Әнші осы жетістігі арқылы Global Best Of Records ғаламдық рекордтар ұйымының тізіміне енді. Осы орайда біз дәстүрлі әншімен сұхбаттасқан едік.
– Қайрат аға, филармония залында көрермен алдында бірнеше сағат бойы тоқтаусыз ән айту туралы идея қайдан пайда болды?
– Бұл ой аяқастынан туған жоқ. Оның тарихы әріде жатыр. 2014 жылы туған жеріме, сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына көшіп келдім. Аудан әкімінің шақыруымен елге оралып, жаңа үйге орналастық. Туған жерге келгеніме қуандым ба, әлде ел мен жерді сағындым ба, сол кезеңде әнге деген ерекше бір құштарлық пайда болды. Сол Абай ауданында «Қаламқас» халық ән би ансамблінде әншілік қызмет атқарып жүргенде таңғы тоғыздан түске дейін ән айтып, түсте үйге келіп тамақтанып аламын да, кешке дейін қайтадан ән саламын. Әріптестерім «Қайрат, тамағыңа зиян емес пе?» – деп сұрайтын. Кейде «Сенің айтатын әндеріңді біз де жаттап алдық», – деп қалжыңдайтын.
2016 жылы күзде Көкшетауда Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ шығармашылығына арналған үлкен фестиваль өтті. Оны Науан хазірет атындағы мешіттің азаматтары ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты діни теріс ағымдарға қарсы ұлттық өнер мен руханиятты насихаттау еді. Фестиваль күзде өтті. Іс-шара өткен соң ұйымдастырушылар желтоқсан айына ауылдарды аралап концерт беру үшін арнайы шақырды. Содан қыс мезгілінде ауылдарды аралап, халыққа концерт қойдық. Қасымда бірнеше имамдар халыққа туған жердің, ата-ананың қадірі туралы жақсы уағыздар айтып, арасында мен ән-термелермен жалғастырып отырдым. Біз кешке концерт береміз, одан кейін ауыл азаматтары қонаққа шақырады. Ән тағы жалғасады. Сондай сапарлардың бірінде бір ауылдың азаматы «Қайрат аға сағат алтыда келіп ән бастап еді, қазір түнгі төрт болды, әлі демалған жоқ», – деп таңғалды. Осылайша таңды атырып ән айтып жүргенде тағы бір жігіт: «Аға, сіз қазақтың әнін таң атқанша айтып жүрсіз. Неге осыны рекорд ретінде жасап көрмейсіз?» – деді. Рекорд туралы алғашқы ой сол кезде пайда болды. 2017 жылы Астанада ЭКСПО көрмесі өтетін тұста таңды атырып ән айтып, рекорд жасасақ деген жоспар болған. Бірақ оның талаптарын білетін, ұйымдастыратын адам табылмады. Елу жасқа толғанымда да осы мәселені қайта көтердік. Тағы да жүзеге аспай қалды.
Осыдан бес жыл бұрын 2021 жылы Семей қаласына көшіп келіп жұбайым Ақмарал екеуіміз Шәкәрім университетіне оқытушы болып орналастық. 2024 жылы университеттің 90 жылдығына орай үлкен іс-шара ұйымдастыру қажеттігі туындады. Факультет басшылары менің бұрыннан рекорд жасау туралы айтып жүргенімді білетін. «Осы мерейтойда рекорд жасап көрейік», – деді. Алдымен халықаралық рекорд ұйымдарын іздестірдік. Бір ұйым тоғыз миллион теңгеге жуық қаржы сұрады. Университет үшін ол қомақты қаражат еді. Сондықтан алдымен сынақ ретінде концерт бердім. Әндердің тізімін лед экранға қойып, халықтың сұраған әндерінен 2 сағат 15 минутта 25 ән орындадым. Телевизия түсірілім жасады. Бірақ рекордты ресми тіркеу мәселесі тағы шешілмей қалды.
2025 жылдың қараша айында Құрманғазы атындағы консерваторияның ұлттық аспаптар факультетінің 80 жылдық мерейтойына шақырылдым. Ұстазым Жәнібек Кәрменовтің ән айту мәнері бойынша шеберлік сағатын өткіздім. Сол сапарда фольклортанушы, өнер зерттеушісі Берік Жүсіпов: «Қайрат бауырым, баяғы бастаған ісің не болды? Аяқсыз қалып қойды ғой», – деп сұрады. Мен жағдайды түсіндіріп айтып бердім. Бір айта кететін нәрсе, оның алдында бізде факультет деканы болған Мұхтар Тыныштықбекұлы осы істің соңына түскен болатын. Өзі еңбекқор, бастаған шаруасын аяқсыз қалдырмайтын азамат. Сол жүгіріп жүріп Global Best Of Records ұйымын тапты. Оның құрамына 109 мемлекеттің өкілдері кіретіні айтылды. Талаптарын қарап, құжаттарымызды сол ұйымға ұсындық. Біз үшін ұйымның атағынан бұрын, қазақтың дәстүрлі ән өнеріне қатысты нақты бір жетістіктің ресми түрде тіркелуі маңызды болды.
Рекордқа тіркейтін күні, яғни концертке халықаралық Global Best of Records (GBR) ұйымының Азия және Африка дивизионы бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, өнертану доценті, фольклортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Жүсіпов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры Еркін Шүкіманов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының профессоры Нұржан Жанпейісов сынды елге белгілі өнер адамдары арнайы сарапшы болып қатысты. Өйткені рекордтың тіркелуі үшін кәсіби мамандардың сараптамасы міндетті екен. Ұйымның талабы бойынша әр жиырма бес әннен кейін он бес минут демалуға мүмкіндік берілген. Бірақ мен үзіліс жасамадым. Бір жағынан, халық тарап кетіп қала ма деген күдік болды. Екіншіден, залдағы көрерменнің ықыласы ерекше еді. Жұрт жақсы тыңдап отырғанда мен неге сахнадан түсіп, тамақтанып немесе демалып келуім керек деп ойладым. Сөйтіп, тоқтамастан ән айта бердім.
– Сіз бір кеште дәстүрлі әннің бес мектебін қамтыдыңыз. Біржан салдың, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Әсеттің әндерін орындау бір дәуірден екінші дәуірге, бір мектептен екінші мектепке ауысумен тең. Осындай рухани және орындаушылық ауысуларды өзіңіз қалай сезіндіңіз? Әр мектептің мәнеріне көшу қаншалықты қиын болды?
– Қазақтың дәстүрлі өнерін бес әншілік мектепке бөліп қарастырып жүрміз. Бірақ бұл жіктеу белгілі бір деңгейде шартты нәрсе. Менің жұбайым Ақмарал да дәстүрлі әнші. Ақтөбенің А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінде ұлағатты ұстаз Света Мырзабаевадан білім алған. Кейін Астана қаласындағы «Қазақ ұлттық музыка академиясында» белгілі жыршы-термеші Эльмира Жаңабергенованың шәкірті болды. Сондықтан біздің шаңырақта Арқа әні, Батыс әні деп бөліну жоқ. Екеуі де қазақтың әні.
Арқа, Жетісу және Алтай-Тарбағатай әндерінің бір-біріне жақын тұстары бар. Ал Сыр елінің көмекеймен айтатын жыршылық дәстүрін сол өңірде туып өскен тегінде бар жыршылар ғана орындаған. Ал мен осы кеште Сыр елінің халық әндерін ғана орындадым. Негізінде қазақ әнінде Арқа мектебі мен Батыстың Мұхит мектебі айқын ерекшеленеді. 2017 жылы Атырау қаласында «Ән-дария дүлдүлдері» атты республикалық байқау өтті. Мен сол байқаудың алғашқысына қатыстым. Оның негізгі талабы – бес мектептің әндерін бірдей орындау. Яғни әнші бір ғана өңірдің мұрасымен шектелмей, қазақтың тұтас ән өнерін игеруге тиіс болатын. Сол байқауда лауреат атандым. Сондықтан бес мектептің әндерін бір кеште айту маған соншалықты ауыр болған жоқ. Әндердің көбісі бұрыннан орындап жүрген шығармаларым. Егер концертке аз уақыт қалғанда аяқ астынан үйренген әндер болса, қиынға соғар еді. Ал жылдар бойы айтып жүрген дүниелер болғандықтан, мектептен мектепке ауысу маған қиындық тудырмады.
– Бес сағат жиырма тоғыз минут бойы тоқтаусыз ән айту, оның үстіне әр шығарманы өз нақышымен орындау – үлкен жетістік. Қазақтың дәстүрлі ән тарихында осыған ұқсас оқиғалар болды ма?
– Менің үзіліссіз айтқаным рекордтың ерекшелігін арттырды. Оған сарапшылар да, тыңдармандар да таңғалды. Өйткені концерттің ішінде дауыстың зор қуатын, кең тынысты қажет ететін асқақ әндер көп болды. Әсіресе Арқа әндері әншіден үлкен дайындықты талап етеді. Дегенмен бұрынғы әншілердің табиғи мүмкіндігі бізден әлдеқайда мықты болған деп ойлаймын. Егер олардың заманында рекорд деген ұғым болғанда, талай әнші мұндай нәтижеден де асып түсер еді.
Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов сияқты алыптар таңды таңға ұрып ән айтқан. Жәнібек Кәрменов секілді кейінгі ұстаздарымыздың да ұзақ уақыт шаршамай ән салғанын білеміз. Олар рекорд үшін емес, әнге деген құштарлықпен айтатын. Бәлкім, бұрынғы әншілердің арасында бес-алты сағат емес, одан да ұзақ ән айтқандары болған шығар. Бірақ ол кезде арнайы уақыт өлшеп, құжат толтырып, рекорд ретінде тіркеу дәстүрі болған жоқ. Қазақтың «таңды таңға ұрып ән салды» деген сөзі жай теңеу емес. Оның ар жағында әншінің дауыстық қуаты, репертуарының молдығы және тыңдаушының өнерге деген ықыласы тұр.
– Бұл рекорд қазақтың дәстүрлі әнін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары қатарында кеңінен танытуға жасалған қадам ретінде бағаланып отыр. Қазақ әнін әлемге танытудың тағы қандай жолдары бар?
– Кез келген өнер иесін халыққа танытатын, оның еңбегін елге жеткізетін – журналистер. Өнердің маңызын қоғамға дұрыс түсіндіруде ақпарат құралдарының орны өте үлкен. Кейбір адамдар бұл рекордты қарапайым концерт сияқты қабылдауы мүмкін. Ал өнердің табиғатын түсінетін мамандар оның қаншалықты ауыр жұмыс екенін біледі. Әнші Еркін Шүкіманов «Әншілердің бес жылда беретін концертін бес сағатта бердің», – деп баға берді. Бұл – дәл айтылған сөз болуы мүмкін. Өйткені жүзден астам әнді жинап, әрқайсысын дайындап, жеке концерттерге бөлсең, бірнеше жылға жетер еді.
Қазақтың дәстүрлі әнін әлемдік деңгейге шығару үшін, ең алдымен, мықты продюсерлік жұмыс керек. Өнерді ұйымдастыратын, жарнамалайтын, халықаралық сахнаға алып шығатын кәсіби мамандар қажет. Мысалы, Димаш алғаш шыққан кезде оның мүмкіндігін жұрттың бәрі бірдей түсіне қойған жоқ. Қазір ол әлемдік деңгейдегі брендке айналды. Жалпы, музыкада шекара жоқ. Бізде даусы әдемі, мүмкіндігі мол әншілер көп. Соларға кәсіби қолдау көрсетілсе, қазақтың дәстүрлі әні де әлемдік сахнаға еркін шыға алады.
Бір нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Италиялықтар өздерінің ұлттық ән өнерін классика деп атайды. Қытай да өзінің ұлттық музыкасын классикалық өнер деңгейінде насихаттайды. Ал біз Еуропа композиторларының шығармаларын орындасақ, оны классика дейміз де, Ақан сері мен Біржан салдың әндерін «дәстүрлі ән» деп бөлек қоямыз. Негізінде біздің ұлттық классикамыз – Ақан сері, Біржан сал, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Әсет әндері. Сондықтан бұл әндерді дәстүрлі деп емес, классикалық әндер деп бағалайтын уақыт келген сияқты.
– Білуімізше, сіз – даңқты әнші Жәнібек Кәрменовтің шәкіртісіз. Ұстазыңыздан не үйрендіңіз? Ол кісінің өмірлік өсиеті немесе өнерге қатысты ұстанымдары жадыңызда сақталды ма?
– Жәнібек ағадан бір-ақ жыл оқыдым. 1991 жылы оқуға түстім, ал ол кісі 1992 жылы дүниеден өтіп кетті. Сондықтан Жәкеңнің мектебінен ұзақ тәлім ала алмадым. Кейін төрт жыл ұлағатты ұстаз, әнші Бекболат Тілеуханнан оқыдым. Бекең ол кезде шәкірт ала бастаған еді. Мені жеке қабылдап, Жәнібек ағадан үйренген мәнерімнен жаңылдырмай, сол жолды әрі қарай жалғастыруыма көмектесті. Сондықтан өзімді Жәнібек Кәрменовтің соңғы шәкірттерінің бірі, ал Бекболат ағаның тұңғыш шәкірті санаймын.
Әрине Жәнібек ағадан көбірек сабақ алсам деген арман іште қалды. Бірақ бір жыл оқысам да, ол кісінің ән айту мәнері, сабақ өткізу тәсілі, өнерге деген адалдығы жадымда өшпестей сақталды. Жәнібек ағамыз сыныпқа кіргенде отыз-қырық минут бойы ән айтатын. Кейде бір шумақ пен бір қайырманың өзін бар болмысымен орындайтын. Әнді жай ғана көрсетіп қоймай, терлеп-тепшіп, бүкіл жанын салып айтатын. Таспадан тыңдау бір басқа да, әншінің жанды дауыста, дәл алдында отырып орындауы мүлде бөлек әсер береді екен. Оның даусы, тынысы, сөзді жеткізуі біздің құлағымызға сіңіп қалды. Сондай ұстаздың алдында отырып қалай еліктемейсің? Қалай сол кісідей айтуға талпынбайсың? Қазір өзім де кейде шәкірттерімнің алдында әнді басынан аяғына дейін орындап беремін. Өйткені әннің айтылу тәсілі, сөздің салмағы баланың құлағына сіңуі керек. Ұстаздың өзі орындап көрсетпесе, шәкіртке бәрін сөзбен түсіндіру қиын.
Ұстазымның маған айтқан соңғы сөздері де есімде. Ауылға жол жүргелі тұрғанымда «Абай атаның, Шәкәрім атаның, Би атаның басына барып шық. Жолың ашылады. Елге сәлем айт», – деген еді. Ол кезде бұл сөздің бар мағынасын толық түсінбеген де шығармын. Кейін ойласам, ұстазым мені тек әнге емес, туған жерге, рухани сабақтастыққа жақын болуға үндеген екен.
– Бүгінде өзіңіз де ұстазсыз. Қазіргі шәкірттердің бұрынғы буыннан қандай айырмашылығын байқайсыз? Өз шәкірттеріңізге ең көп айтатын сөзіңіз қандай?
– Қазіргі балалардың арасында да өте таланттылары бар. Ізденетін, ұстаздың алдын бос жібермейтін, бір әннің соңынан апталап жүретін жастар кездеседі. Бірақ жалқаулық та байқалады. Біздің кезімізде бір семестрде қаншама ән үйренетінбіз. Емтиханда соның ішінен үш әнді ғана айтып берсек те, қалғанының бәрі репертуарымызда тұратын. Ал қазір емтиханға бір күн қалғанда әннің сөзін жаттап, келесі күні тапсыруға әрекет ететін студенттер бар екенін естиміз. Кейде үш әннің өзін толық орындай алмай жүрген жастар кездеседі. Мұндай жағдай үлкен өнер оқу орындарында да бар. Айналып келгенде, оның бір себебі – жалқаулық, екінші себебі – телефонға шектен тыс байланып қалу. Қазір жастардың назары тез бөлінеді. Бір нәрсеге ұзақ уақыт ден қойып, қайталап, ізденіп отыру қиындап барады.
Менің жүз әндік концерт беруімнің бір мақсаты – жастарға үлгі көрсету еді. Бес-алты ән айтқаннан кейін тамағым ауырды деп тоқтап қалатындар бар. Әнші үшін дауыс та, тыныс та, төзім де үнемі жаттығумен келеді.
«Әуелі әнді жақсы көріңдер» деген сөзді шәкірттеріме көп айтамын. Әнді ұнатпай, оның тарихына үңілмей, сөзін түсінбей тұрып жақсы орындау мүмкін емес. Әнді жаттап алу бар да, оны жүрекпен жеткізу бар. Екеуі екі бөлек нәрсе. Тағы бір айтатыным – жан-жаққа орынсыз шашырамау. Әр жанрдан аз-аздан ұстағаннан гөрі, алдымен өзіңнің негізгі өнеріңді терең меңгеру керек. Әрине басқа жанрларды тыңдауға, білуге болады. Бірақ дәстүрлі әнге келген адам оның табиғатын толық түсінуге тырысуы қажет.
– Бүгінгі жастар дәстүрлі әнге ерекше қызыға ма? Кейде «дәстүрлі ән заманнан қалып қойды» деген пікір айтылады. Бұл өнерге жаңа тыныс беру үшін оны заманауи өңдеу қажет пе, әлде дәстүрлі ән өзінің бастапқы қалпын сақтауы керек пе?
– Дәстүрлі әнге қызығатын жастар бар. Бірақ олардың қызығушылығын ояту үшін алдындағы ұстазы да мықты болуы керек. Қазіргі шәкірт ұстазының тек қалай ән айтатынына ғана қарамайды. Оның киіміне, жүріс-тұрысына, қоғамдағы орнына, осы өнермен отбасын асырап жүр ме, жоқ па – соның бәріне назар аударады. Жастар сөзге емес, нақты өмірге қарайды.
«Дәстүрлі ән заманнан қалып қойды» деген пікірмен келіспеймін. Дәстүрлі ән заманнан қалмайды, оны біз заманнан қалдырып қоюымыз мүмкін. Егер қоғам өзінің асыл өнеріне мән бермесе, онда сол қоғамның рухани жағынан құлдилап бара жатқанын көруге болады. Абай мен Шәкәрім дәстүрлі әнді тыңдады. Алаш арыстары да ән мен күйдің қадірін білді. Олардың бәрі әнші болған жоқ. Бірақ бәрі де жоғары деңгейдегі тыңдарман еді. Тыңдарман дұрыс болмаса, әншінің де қадірі болмайды. Сондықтан дәстүрлі ән мен күйді мектеп қабырғасынан үйрету керек деп ойлаймын. Әрине домбыра ұстаған баланың бәрі әнші не күйші болмайды. Жүз баланы музыка мектебіне берсең, соның бәрі сахнаға шықпауы мүмкін. Бірі мықты физик, бірі дәрігер, бірі филолог, бірі басшы болады. Бірақ олардың бәрі ұлттық өнерді түсінетін тыңдарман болып қалыптасады. Яғни дәстүрлі ән лайықты бағасын алуы үшін тыңдарман қалыптасуы керек.
Кезінде Асылбек Еңсеповтің әкесі ұйымдастырған жаңа бағыттағы домбыра жобалары жастардың аспапқа қызығуына әсер етті. Оның жақсы жағы болды. Кейде заманауи өңдеу ұлттық аспапқа көпшіліктің назарын аударуы мүмкін. Бірақ ұлттық мұраның өзегі бұзылмауы қажет. Түпнұсқа нұсқасы бөлек өмір сүріп, жаңаша өңделген нұсқасы бөлек ұсынылғаны дұрыс.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар? Тыңдармандарыңызды тағы қалай таңғалдырғыңыз келеді?
– Шетелдегі қазақтарға барып концерт беруге дайынмын. Қытай қазақтарына, Моңғолия қазақтарына, өзге елдердегі қандастарға қазақтың дәстүрлі әнін жеткізгім келеді.
Біз отбасымызбен тұтас концерт беруге мүмкіндігіміз бар. Жұбайым екеуміз де әншіміз, тұңғышым Ақжігіт қылқобыз аспабын, екінші ұлым Жігер домбыра аспабын меңгерген, ал кішкентай қызым Айпараның өзі ән айтып, би билейді. Сондықтан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі дегендей, яғни отбасылық концерттік бағдарлама жасай аламыз. Бірақ әнші өздігінен «Мен әнші едім. Менің концертімді ұйымдастырыңдар», – деп ешкімге айта алмайды ғой. Алдымызды ашып, ұйымдастырып, жол көрсететін азаматтар болса, біз ел аралауға дайынбыз. «Тыңдалмаған сөз – жетім» деген бар. Тыңдалмаған ән де жетім. Сарапшылар өткен концертте менің еңбегімді жоғары бағалады. Ендігі арманым – сол әндерді бір залдың ішінде ғана қалдырмай, елге, ауылға, шетелдегі қазақтарға жеткізу.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айгүл СЕЙІЛ