in

Ресейде әлеуметтік желілерге жас бойынша шектеу енгізілуі мүмкін

Ресейдің Цифрлық даму министрлігі онлайн-платформалар пайдаланушыларының жасын анықтайтын тетіктерді енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы министрлік басшысы Максут Шадаев Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында (ПМЭФ) мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңа технологиялық шешімдер платформаларға пайдаланушылардың жасын анықтап, белгілі бір контентке қолжетімділікті шектеуге мүмкіндік береді. Министрдің сөзінше, бұл мәселе жақын арадағы күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың біріне айналмақ.

Максут Шадаев Ресейдің бұл бағытта шетелдік тәжірибені зерттеп жатқанын атап өтті. Әсіресе Еуропа елдерінде кәмелетке толмағандардың цифрлық сервистерге қолжетімділігін реттеу бойынша бірқатар шаралар іске асырылған.

Жас ерекшелігін тексеру мәселесі әлемнің басқа елдерінде де талқыланып жатыр. Мәселен, Жапония әлеуметтік желілерде жас бойынша тексеру енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Ұқсас бастамалар Ұлыбритания, Франция, Испания және Үндістанда да күн тәртібіне шыққан.

Ал Норвегия үкіметі 2026 жылдың соңына дейін әлеуметтік желілерді пайдалануға жас шектеуін енгізетін заң жобасын парламент қарауына ұсынуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ Австралия 2025 жылдың желтоқсанында 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым енгізген. Германияда жүргізілген зерттеулер нәтижесінде балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін 13 жасқа дейін шектеу ұсынылды.