Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков Жетісу және Алматы облыстарының Полиция департаменттеріне арнайы сапармен барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сапар барысында Аңсаған Балтабеков департаменттердің басшылығымен және жеке құрамымен кездесіп, өңірлердегі ішкі істер органдарының қызмет барысымен танысты. Кездесулерде қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және полиция қызметінің тиімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар, министрліктің басым міндеттері мен негізгі бағыттары жеке құрамға жеткізіліп, оларды өңірлерде сапалы әрі тиімді іске асыруға баса мән берілді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мен полицияның бірлескен қызметінің маңызы атап өтілді. Құқықтық тәртіпті сақтау, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттарындағы өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру қажеттігіне мән берілді.
Кездесулер барысында өңірлерде «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту және оны қамтамасыз етудегі ішкі істер органдарының міндеттері де пысықталды.
Мұндай жұмыс сапарлары өңірлердегі ішкі істер органдарының қызметін нақты бағалап, алдағы міндеттерді айқындауға мүмкіндік береді.