in

«Кез келген тентекке тентек табылады»: Жанболат Найзабеков Нұрболхан Шараповқа ескерту жасағанын айтты

Танымал әртіс, «Өнер қырандары» театрының мүшесі Жанболат Найзабеков әзілкеш Нұрболхан Шараповқа әлеуметтік желідегі әрекеттеріне байланысты ескерту жасағанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әртіс журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында әріптесінің Threads желісінде өзгелермен жиі сөзге келетінін айтып, оған алаңдаушылық білдіргенін жеткізді. Найзабековтің сөзінше, ол Шараповпен арнайы хабарласып, әлеуметтік желідегі даулы пікірталастарға араласа бермеуге кеңес берген.

«Нұрболханға хабарласқанмын. «Көкем, осы жерден қоя қойшы. Threads-те қатты кетіп бара жатырсың. Мен сен үшін уайымдаймын. Әркіммен бір салғыласып, ұрыса бересің. Қатты кетпеші. Кезінде Ләйлә Сұлтанқызымен соттасып, жеңдім деген мотивациямен әлі жүрсің. Кез келген тентекке тентек табылады. Абайлашы»,– дедім. Алдында қырғыз бауырлармен де кішкене айқай болды. Сол кезде шыққаным бар. Бірақ тыңдады»,– деді ол.

Актер әріптесіне мұндай кеңесті оның болашағына алаңдағандықтан айтқанын жеткізді. Сондай-ақ Нұрболхан Шараповтың өз сөзін тыңдағанын атап өтті.

Айта кетейік, Нұрболхан Шарапов бұған дейін тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызымен арадағы келіспеушілігі арқылы көпшілік назарын аударған еді. Жанболат Найзабеков сұхбат барысында осы жағдайды да еске алып, әріптесін әлеуметтік желідегі пікірталастарда сақ болуға шақырған.