in

Ата заң – жаңа кезеңнің жаршысы

Ауқымды жаңалықтың жаршысы – жылдың бел ортасында күшіне енгелі отырған жаңа Конституция. Осы тұста Ата заңның жаңа нұсқасы қоғам өмірінде қалай көрініс тауып, қандай өзгерістерге темірқазық болатынын саралап көрдік.

ІЛКІДЕН ІЛГЕРІГЕ

Негізі, жаңа Конституцияны халық бірауыздан мақұлдағанын және ол бұған дейінгі саяси реформалардың жүйелі жалғасы болғанын айта кету керек. Алдымен өткенге сәл шегініс жасап көрейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылы елімізде «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы қабылданды. Оның ауқымы өте кең болғаны есте, билік жүйесінен бастап, халықтың серпілуіне ықпал еткен ірі идеологиялық тұғырнама саналды. Міне, жаңа Ата заң сол тұжырымдаманың мызғымас жарғысына айналғанын биыл 4 маусымда Президент мемлекеттік Ту көтеру рәсімінде ерекше атап өткен болатын. 

– Бәріңізге белгілі, наурыз айында біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдумға қатыстық. Азаматтарымыз конституциялық реформаны қолдап, дауыс берді. Осылайша, біз жаңа Конституция­мызды қабылдап, төл тарихымыздың жаңа парағын аштық. Ата заңда халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мақсат-мұраты көрініс тапты. Кең байтақ жеріміздің тұтастығы, еліміздің егемендігі, азаматтардың құқықтары және бостандықтары басты құндылықтар деп жазылды.

Заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды, жаңа технологияларды дамыту, тазалықты дәріптеу, табиғатты қорғау, волонтерлік қызметті қолдау конс­титуциялық міндет ретінде айқындалды. Түбегейлі жаңа сипатқа ие болған Ата заңымыз Әділетті Қазақстанның мызғымас жарғысына айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Жаңа Конституцияның мән-маңызын Мемлекет басшысы әрдайым айтып жүргенін байқау қиын емес. Өткен аптада ғана «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында бас құжаттың қабылдануын ел дамуындағы жаңа дәуірге қадам ретінде сипаттады. 

– Жаңа Конституция барлық мемлекеттік және қоғамдық институттың жаңғыруына негіз қалады. Мұндай күрделі өзгерістер еліміздің 35 жылдық тарихында да, одан бұрын да болған емес. Яғни Қазақстан сапалы ғылым негізінде өркендеу мен технологиялық өрлеу жолына түсті. Дегенмен қоғам бір мақсатқа жұмылып, ынтымақ-бірлік танытпаса, кез келген, тіпті мұқият сараланған мемлекеттік жоспардың өзі қағаз жүзінде қалады. Туған жерге – Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ұмтылатын білімді, ерік-жігері мол отаншыл жастар елімізді көркейтеді. Негізгі заңның түпкі мәні де осыдан көрінеді: Конституция шын мәнінде барлық парасатты және жасампаз күшті, нағыз патриоттарды еліміздің стратегиялық бағдарының, яғни реформалардың жалпыұлттық жоспары мен мақсаттары төңірегіне біріктіретін берік тұғырнама іспеттес. Жаңа Конституциямыз – барша халықтың, әсіресе өскелең ұрпақтың адамгершілік және құқықтық бағдары, өмір жолындағы темірқазығы. Осы бағыттан айнымасақ, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаймыз, азаматтарымыз заң мен ел мүддесіне құрметпен қарайтын лайықты өмірге қол жеткізеді, – деді Президент. 

«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын сөз етуіміз бекер емес. Кейін сол идеологияның аясында халықтың әл-ауқатын жақсартып, қоршаған ортаны қолайлы етуге бағытталған бірнеше бағдар айқындалды. Мәселен, келешек ұрпақтың өмір сапасын қамтамасыз ететін «Ұлттық қор – балаларға» жобасы мен елді мекендерді абаттандырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға іргетас болған «Таза Қазақстан» акциясын айтудың өзі жеткілікті. Бұған қоса, былтыр қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғаны есте. Құжатта ішкі саясаттың «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сияқты қағидаттарды іске асыру жайы ескерілген. Сарапшылардың көбі Жарлықты «қоғам құндылықтарын қалыптастырушы негіз» ретінде бағалады. 

ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ СИПАТЫ

Енді жаңа Конституциядағы іргелі тармақтарға, өзгерістерге ойысайық. Ең басты саяси жаңалықтың бірі ретінде Вице-президент институтының қалыптасуын айтар едік. Бұл лауазым саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр. Яғни Вице-президент мемлекеттік жүйедегі үлкен тіректің бірі болады, Мемлекет басшысының бастамалары жүйелі орындалуына жауапкершілік алады.   

Екінші ірі өзгеріс – екіпалаталы Парламент өз қызметін тоқтатып, оның орнына жоғары заң шығарушы орган ретінде бірпалаталы кәсіби Құрылтай құрылады. Оның құрамына 5 жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кірмек. Бұл әрісі терминология­лық түзетулерді де қамтитынын ескерген абзал. Заң нормаларындағы «Парламент» сөзі «Құрылтай» деп, ал «республикалық референдум» термині «жалпыхалықтық референдум» болып түзетіледі.

Үшіншісі, елде жаңа консультативтік-кеңесші орган – Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастайды. Оның құрамына 126 адам мүше болмақ: 42 өкіл – этномәдени бірлестіктерден; 42 өкіл – қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардан; 42 өкіл мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден делегат етіп жіберіледі.

Төртіншісі, азаматтардың құқықтарын қорғау саласында да өзгерістер жетерлік. Мысалы, «Миранда» қағидасы. Құқық қорғау органдары азаматты ұстаған сәтте оған үнсіз қалу, адвокат жалдау, телефонмен қоңырау шалу құқықтарын және қандай бап бойынша ұсталғанын бірден түсіндіруге міндетті болады. Бұған қоса, адвокаттардың мәртебесі конс­титуциялық деңгейде бекітіліп, олар сот процесіне прокурорлармен тең жағдайда қатысу мүмкіндігін алады. 

Бесіншіден, жаңа Конституция мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тұғырын одан әрі бекіте түсті. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі өзгеріссіз сақталып, мемлекеттік ұйымдардағы орыс тілінің қолданылуына қатысты баптағы «тең қолданылады» сөзі «қатар қолданылады» деген ұғымға ауыстырылып, бекітілді. Тілге қатысты жағымды жаңалық бұнымен шектелмейді. Біреу білер, біреу білмес, таяуда қаржы және банк саласындағы жаңа ереже жария болды. Нақтырақ айтқанда, «тенге» сөзі «теңге» болып өзгереді. Яғни қай жерде болмасын, ұлттық валютаның атауы ресми құжаттарда мемлекеттік тіл емлесімен «теңге» деп жазылады, бұрынғы «тенге» сөзі толықтай алмастырылады. Бұл ақша реформасын немесе валюта ауыстыру деген сөз емес, жазылу стилі өзгеретінін білдіреді. Бұл өзгерісті де біз саяси әрі қаржы реформаларының аясындағы ауыз толтырып айтар іс ретінде бағалаймыз. 

Әрине, біз тізбектеп айтқандарымыз өзгеріс­тердің бір бөлігі ғана, әйтпесе Ата заңда қоғамның қай саласына болса да оң әсерін тигізетін тармақтар жетерлік. Сондықтан алдағы уақытта да бұл тақырыпты кеңінен қозғап отырамыз. Сөз соңында, «Ата заң – Алты Алаштың абыройын бекемдесін» дегіміз келеді. 

Дидар ТЕБАЕВ,

Қазақстандық қоғамдық даму институтының

Институционалдық талдау және реформалар

орталығының сарапшысы: 

Мемлекет пен қоғам арасындағы диалог

Конституция – еліміздің бүкіл аумағында ең жоғары заңдық күшке ие әрі тікелей қолданылатын негізгі құқықтық акт. Ата заң қоғам мен мемлекеттің аса маңызды жария-құқықтық қатынастарын белгілейді.

Қазақ халқының тарихында конституциялық сипаттағы құқықтық құжаттар аз болмаған. Мәселен, Қазақ хандығы дәуірінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» секілді заңдар жинағы ел өмірін реттеді. ХХ ғасырдың басында Барлыбек Сыртанов әзірлеген «Қазақ елінің Уставы» еңбегінде қазіргі конституциялық қағидаттардың көпшілігі көрініс тапқан. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде 1993 және 1995 жылдары Конституциялар қабылданды.

Былтыр қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбында сөз сөйлеп, бірпалаталы Парламент құру туралы бастама көтерді. Осы ұсыныстан кейін конституциялық үдеріс басталып, оның нәтижесінде 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.

Қазір еліміздің заңнамасын жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ең алдымен, бұл конституциялық заңдарға қатысты. Жаңа Конституцияда бірқатар маңызды жаңашылдықтар қамтылған. Соның ішінде, менің ойымша, ең маңызды өзгерістің бірі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы.

Баршамызға белгілі, Қазақстан Халық Кеңесі мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, Қазақстан Республикасының негізгі қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар әзірлейді, Құрылтайға заң жобаларын енгізеді, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бас­тама көтеруге құқылы.

Меніңше, Қазақстан Халық Кеңесі – қоғам мен мемлекет арасындағы өзара диалогтың жаңа үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңыз­ды конституциялық орган.

М.ТӨЛЕУ