Белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзов өз компаниясында еңбек ететін тағы 50 қызметкеріне баспана сыйға тартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы кәсіпкердің жары, танымал продюсер Баян Алагөзова мәлімдеді.
«Шымкент сыра зауытының 50 жылдығына орай кәсіпорын қызметкерлеріне тағы 50 пәтер берілді. Сенімен мақтанамын, жаным!» – деп жазды ол.
Блогер Бейбіт Әлібековтің айтуынша, жаңа пәтерлер зауытта ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан, соның ішінде 46 жылдық тәжірибесі бар қызметкерлерге табысталмақ.
Айта кетейік, бұған дейін, бір жыл бұрын, кәсіпкер өндірістің дамуына айрықша үлес қосқан 100 қызметкеріне баспана кілтін табыстаған болатын. Ол кезде де жаңа пәтерлер заманауи тұрғын үй кешендерінен берілген еді.
Сонымен қатар Тұрсын Алагөзов өз қызметкерлерінің 65 жастан асқан ата-аналарына ай сайын қаржылай қолдау көрсететінін мәлімдеген. Оның айтуынша, әрбір ата-ана компания үшін құнды маман тәрбиелегені үшін ай сайын 50 мың теңге көлемінде төлем алады.