйкес келетін жаңа инвестициялық жобалар, жұмыс орындары мен тарту нүктелерін алады, – деді туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Балқашқа деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Жаңартылған жағажай, заманауи инфрақұрылым және қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі – оны Қазақстандағы ішкі туризмнің ең әлеуетті бағыттарының біріне айналдыруда. Өткен маусымның өзінде курорттық аймаққа 67 мыңнан астам адам келген. Ал биыл әуе қатынасының іске қосылуына байланысты туристер саны бұдан да көп болуға тиіс.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы