in

Жолдау-2026: Ұлттық ұланда цифрлық кері байланыс жаңа деңгейге көтерілуде

Мемлекет басшысының Жолдауында цифрлық трансформацияға ерекше назар аударылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Осы бағытта ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметті жетілдіру және жеке құрам мен қолбасшылық арасындағы өзара байланысты нығайту мақсатында отандық цифрлық шешімдерді енгізіп келеді. Осындай жобалардың бірі – ULAN SENIM жүйесі Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде сынақтан өткізіліп жатыр.

Жоба қазақстандық Aitu мессенджері негізінде әзірленген. Әскери қызметші QR-кодты сканерлеу арқылы қосымшаға өтіп, қолбасшылыққа анонимді түрде өтініш жолдай алады.

Жүйені пайдалану тәртібі қарапайым. Әскери қызметші өтініш санатын таңдап, мәселенің мән-жайын жазады да, қосымша арқылы жолдайды. Жүйеге түскен өтінішке бірегей нөмір беріліп, тиісті шаралар қабылдау үшін қолбасшыға жіберіледі. Әр өтінішті қарауға үш күн уақыт беріледі.

Өтініштер әскери қызметтің түрлі бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлық пен лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың алдын алу, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, материалдық қамтамасыз ету, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау, қызметтік мәселелер мен моральдық-психологиялық ахуал. Сондай-ақ жүйе арқылы жеке құрам арасындағы келіспеушіліктер туралы хабарлауға немесе қызметті ұйымдастыруды жақсарту жөнінде ұсыныс енгізуге болады.

Мәселен, ұландық күн тәртібіне өзгеріс енгізуді, демалыс күндерін ұйымдастыруды жақсартуды немесе сарбаздар асханасының мәзірін жаңартуды ұсына алады. Осылайша, жүйе жеке құрамның пікірін ескеріп, әскери ұжымдардың күнделікті тыныс-тіршілігінде туындайтын мәселелерге дер кезінде назар аударады.

ULAN SENIM жүйесінде анонимді өтініш жолдау, санатын таңдау, өтініштің мәртебесін бақылау және бұрын жіберілген өтініштердің тарихын көру бөлімдері қарастырылған. Ал қолбасшылық құрам үшін келіп түскен өтініштердің қаралуы мен орындалуын бақылауға мүмкіндік беретін жеке кабинет бар.

Мұндай тетікті енгізу «Заң мен тәртіп» қағидатына сай келеді. Өтінішті анонимді түрде жолдау, әрбір өтінішті тіркеу және оны қарау мерзімін бақылау ашықтық пен жауапкершілікті арттырып, сенімді нығайтуға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта ULAN SENIM жүйесі 6654 әскери бөлімінде сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл кезеңде платформаның функционалдық мүмкіндіктері тексеріліп, өтініштерді жолдау, тіркеу және қарау, сондай-ақ олардың орындалуын бақылау тетіктері пысықталуда. Жүйені пайдалану барысында анықталған кемшіліктер түзетіліп, оны Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдеріне енгізу мүмкіндігі қарастырылады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.