in

Вашингтонда Мұхтар Мағауиннің бейітіне құлпытас орнатылды

АҚШ-тың Вашингтон қаласында Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті қаламгер Мұхтар Мағауиннің бейітіне құлпытас орнатылып, еске алу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жазушы 2025 жылдың 10 қаңтарында 84 жасында дүниеден өткен еді. Іс-шара барысында марқұмның рухына құран бағышталды. Құлпытастың мән-маңызы туралы жазушының ұлы Едіге Мағауин айтып берді.

Оның сөзінше, ескерткіш қазақ тарихы мен руханиятын бейнелейтін терең символикалық мағынаға ие.

«Бұл жерге бір жылдың ішінде көптеген қазақ келіп, оны киелі орын ретінде қабылдап кетті. Сол себепті әкеміздің басына келген адамдарға онымен сырласқандай әсер қалдыру үшін құлпытасты тау бейнесінде жасаттық. Тау – біздің тарихымыз, ата-бабамыздың өткен жолы. Арғы бетінде көне түркі жазуы мен түркі тарихы бейнеленген. Әкем өмірінің соңында осы бағыттағы еңбегін аяқтады. Бергі жағында Шыңғыс ханнан бастап Алтын Орда, Қазақ хандығы кезеңдері көрініс тапқан», – деді ол.

Сондай-ақ композицияда жазушының Аласапыран шығармасындағы көші-қон көріністері мен жыраулар әлемін бейнелейтін элементтер де бар. Қаламгердің шығармашылығы тарихты жаңғыртатын рухани күш ретінде сипатталып, ұмыт бола бастаған тарихи жадыны қайта тірілту идеясы көрініс тапқан.

Айта кетейік, осы шара аясында Вашингтонда “Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының” ресми таныстырылымы да өтті.