in

Қазақстанда несиені мерзімінен бұрын өтегендерден айыппұл алынбайды

Бұл талап бұрын рәсімделген несиелерге де қолданылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, тиісті заңнамалық өзгерістер 2025 жылғы 31 тамызда күшіне енген. Жаңа тәртіпке сәйкес, жеке тұлғалар банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алған қарыздарын кез келген уақытта айыппұлсыз толық немесе ішінара өтей алады.

Мәселен, азаматтың несиесін өтеуіне әлі екі жыл қалса да, қолында жеткілікті қаражат болған жағдайда қарызын мерзімінен бұрын жабуға құқылы. Мұндай кезде банк қосымша айыппұл немесе комиссия талап ете алмайды. Қарыз алушы тек негізгі берешек пен несиені нақты пайдаланған уақытқа есептелген пайыздарды төлейді.

Несиені ішінара мерзімінен бұрын өтеу де тиімді. Егер азамат ай сайынғы міндетті төлемнен бөлек қосымша қаражат салса, негізгі қарыз көлемі азаяды. Бұл жағдайда екі нұсқаның бірін таңдауға болады: несие мерзімін қысқарту немесе ай сайынғы төлем мөлшерін төмендету. Бірінші тәсілде азамат бұрынғы соманы төлей береді, есесіне несиесін ертерек жауып, пайыздық артық төлемді азайтады. Ал екінші нұсқа ай сайынғы шығынды қысқартуға мүмкіндік береді.

Дегенмен банктер мен микроқаржы ұйымдары несиені мерзімінен бұрын өтеудің белгілі бір рәсімдерін белгілей алады. Сондықтан қосымша қаражат аудармас бұрын оның негізгі берешекті өтеуге бағытталатынын, төлем кестесінің қалай өзгеретінін және арнайы өтініш беру қажеттігін нақтылап алған жөн.

Мамандар қарыз толық өтелгеннен кейін банктен берешектің жоқтығы туралы анықтама алуға кеңес береді. Ал ипотекалық несие жабылған жағдайда жылжымайтын мүлікке қойылған кепілдік ауыртпалықтың алынғанын тексеру қажет.