in

Алтын ине: ем бе, әлде денсаулыққа қауіпті ме?

Не болмаса бұл салаға мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіздігінен бе? Әлде «сырқатыңнан құлан таза айығасың» деген уәдеге сеніп, емнің қауіп-қатеріне мән бермейтінінен бе? Осы мәселелерді саралап, жауап іздеуге тырыстық.

Бүгінгі кейіпкерлеріміздің басынан өткен жағдайы әртүрлі. Бірі осы емнің арқасында аяғына тұрдым десе, екіншісі дәрігерге барғанды жөн санайды. Ал үшінші кейіпкеріміз Жанар емхананың дәрігерлері де дұрыс ем жүргізбейтінін қозғады.   

«Иненің арқасында аяғыма тұрдым»

Абай облысының тұрғыны Мейрамгүл есімді зейнеткер пандемия кезінде қатты сырқаттанып, орнынан тұра алмай, жүруден қалған екен.

Айтуынша, талай дәрігердің есігін қаққан. Аудандық ауруханадан бастап, Алматыдағы емханалардың табалдырығын тоздырған. Қанша анализ тапсырса да сырқатының себебін таппаған. Әр дәрігер түрлі диагноз қойып, емді де әртүрлі жүргізген. Төсегінен тұрғаны болмаса, артық жүріп, қозғалуы қиынға түскен.

– Пандемиядан кейін оңалуым қиын болды. Әсіресе, алғашқы екі жыл бармаған дәрігер қалмады. Аудандық дәрігерлерден ем таппаған соң, Алматыға тарттым. Емін-еркін қозғалу, әрбір жасаған қадам маған қиынға түсетін. Одан гөрі жата берген тыныш көрінетін. Десе де дене бойым сыздатқанда жайбарақат жатқыза қоймайтын. Бірде қызым  инемен емдейтін жерге алып келді. Қытайдан келген қазақтар екен. Шағын ғана өздерінің инемен емдеу орталығын ашып алған. Алғаш барғанымда 10 күндік емді тағайындады. Массаж жасап, ине салып, банка қойып, бойыма қан жүгірткендей болды. Олар маған жағдайымның қиындап кеткенін айтып, екі жұмада бір келіп, онкүндік емін алып тұруға кеңес берді. Денемнің ісігі қайтып, аяғымның тырысып қалуы бұрынғыдан басылғандай көрінді, – дейді зейнеткер.

Мейрамгүл апа 3-4 айдай екі аптада бір барып, онкүндік емін алып тұрған. –  Одан кейін «игланож» деген отасын жасады. Наркоз салмады, грыжада өскен етті жұлынға үлкен инені салып кескілеуіне шыдап бақтым. Шынымен, ақырында арқам жазылып, кеңінен тыныстап қалдым. Сөйтіп, айына бір, кейін екі айда бір барып, екі жылдай ем алдым. Бір аяғымды сылтып басып жүрдім. Осыдан кейін грыжаны емдейтін ресейлік емханаға барып едім, олардың үзіп жасаған массажы зиян деп, бұл емді алмауға кеңес берді. Қазір нарық заманында әр дәрігер өзіне дейінгі емделген емді жоққа шығаратыны үйреншікті нәрсе. Қазір екі емді араластырмау үшін инені алмай кеттім. Бірақ сырқатымнан толыққанды айықпасам да, денсаулығым жақсарып, сылтып болса да жүруіме көмектесті, – деді Мейрамгүл апа.

  «Акупунтурамен айналысатын емес, тиісті медициналық біліктілігі бар маманның көмегіне жүгіну керек»

  Алматылық Айгүл есімді келіншек бір аяғын баса алмай қалғанда алтын инемен емдеу орталығының көмегіне жүгінген екен. Бірақ оның ешқандай пайдасын көрмедім дейді ол.

– Аяқасты оң аяғымды баса алмай қалдым. Бейне бір тас батып тұрғандай болды. Жұмыстағы келіншектердің кеңесімен инемен емдейтін орталыққа бардым. Бірақ олар менен ешқандай анализ сұрамады. Ағзаңның қай жері ауыратынын көрсететін өз құрылғысына түсірді. Шынын айтсам, сенбедім, ойыншық нәрсе көрінді. Содан бес күн ине алдым. Бірақ оның ешқандай емі болмады. Үй жанындағы емханаға барып, рефлексотерапевттің қабылдауына жазылдым. Ол жаңағы орталықтағыдай бүкіл денеме ине қоймады. Тек 1-2 жерге қойып, ауыратынын ескертті. 1-2 сеанстан кейін әлгі түйін жоқ болды. Сондықтан акупунтурамен айналысатын емес, тиісті медициналық біліктілігі бар маманға барған дұрыс, – деді 57 жастағы келіншек.

Айман есімді бойжеткен бір жылдары Астанадағы «Достар мед» емханасында невропатологке қаралып, көңілі толмағанын айтты.

– Өз басым халық емінен гөрі дәрігерге қаралғанды жөн санаймын. Өкінішке қарай, емхана мен ауруханада істейтін дәрігердің бәрі бірдей білікті емес. Оған көзім жетті. Күннің салқынында ашық терезенің астында ұйықтаймын деп өзіме сырқат таптым. Бір қолымды көтере алмай, мойнымды бұра алмай қалдым. Дұрыс ем жасайды деген үмітпен ақылы емхананың бағасына қарамадым. Невропатолог он күндей дәрілерді салып, инемен блокада қойып берді. Сырқатымнан сауықтым деп жүрсем, блокаданың зардабы бар екен. Салдарынан етеккірдің келуі тоқтап, ұзақ уақыт бойы гинекологияда емделдім. Сонда дәрігер мұндай блокаданы тек қиын жағдайда, оның өзінде ұзақ уақыт алуға болмайды деген. 2-3 сеанспен шектелгенде, басқа ағзаңызға кері әсері тимес еді деді. Білікті дәрігердің қолына түскенімде бұлай қиналмас едім, – дейді ол.

 

Инемен кімдерге емделуге болмайды?

  Невролог дәрігер, иглотерапевт Бақытжан Мурадилов инемен емдеудің (акупунктура) белгілі бір ауруларда қосымша емдеу әдісі ретінде пайдасы бар екенін айтты.

– Әсіресе, созылмалы бел және мойын ауырсынуында, мигреньнің алдын алуда, кернеулік бас ауруында тиімділігі жөнінде ғылыми дәлелдер бар. Алайда оны барлық ауруды емдейтін әмбебап әдіс деп қабылдауға болмайды. Ине дұрыс салынбаған жағдайда жүйке талшықтары мен қан тамырлары зақымданып, ауырсыну, ұю, сезімталдықтың төмендеуі немесе бұлшық ет әлсіздігі пайда болуы мүмкін. Өте сирек жағдайларда инфекция, пневмоторакс, жұлын жарақаты, тіпті салдану сияқты ауыр асқынулар да кездеседі, – деді иглотерапевт.

Оның айтуынша, қан ұюы бұзылған, терісінде инфекциясы бар адамдарға бұл ем қарсы көрсетілуі мүмкін. Ал жүкті әйелдерге, қан сұйылтатын дәрілер қабылдайтын және ауыр созылмалы аурулары бар науқастарға ерекше сақтық қажет.

Жоғары санаттағы дәрігер, NurMed шығыс медицина орталығының  басшысы Нұршаш Нұрмахан да қан ауруы бар адамдарға, әсіресе онкологиямен сырқат жандар, аяғы ауыр келіншектердің кеуде тұсы мен құрсағынан төмен қарай ине салынбау керегін ескертті. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі жан болмаса 5 жасқа дейінгі балаға ине салынбағанын жөн санайды.

– Көп адам ине салдырамын деп анализ тапсырып, тексерілмей жатады. Меніңше, ине салдырмас бұрын кез келген жан өзін мазалаған мәселесімен дәрігерге көрінуі тиіс. Соған қажетті р ентген, магниттік-резонанстық томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ) сияқты зерттеуден өтіп, қажетті анализін тапсырған жөн. Мысалы, б уын ауруына ине салдыртқыңыз келсе, алдымен ревматологке қаралу қажет. Дә рігерлер б елгіленген ем көмегі тимесе не болмаса бұған қосымша ем ретінде инемен емдеуді ұсынады.

Өйткені иненің дұрыс салынбауы  денсаулыққа кесірін тигізіп, жүйкені  зақымдауы әбден мүмкін. Салдарынан қол тартылып, бұлшық еттегі спазманы күшейтіп жібереді. Мәселен, өкпенің айналасына ине дұрыс салынбаса өкпе тесіліп, оған газдың жиналуына әкеледі, – деді Нұршаш Нұрмахан. 

 

«Ине салу 1-2 айлық курспен шектелмейді»

  Жоғары санаттағы дәрігер Нұршаш Нұрмахан иненің емі тек теріге қадаумен шектелмейтінін қозғады.

– Ине теріден өтіп, майға батып, бұлшық ет пен сіңірден өтіп, нейрожүйкедегі нүктеге салынуы керек, – деді ол.

Оның сөзінше, бүгінде 1-2 айлық курсты оқып алып, үйден емдейтіндер көбейген. Сондықтан ине салатын маманның біліктілігіне ден қою керек.

– Бүгінде үйден ғана емес, үйге барып та инемен емдеп жатқандар көп. Әрине, әр адамның өз шешімі. Бірақ бұл әрекетті өз басым дұрыс көрмеймін. Қандай да бір ем алмас бұрын маманның біліктілігін дәлелдейтін құжатын сұрап, тексерген артықтық етпейді. Негізі медициналық білімі бар адам ғана инемен емдеу керек. Ол науқастың диагнозын дұрыс анықтап, соған сай емін жүргізе алады. Кейде инсульттан кейін тұра алмай жатса,  жол апатына түсіп, емханаға баруына мүмкіндігі болмаса, қауқары қалмаған қарттарға үй жағдайында ем жасау мүмкін. Оның өзі дәрігердің белгілеуімен істелуі тиіс. Сонымен қатар  айналаның тазалығынан бөлек, терінің дезинфекциясына, бір реттік инені пайдалануын қадағалау керек, – дейді Нұршаш Нұрмахан.

Оның сөзін невролог дәрігер Бақытжан Мурадилов та қуаттады. Айтуынша, маманның қай елден келгені маңызды емес. Ең бастысы, медициналық білімі, кәсіби біліктілігі және қауіпсіздік талаптарын сақтауы керек.

– Ең үлкен қауіп – медициналық білімі мен тиісті даярлығы жоқ адамның ем жүргізуі. Себебі ол аурудың нақты себебін анықтамай, науқастың жағдайын асқындырып жіберуі мүмкін. Әйтпесе, инемен емдеудің пайдасы бар, бірақ ол дұрыс диагноз бен негізгі медициналық емді алмастырмауы тиіс. Науқастың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында болуы керек, – дейді Бақытжан Мурадилов.