in

Google-дың Gemini жасанды интеллектісі үш компанияның жүйесіне кіріп кеткен – Reuters

Google компаниясының Gemini жасанды интеллект моделі киберқауіпсіздік мүмкіндіктерін тексеру кезінде интернетке шығып, үш компанияның қорғалған жүйесіне рұқсатсыз кірген. Бұл Google-дың жасанды интеллект жүйесі өздігінен осындай әрекет жасағаны тіркелген алғашқы белгілі жағдай, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Reuters-ке сілтеме жасап.

Оқиға 2026 жылдың мамырында жасанды интеллект жүйелерінің киберқауіпсіздігін бағалайтын Irregular компаниясы өткізген сынақ кезінде болған. Gemini тест аясындағы сайттармен жұмыс істеп жатырмын деп ойлап, шынайы компаниялардың жүйелеріне кіріп кеткен.

Бір жағдайда Gemini құпиясөздерді бірнеше рет болжап көріп, қорғалған жүйеге қол жеткізген. Қалған екі жағдайда интернеттегі ашық репозиторийден кіру деректерін тауып, сол арқылы компаниялардың жүйесіне енген.

Google компаниясының қауіпсіздік жөніндегі вице-президенті Хизер Адкинстің айтуынша, зардап шеккен үш ұйымға болған жағдай туралы хабарланған. Сондай-ақ Google сынақты өткізген серіктесімен бірге тестілеу тәртібіне өзгерістер енгізген. Үш жағдайда да Gemini өзінің нақты компаниялардың жүйесіне кіргенін анықтағаннан кейін әрекетін тоқтатқан.

Осыған ұқсас оқиғалар бұған дейін Meta, Anthropic және OpenAI жасанды интеллект жүйелерін сынау кезінде де тіркелген.