Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Аралдың экожүйесін қалпына келтіру бойынша бірлескен күш-жігердің арқасында оң нәтижеге қол жеткізілгеніне мән берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
– Теңіздегі су көлемінің 18,9-дан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғаюы Арал маңындағы балық шаруашылығына, жалпы әлеуметтік-экономикалық ахуалға жағымды әсер етті. «Арал» геопаркі құрылды. Бұл – аумақтың орнықты даму үлгісі бола алатын бірегей табиғи әрі ғылыми нысан. Жобаның басты мақсаты – Арал теңізінің табиғи-экологиялық және тарихи мұрасын сақтау. Қазіргі уақытта оны ЮНЕСКО геопарктері жаһандық желісінің нысандары қатарына қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша, Қазақстанның төрағалығы Қордың тиімділігін көтеруге бағытталды. Қолдау көрсетіп, бірлесе әрекет еткен барлық құрылтайшы мемлекеттерге шынайы алғысымды айтамын. Жұмыла жұмыс істеп, мақсат пен нақты істі сабақтастыра отырып, халықтарымыздың тұрақты болашағын қамтамасыз етуде бұдан да зор табыстарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі жетістіктерге қарамастан, экологиялық қатерлердің өсу қарқыны оны төмендету мақсатында қабылданған шаралардан асып түседі. Мұны Арал теңізі бассейнінің қазіргі жағдайын талдау нәтижелері көрсетіп отыр.
– Арал бассейніндегі экологиялық ахуал алаңдатарлық. Оны барлығыңыз жақсы білесіздер. Арал маңайындағы климат айтарлықтай өзгеріске ұшырады: жаздағы ауа температурасы орта есеппен 2-2,5 градусқа көтерілді, құрғақшылық күшейіп, қыс суық бола түсті. 100 шақырым шеңберінде жауын-шашын көлемі азайды. Құмды дауыл жиіледі. Аралқұм шөлінен жыл сайын ондаған миллион тонна тұз, құм, түрлі химиялық заттар атмосфераға көтеріледі. Олар әлемнің ең шалғай түкпірлерінен, мәселен, Солтүстік Мұзды мұхиттан табылып, алыс аумақтағы топыраққа, экожүйеге және адамдардың денсаулығына зиян келтіріп отыр. Теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңның Тянь-Шань мен Памир мұздықтарына дейін жетуі алаңдаушылық туғызады. Дүниежүзілік метеорология ұйымының мәліметіне сүйенсек, мұздықтар үшін кейінгі гидрологиялық жыл бақылау жұмыстары басталғаннан бергі (1950 жылдан) ең нашар кезең болған. Мұздықтардың азаюы тұтас аймақтағы су қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Сондай-ақ су тұтыну көлемі тұрақты түрде артып келеді. Барлық су ресурстарының 80 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады, яғни, суармалы жүйедегі шығын азаймай тұр. Мұндай жағдайда келісілген және ұзақмерзімді шешімдер әзірлеген жөн. Стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі ауқымды шешімдерді бірлесіп қабылдап, өнімді жұмыс істей алатынымызды әлемге паш етейік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.