in

Дегенін істеп тұрған деменция

Ұмытшақтықты да, мінез-құлықтың өзгеруін де көбіне жастың ұлғаюымен байланыстыратын еді. Қазір медицинаның мұндай өзгерістерге көзқарасы басқа. Өйткені адамның жасы ұлғайға­нымен, жады міндетті түрде әлсіреуге тиіс емес деп есептейді. Ал ұмытшақтық кей жағдайда деменцияның алғашқы белгісі болуы мүмкін.

Соңғы жылдары деменция дендеп бара жатқаны ту­ра­лы жиі айтылады. Қазір демен­ция деген дерт ешбір елді айналып өтіп жатқан жоқ. ДДСҰ дерек­те­ріне сүйенсек, бүкіл әлемде дем­ен­цияға душар болған 55 миллион адам бар екенін айтады. Тіпті, мамандар бұл жайында шырыл­дап,  дабыл қаға бастады. «Демен­ция жасарып барады», «қарттық ауруы жастардан да анықтала бастады» деген пікірлер жиі айты­лып жүр. Бұл қаншалықты рас? Деменцияны ерте анықтауға бола ма? Мұндай диагноз қойылған адамдарға қолдау бар ма? Бұған зерттеуші мамандар не дейді?

Баяулау – нашарлау емес

Біз осы сауалдарды дәрігер-психотерапевт Жібек Жолдасова­ға қойған едік. Оның айтуынша, қоғамда ғана емес, кейбір меди­ци­на мамандары арасында да «жасы ұлғайған адамның есте сақтау қабілеті міндетті түрде төмендейді» деген түсінік қалып­тасқан.

– Кейде адам ұмытшақ бола бастаса, «жасы келді, енді осылай болады» деп қоя салады. Тіпті, ешқандай ем-шара ұсынбай, сол жағдайға көнуге кеңес беретіндер кездеседі. Қазіргі ғылым тұрғы­сы­нан алсақ, бұл – ескі көзқарас, – дейді Жібек Жолдасова.

Маманның сөзінше, жас ұл­ғай­ған сайын адамның кейбір қабілеті, керісінше, арта түсуі мүм­кін. Соның бірі – вербалды, яғни сөздік жады. Адамның өмір­лік тәжірибесі көбейеді, сөздік қоры молаяды, дүниетанымы кең­ейеді. Ми жылдар бойы жи­нақ­талған ақпаратты тиімді пай­да­л­ануға бейімделеді.

Әрине, жас адамның реак­ция­сы егде кісіге қарағанда жылдамы­рақ болуы мүмкін. Бірақ жылдам­дық пен ақыл-ой сапасын шатас­тыр­маған жөн.

Психологтар мен нейро­био­­логтардың түрлі зерт­теуінде де осы айырмашылық байқалады. Реак­ция жылдамды­ғын қажет ете­тін тапсырмаларда жастар алда болса, тәжірибе, ло­ги­ка, пайым мен интеллектуал­дық шешім та­лап ететін сынақ­тарда жасы үлкен адамдардың нә­ти­жесі жоғары шығатын жағ­дайлар аз емес.

– Жас ұлғайған сайын ағзада­ғы зат алмасу, психикалық үдеріс­тер біршама баяулайды. Адам бұры­нғыдан баяу сөйлеуі, асық­пай жүруі, шешімді ұзақтау қа­был­дауы мүмкін. Бірақ баяулау – нашарлау деген сөз емес. Ақыл-ой қабілеті міндетті түрде төменде­мейді, – дейді дәрігер.

Ғылымда мұны «кристал­дан­ған интеллект» ұғымымен байла­н­ыстырады. Жылдар бойы жинақ­тал­ған білім, кәсіби тәжірибе мен өмірлік сабақтар адамның күрделі мәселенің шешімін тереңірек табуы­на мүмкіндік береді.

Сондықтан ұмытшақтық ай­қын байқалып, күнделікті өмірге әсер ете бастаса, оны «кәріліктің заңы» деп қабылдай салу қауіпті. Мұндай жағдайда адамның ког­нитивтік функцияларын тексеру қажет.

«Когнитивтік функция дегені­міз – тек жады емес. Оған зейін, ойлау, сөйлеу, сөзді түсіну, есептеу, жоспарлау, шешім қабылдау се­кілді мидың күнделікті жұмысын қамтамасыз ететін қабілеттердің барлығы кіреді», – дейді маман.

Деменция шынымен жасарып бара ма?

Соңғы уақытта демен­ция­ның жастар арасында жиіл­егені жөнін­де де көп айтыла­ды. Алайда Жібек Жолдасова бұл мәселеге сақтық­пен қарау керек деген пікірде.

– «Деменция жасарып бара­ды» деген тұжырым дұрыс емес. Бұрын мұндай жағдайлар ерте жас­та анықталмай қалатын. Қазір диагностика жақсарды, дәрігерлер ауруды ертерек білетін болды. Сондықтан біз бұрын байқамаған жағдайлар қазір жылдам анық­талады, – дейді ол.

Дәрігер келтірген дерек бо­йын­ша, деменция жағдай­лары­ның шамамен 10 па­йы­зы 65 жасқа толмаған адамдарға тиесілі. Ерте бастала­тын деменцияға тұ­қым қуалаушы­лықтың да ықпалы бар. Генети­калық фактор кей адам­дарда аурудың жастау кезде пай­да болу­ына түрткі болуы мүмкін.

Дегенмен деменцияның ең бас­ты қауіпті факторы  – жас мөл­шеріне байланысты. 65 жастан кейін біртіндеп қауіп арта  береді. Ал 85 жастан асқан адамдарда де­мен­цияның даму ықтималдығы едәуір жоғарылайды. Әйелдер арасында бұл көрсеткіш ерлерге қарағанда біршама жиірек кезде­суі мүмкін. Сондықтан мәселе дем­енцияның жаппай «жасаруын­да» емес, оны ерте әрі сапалы анық­тау мүмкіндігінің көбеюінде екен­ін ұмытпа­ған абзал. 

­Ресми есеп қандай?

Қазақстанда деменцияны ерте анықтау әлі де күрделі. Дегенмен соңғы жылдары когнитивтік тест жүргізіп, ауру белгілерін ажырата алатын неврологтар мен басқа да мамандар қатары артқанын  дәрі­гер оң өзгеріс ретінде бағалайды.

Оның айтуынша, деменция диагнозы қойылған науқастар бел­гілі бір дәрілік көмекті емхана арқылы тегін ала алады. Бірақ ең басты  мәселе – ауруды дер кезін­де анықтау.

– Мен жыл сайын Денсаулық сақтау министрлігінен статистика сұратамын. Ресми есеп бойынша Қазақстанда деменция диагнозы қойылған адамдар саны шамамен 10 мыңның айналасында. Бірақ бұл нақты есепті көрсетпейді, – дей­ді Жібек Жолдасова.

Маманның айтуынша, ха­лық­ара­лық бағалаулар­дағы көрсеткіш бұдан бірнеше есе жоғары болуы мүм­кін. Қазақ­станда демен­ция­мен өмір сүріп жүрген адамдар саны 60-80 мың болуы мүмкін деген бол­жам бар. Ал дәрігер елдегі егде адам­дар­дың саны екі миллионнан асатынын ескеріп, нақты көрсеткіш одан да жо­ғары болуы мүмкін екенін айтады.

– Менің жеке болжамым бойын­­ша, елімізде деменциясы бар адамдар саны 200 мыңға дейін жетуі мүмкін. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі анықталмай отыр, – дейді маман.

Мұның бір себебі – қоғам­дағы ескі түсінік. Қарт адамның есінен жаңыла бастауы, заттарын жоғалтуы, бір сұрақты қайта-қайта қоюы немесе таныс жерде бағдарынан жаңылуы «қарт­тықтың әсері» деп қабыл­данады. Ақырында  дәрігерге ауру әбден асқынғанда ғана жүгінеді.

Деменция  – отбасының дерті

Деменция тек науқастың  мә­се­лесі емес. Аурудың орта және ауыр сатыларына жеткен кезде оның салмағын көбіне бүкіл отба­сы көтереді. Жібек Жолдасова биыл жарияланған халықаралық көрсеткіштерде табысы орташа және төмен елдерде деменцияға байланысты шығынның негізгі бөлігі отбасыға түсетіні айтыл­ғанын жеткізді.

Науқасқа дәрі сатып алу бір бөлек те, күндіз-түні оның жаны­нан табылу – бір бөлек мәселе. Деменцияның жеңіл сатысындағы адам әлі де өз бетінше жүріп-тұра алады. Ал ауру асқынған сайын қарапайым әрекеттердің өзі қиын­дай бастайды. Киіну, тамақ­тану, жуыну, шаш тарау, дәрі ішу – бір адамның  көмегін қажет етеді.

Орта және ауыр сатыда нау­қас­ты үйде жалғыз қалдыру қауіп­ті болуы мүмкін. Ол суды өшірмей кетуі мүмкін, егер электр құрыл­ғысы қосулы күйде қалса, тіпті қау­іпті. Далаға шықса, адасып кету қаупі тағы бар.

– Мұндай адамдардың жаны­нан бір елі ажырамау керек.  Сон­дық­тан кей отбасыларда балалары жұмысын тастап, әкесін немесе анасын қарауға мәжбүр болады. Бұл – физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да өте ауыр, – дейді дәрігер.

Ұзақ уақыт күтім жасаған адам­ның өзі де күйзеліске ұшыр­айды. Маманның сөзінше, күтім көрсететіндердің арасында эмо­цио­налдық қажу, мазасыздық пен депрессияға түсетіндер көп кезде­седі. Тіпті, олардың өздеріне  меди­­циналық көмек қажет.

– Мен кейде науқасқа емес, оны күтіп жүрген туысына анти­депрессант немесе мазасыздықты азайтатын ем тағайындауға мәж­бүр боламын. Өйткені бірнеше жыл бойы деменциясы бар адам­мен бірге болу өте қиын, – дейді Жібек Жолдасова.

Қазақстанда ауыр сатыдағы дем­енция кезінде бірінші топтағы мүгедектік рәсімдеп, күтім жасай­тын адамға әлеуметтік төлем алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар белгілі медициналық бұйымдар тегін беріледі. Бірақ маман мұның өзі отбасыға түсетін ауыртпа­лықтың аз ғана бөлігін өтейтінін айтады.

Жекеменшік қарттар пансио­наттары да көбейіп келеді. Алайда дәрігер бұл салада деменциясы бар адамға күтім көрсетуге арнал­ған нақты стандарттар мен ар­найы даярлықтың жеткіліксіз екен­ін атап өтті.

Өйткені деменциясы бар адам­­ға күтім жасау – тек тамақ бе­ріп, киімін ауыстыру емес. Оның мінез-құлқындағы өзгеріс­терді, агрессиясын, есте сақтау ерек­шеліктерін ұғынған жөн.

Үміт – ерте анықтауда

«Болашақта бұл аурудың емін табуға бола ма?» деген сауалы­мызға дәрігер деменция әзірге толық жазылып кететін ауру­лар­дың қатарына жатпайтынын айтты. Дегенмен медицина бұл бағытта тоқтап қалмағанын,  әлі де ғалымдар әрекет етіп жатқанын мысалға келтірді.  

Жібек Жолдасованың айтуын­ша, бүгінде әлемде деменцияны емдеуге арналған жүздеген пре­парат бойынша клиникалық зерт­теу жүргізіліп  жатыр. Оның ішін­де химиялық құрылымы мен әсер ету механизмі әртүрлі ондаған жаңа дәрі бар.

– Қазір жүргізіліп жатқан зерт­теулер алдағы 5-10 жылда жаңа емдеу мүмкіндіктеріне жол ашады. Бірақ  ескеретін маңызды жайт: зерттеліп жатқан дәрілердің көбі аурудың ерте кезеңіне арнал­ған, – дейді маман.

Яғни болашақтағы тиімді емнің кілті  – ерте анық­тау. Егер адам жақындарының атын ұмыта бастаса ғана дәрігерге бару керек деген түсінік өзгеруге тиіс. Ұмытшақтық жиілесе, бір істі жос­парлау қиындаса, таныс жұ­мыс­ты орындау ауырласа, адам­ның мінез-құлқында түсінік­сіз өзгерістер пайда болса – онда ерте­рек дәрігерге қаралған жөн. Дәрігер­лерді деменцияның ал­ғаш­қы белгілерін ерте тануға үй­рету де, халықтың бұл ауру жөнін­дегі сауа­тын арттыруда қатар жүруге тиіс.

Қарттық деген – ақыл жоғалту емес. Адамның жүрісі баяулауы мүмкін, асықпай іс-әрекет жасап, шабан қимылдаса, өмір бітті деп санауға болмайды. Мұның бәрі оның жады мен ойлау қабілеті бұзылды деуге себеп емес. Күн­де­лікті қалыпты өмірдің ырғағын ұмытшақтық бұза бастаса, «қарт­тық» деп қол сілтеуге болмайды. Деменцияға қарсы күрес – ауру асқынғанда емес, оның алғашқы белгілері бастала салысымен емделу, уақытты жоғалтпау. Онсыз ауруға қарсы тұра алмайсыз…

Айна ХАСАН