in

Mugalim – туралы хикая

Мұғалімдер күні қарсаңында Астанада таныстырылған Mugalim деректі сериясы педагог еңбегін нақты өмір оқиғалары арқылы көрсетуге бағытталған. Қазақ­стандық EdTech экожүйесі Bilim Group қолға алған жобаның үш бөлімінде Түркістан, Қостанай облыстары мен Сәтбаев қаласында еңбек ететін мұғалімдердің оқи­ғасы баяндалады. Bilim Group бас директоры Александр Савчен­коның айтуынша, жоба арқылы мұғалімдердің еңбегін цифрлық көрсеткіштермен ғана емес, олардың нақты оқушы өміріне әсері арқылы көрсету көзделген. Ұйымдастырушылардың пікірін­ше, бұл бастама мұғалімдердің ең­бегін кеңінен танытып, педа­гогтерді қолдауға бағытталған жаңа жобаларға негіз болмақ.

– Еліміз мұғалімдердің бейнесін көріп, үнін естісе екен деген толғаныс нәтижесінде Mugalim деректі сериясы мен «Bilim бейнесі» фотожобасы пайда болды. Біздің ұлы ойшылдарымыз бен ақын-жазушыларымыз көптеген керемет шығармасын педагогтерге арнап жазған. Жыл сайын Білім күні мен Мұғалімдер күнінде салтанатты шараларда мұғалім мамандығының маңызы, оны құрметтеу мен бағалау қажеттігі туралы сөздер айтылады. Бірақ біз оларды іспен көрсетпесек, мұның бәрі құр сөз күйінде қала береді. «Bilim бейнесі» фотожобасы – сондай нақты қадамдардың бір мысалы, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың ай­туынша, жобамен жұмыс бары­сында педагогтердің өз қиындық­тарынан гөрі оқушыларының же­тістіктері мен мүмкіндіктері ту­ралы көбірек айтатыны байқалған.

Тақтадағы тартыс, танымдағы табыс

Жобадағы кейіпкердің бірі – Түркістан облысының мұғалімі Ақсәуле Жақыпбекова. Ол Шұ­барағаш шағын жинақты бастауыш мектебінде сабақ береді. Оның пе­дагогикалық тәжірибесінде шах­маттың орны бөлек. Оқу бағ­дарламасына «Шахмат негіздері» пәні енгізілгенде, мұғалім оны басқа сабақтармен байланыстыра отырып оқытуға кіріскен. Мұғалім шахматты жеке үйірме ретінде ғана қарастырмай, оны бастауыш сы­ныптағы оқу үдерісімен ұштас­тыруға тырысады. Шахмат ойнаған бала жүрістерді алдын ала есептеп, бірнеше нұсқаны салыстыруға мәжбүр. Мұғалім осы мүмкіндікті балалардың логикалық ойлауын дамытуға пайдаланады.

Бастапқыда мектепте шахмат тақталары мен қажетті көрнекі құралдар жеткіліксіз болған. Бала­лардың толыққанды жаттығуына жағдай жасау үшін мұғалім қажетті жабдықтарды өз қаражатына алып, сыныпты біртіндеп жаб­дықтай бастаған.

– Шахматты ақыл-ойдың ойы­ны дейді. Ол баланың ойлау қа­білетін, ақылын өте жақсы дамы­тады. Оған қоса, математика мен шахмат бір-бірімен өте жақсы үйлеседі. Сондықтан оқушыларға білімді жай ғана беріп қоймай, оның ойлау қабілетін дамытуымыз керек, – дейді Ақсәуле Жақып­бекова.

Сабақ барысында оқушылар шахмат фигураларымен танысып, олардың жүрісін үйренеді, ойын арқылы есеп шығарып, логикалық тапсырмаларды орындайды. Мұ­ғалімнің айтуынша, балалардың қызығушылығы мектеппен ғана шектелмейді. Шахматқа әуес­тенген оқушылар үйде де ойнап, ата-аналарын ойынға тарта бас­таған. Ақсәуле өз тәжірибесімен әріптестерімен де бөлісіп, ау­дандық семинарларда шахматты сабақта қолдану тәсілдерін көр­сетіп жүр.

Туған ауылға тұтқа болған мұғалім

Қостанай облысының Гри­шенка ауылында еңбек ететін Степан Галкиннің оқиғасы да мұ­ға­лім жұмысының мектеп қабыр­ғасымен шектелмейтінін көр­сетеді. Ол қалада білім алғаннан кейін туған ауылына қайта оралып, өзі оқыған мектепте физика мен математика пәндерінен сабақ береді. 

Гришенкада шамамен 400 адам тұрады, ал мектепте қырыққа жуық оқушы білім алады. Шағын ауылда балалардың бос уақытын тиімді өткізу мүмкіндігі үлкен қалалармен салыстырғанда аз. Степан осы олқылықтың орнын мектептің өз ішінде толтыруға тырысады. Әріптестерімен бірге оқушыларға арналған түрлі бас­тама­ларды қолға алған. Соның бірі – баскетбол секциясы. Оқушылар спортпен айналысып қана қоймай, түрлі жарыстарға қатысып, тә­жірибе жинайды. Бұл іске жер­гілікті фермерлер де қол­дау көр­сетіп, балалардың жарыс­тарға баруына жағдай жасайды. 

Степанның тағы бір қызығу­шылығы – астрономия. Ол жұл­дыз­ды аспанды бақылауды тек жеке хоббиі ретінде қалдырмай, оны ауыл тұрғындарымен бөліседі. Мектеп оқушылары, ата-аналар және ауылдың басқа тұрғындары үшін аспанды бірге бақылауға арналған кештер ұйымдастырады.

Дәлелді сөзге баулыған

Деректі серияның үшінші кейіпкері – Сәтбаев қаласының мұғалімі Дана Абельдинова. Оның жұмысының негізгі бағытының бірі – дебат. Педагог оқушыларға пікірталас мәдениетін үйрету ар­қылы тілдік дағдыларын жетіл­діруге, сыни ойлауын дамытуға және өз ойын дәлелмен жеткізуіне жағдай жасап келеді. Дебат кезінде оқушы белгілі бір мәселе бойынша өз ұстанымын қалыптастырып қана қоймай, қарсы пікірді тың­дап, оған жауап беруге, ақпаратты саралауға және дәлел іздеуге үйренеді. Сондықтан дебат клубы мектептегі кезекті үйірмеден гөрі, баланың күнделікті өмірде қажет болатын коммуни­кативтік дағдыларын қалыптас­тыратын орта ретінде көрінеді. Жоба кейіпкері Дана Абельдинова мұғалімнің міндеті тек білім берумен шектелмейтінін атап өтті.

– Бүгінде балалардың терең әрі жан-жақты ойлау қабілетін дамыту – мен үшін өте маңызды. Ой-өрісі кең, ойлау деңгейі жоғары, ты­ғырықтан шығу жолын таба білетін және өз позициясын дәлел­дей алатын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Өйткені ертең дәл осы балалар еліміздің болашағын құ­райды. Біз білім беру процесінде тек мұғалім оқушыға білім береді деген түсінікпен шектелмеуіміз керек. Мұғалімнің де өз оқушы­ларынан және басқа адамдардан үйренері бар. Сондықтан біз өзіміз де үнемі дамып отыруымыз қажет, – деді ол.

Дана Абельдинова үшін мұндай жұмыстың түпкі мақсаты – оқу­шы­ның дайын жауапты жаттап алуынан гөрі, өздігінен ойлай білуі. Оның пайымынша, қазіргі білім беру жүйесінде баланың білім көлемімен бірге ойлау қабілетіне де көңіл бөлу маңызды.

Ұстаз еңбегін ұлықтаған жоба

Үш мұғалімнің әдісі үш түрлі болғанымен, олардың жұмысынан ортақ бір бағыт байқалады. Олар оқушыға дайын мүмкіндік күтпей, сол мүмкіндікті өздері жасауға тырысады. Бірі шахмат арқылы баланың логикалық ойлауын дамытса, екіншісі ауыл мектебінде спорт пен астрономияға жол ашады, үшіншісі дебат арқылы оқушыларды өз ойын дәлелдеуге және пікірталас мәдениетіне үйретеді. Mugalim жобасының ерекшелігі де осында. Деректі серия мұғалім мамандығы туралы жалпылама әңгімемен шектелмей, педагогтің күнделікті жұмысын, өз мектебіндегі нақты бастамасын және сол істің балаларға әсерін көрсетеді.

Bilim Group өзінің 15 жыл­дығына орай назарды цифрлық өнімдер мен көрсеткіштерге емес, сол жүйенің негізінде тұрған адамдарға аударуды жөн көрген. Өйткені білім беру саласындағы кез келген технологияның артында оны қолданатын мұғалім бар.

Деректі серияның таныс­тырылымында осы тақырыпқа арналған public talk та өтті. «Өзгеріс мұғалімнен басталады: бастама­шыл педагогтерді қалай қолдау керек» атты пікірталаста мұғалім­дердің жеке бастамаларын дамы­туға қажетті жағдайлар, педагог­тердің тәжірибесін тарату және білім беру саласындағы өзгеріс­терге ұстаздардың ықпалы талқы­ланды. Бұл мәселе Қазақстандағы мұғалім тапшылығы туралы дерек­тер аясында да өзекті. Бұған дейін ел мектептерінде бес мыңнан ас­там педагог жетіспейтіні хабар­ланған. Оның ішінде бос орындар­дың 51,9 пайызы қалалық жер­лерге, 48,1 пайызы ауылдық жер­лерге тиесілі болған. Демек, пе­дагог мәселесі тек маман санымен шектелмейді. Әсіресе өңірлердегі мектептердің тұрақты дамуы үшін сол жердің ерекшелігін білетін, оқушылармен бірге ұзақмерзімді жұмыс істеуге дайын ұстаздардың болуы маңызды.

Жоба аясындағы бастама де­рек­ті фильмдермен ғана аяқтал­майды. Шара барысында 1 қазанда «Bilim бейнесі» ұлттық фото­жобасының басталатыны жария­ланды. Оның мақсаты – Қазақ­станның әр өңіріндегі мұғалім­дердің кәсіби портретін жинақтап, цифрлық галерея қалыптастыру. Фотожобаға қатысатын педагогтер өздерінің суретімен бірге маман­дығы, кәсіби құндылықтары және ұстаздық жолының өздері үшін мәні туралы қысқа әңгімесін ұсынады. Яғни мұғалімнің бейнесі сырттан сипатталмай, оның өз сөзі арқылы беріледі.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ