Белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек Бауыржан Халиолланың Астанада өткен шығармашылық кешіне қатысып, әріптесінің өнеріне жоғары баға берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Халиолланың «Ағымнан ақтарылсам…» атты шығармашылық кеші Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында өтті. Әдеби-сазды кешке зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен өнер сүйер жұрт жиналды.
– Бүгін Астана төрінде айтыстың “Қайқы қылышы”, Жайықтың жампозы, қазақтың тұрқы бөлек тұлғасы Бауыржан Халиолла бауырымның шығармашылық кеші өтті. Халқы да ақынын алақанға салды, ақыны да халқын жүрегімен тебірене жырлады. Кеш керемет деңгейде ұйымдастырылған, – деп жазды Мұхамеджан Тазабек.
Шығармашылық кеште Бауыржан Халиолланың өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер шырқалды. Сахнада Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Марат Халиуллин және Мирлан Жамбылов өнер көрсетті. Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы, жыршы Берік Жүсіп жүргізді.
Кеш барысында Бауыржан Халиолла ұстазы Жүрсін Ерманның иығына шапан жауып, қара домбыра сыйлады. Жүрсін Ерман да өз кезегінде шәкіртіне арнаған өлеңін көпшілік алдында оқып берді. Қос ақын осыдан 15 жыл бұрын ұялы телефон арқылы өлеңмен сөз қағыстырған кездерін еске алды.
Мұхамеджан Тазабек қазақтың айтыс өнеріне де ізгі тілегін білдірді.
– Қазақтың айтысы дәуірлей берсін. Қылыш тіл, айыр көмей ақындары құмарын қандырып, саф өлеңнің салтанатын тасыта берсін! – деді ақын.
Айта кетейік, Бауыржан Халиолла 24 қарашада 47 жасқа толды. Ол Астанада шығармашылық кеш өткізуді жеті жылдан бері жоспарлап жүргенін, бірақ осы уақытқа дейін жүрексініп келгенін айтты. Ақынның сөзінше, бұл кеш белгілі бір мерейтойға арналмаған.
Бұған дейін, 2025 жылдың желтоқсанында Бауыржан Халиолланың осындай шығармашылық кеші Атырауда да өткен.