in

Оқулықтардың сапасы ерекше бақылауда

Қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесін бекіту және білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қосымша тексеру барысында мектеп оқулықтарынан 700-ден астам ескерту мен қателік анықталғанын хабарлаған болатын. Осыған байланысты оқулықтарды бекітуге дейін оларды қосымша жетілдіру туралы шешім қабылданды.
Оқу-ағарту министрлігінің басты міндеті – әрбір оқушыны мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына және білім беру жүйесінің өзекті талаптарына сәйкес келетін сапалы әрі заманауи оқулықтармен қамтамасыз ету.
Қазіргі уақытта баспалармен және сарапшылармен бірлесіп анықталған ескертулерді жою жұмыстары жүргізілуде. Қосымша уақыт оқулықтардың сапасын толық қамтамасыз ету үшін қажет.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда.
Оқулықтарды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3-сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка» пәндері бойынша, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» пәні бойынша оқулықтар сатып алынады.
Оқулықтарды таңдау Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы жүзеге асырылды. Оның нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдар өтінімдерді қалыптастырып, баспаларға жолдады. Сонымен қатар өңірлерде оқушылар санының өсуі мен кітапхана қорын жаңарту қажеттілігі ескеріліп, қалған сыныптарға арналған оқулықтарды қосымша сатып алу жүргізілуде.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұған дейін хабарлағандай, оқулықтарды одан әрі жаңарту да кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін – 4 және 9-сыныптарға, 2027 жылғы 1 сәуірге дейін – 8-сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады.
Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен, баспалармен және сарапшылармен бірлесіп, оқушыларды жаңа оқу жылына сапалы әрі заманауи оқулықтармен уақытылы қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.