Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданында адам шошырлық жол апаты болып, бес адамның өмірі қиылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. порталының тілшісі.
Қайғылы оқиға 21 маусым күні «Астана – Қорғалжын» автожолында, Оразақ пен Өтеміс ауылдарының аралығында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Kia Rio, Toyota Fortuner және Toyota Land Cruiser көліктері соқтығысқан.
Соққының қатты болғаны соншалық, Toyota Fortuner мен Toyota Land Cruiser бірден отқа оранып, түгелдей өртеніп кеткен. Ал Kia Rio көлігі оқиға орнынан кетуге әрекет жасағанымен, кейін жол жиегіндегі шұңқырға қарай түсіп қалған.
Апат салдарынан бес адам оқиға орнында бірден көз жұмды. Тағы бес адам түрлі дене жарақаттарымен елордадағы медициналық мекемелерге жеткізілді. Дәрігерлер зардап шеккендерге қажетті көмекті көрсетіп жатыр.
Қазір оқиға орнында полиция қызметкерлері, құтқарушылар, медицина мамандары және Целиноград ауданы әкімдігінің өкілдері жұмыс істеуде. Зардап шеккендерге көмек көрсетіліп, апаттың нақты себептері анықталуда.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы жан-жақты зерттелмек.
– Оқиға күннің екінші жартысында болған. Ауа райы қолайлы болғаны, жаңбыр немесе басқа да табиғи факторлардың тіркелмегені белгілі. Сондықтан мамандар апатқа адам факторынан туындаған себептер әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алдын ала болжам бойынша, жоғары жылдамдық немесе жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу қайғылы жағдайға алып келген болуы ықтимал, – дейді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Бірақ қандай себеп анықталса да, бұл жол апатының артында орны толмас қасірет жатыр. Бес адамның ғұмыры бір сәтте үзілді. Оларды үйінде тағатсыздана күткен ата-анасы, жары, балалары мен жақындары енді туған жандарын мәңгілікке жоғалтты. Жолдағы әрбір қателік адам тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан жүргізушілерді жылдамдықты шектен асырмауға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өз өмірімен қатар өзгелердің де өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.