in

Тарихтың жоғын түгендеген тұлға

Құрманғазы аудандық тарихи-өлкетану мұражайының негізін қалап, туған өлкенің өткені мен құнды мұрасын жинақтауға ерекше еңбек сіңірді. Сондықтан қолына түскен әрбір көне құжатты көздің қарашығындай сақтап, ел аузындағы әрбір деректің қадіріне жетуге тырысты. Кеше мен бүгіннің арасын жалғайтын сол жіңішке жіп үзіліп қалмасын деп ғұмыр бойы ізденді.

Ұстаздан қалған ұлағат

Зариф Бектенұлы 1926 жылы дүниеге келген. Оның тарихқа, сөзге, шежіреге жа­қындығы өскен ортасынан бастау алғандай. Әкесі Бектен – зерделі, сөзге шешен, естіге­нін ұмытпайтын, қара сөз бен өлеңді нақы­шына келтіріп айтатын жан болған. Адал­дықты ту етіп, шындықты биік қойған әке­нің әрбір әңгімесі бала Зарифтің санасы­на із қалдырды. Ал анасы Рысты бес перзент­ті тәрбиелеп өсірген сабырлы, мейі­рімді жан еді. Бұл әулетте білімнің орны бөлек болды. Бірі ұстаз, бірі ғалым болып, ағайын­ды­лар­дың әрқайсысы білім мен ғылымға жол сал­ды. Осындай ортада өскен Зарифтің де өмір­лік серігі кітап пен қалам болуы заңды еді. 

Бірақ оның балалық шағының соңғы кезеңі ел басына күн туған ауыр уақытпен тұспа-тұс келді. 1942 жылы 9-сыныпты тә­мамдаған бозбала тұрмыс тауқыметін ерте сезініп, еңбекке араласты. Ауылдық кеңесте қызмет істеді, аудан көлеміндегі жазу-сызу жұмыстарына көмектесті. 1947-1951 жыл­да­ры Кеңес әскері қатарында әскери боры­шын өтеп, Совгаван қаласында бөлімше писарі әрі бухгалтер міндетін атқарды. Құ­жат пен есепке жауапты болған бұл қыз­мет оның тиянақты­лығы мен ұқыптылығын одан әрі шыңдай түсті. Әскерден оралған­нан кейін де білімге деген талабын тоқтат­пады. Кешкі мектепте оқуын жалғастыра жүріп, түрлі мекемеде еңбек етті. 1954 жы­лы Алматыдағы Абай атындағы педаго­гикалық институттың тарих факульте­тіне түсіп, оны 1958 жылы тә­мамдады. Жоғары білім алған жас маман алғашқы ұстаздық жолын Сафон елді меке­ніндегі Фридрих Энгельс атындағы орта мек­тепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастады. 

Ұстаздықтың алғашқы жылдарынан-ақ ол тарихты оқулықтағы дайын деректермен шектемей, шәкіртті өткенге үңілуге, деректі салыстырып, одан қорытынды шығаруға баулуға мән берді. Сөйтіп, бала күнінде үл­кен­дерден естіген шежіреге құлақ түріп өскен Зариф Бектенұлы енді тарихты кәсі­би тұрғыдан танып, зерттеуге бет бұрды. Кейін бұл қызығушылық туған өлкенің өткенін түгендеуге арналған үлкен ізденіске ұласты.

Бір кездері аудан орталығындағы Ло­моносов атындағы орта мектептің тарих пә­нінің мұғалімі Зариф Бектенұлы өзі же­текшілік еткен «Қызыл ізшілер» тобының алдына үлкен мақсат қойды. Содан бастап оқушыларымен бірге ауыл-ауылды аралап, ел аузындағы әңгімелерді жинауға, тарихи оқиғалардың ізін іздеуге кірісті. «Әкелер даңқы жолымен» атты арнайы бағыт жаса­лып, туған жер шежіресін түгендеудің үлкен жұмысы басталды. Ол кезде Зариф Бек­тен­ұлы қолға алған істің болашақта тұтас ауданның рухани қазынасына айналарын кім білген?!

1971 жылы аудан басшылығы жиналған мұраның мән-маңызын ескеріп, мәдениет үйінен арнайы орын бөлді. Осылайша, мектептің шағын бөлмесіндегі өлкетану бұ­рышы аудандық мәдени кеңістікке көш­ті. Ал 1974 жылы оған «Халық мұражайы» атағы берілді. Бүгінгі өлшеммен қарасақ, «музей құрды» деген бірауыз сөзбен түйіндеуге болатын шаруа секілді. Бірақ сол екі сөздің ар жағында қаншама жол, қан­шама архив, қаншама ізденіс жатыр. 1963-1977 жылдар аралығында Зариф Бектенұлы Қазақстан мен Ресейдің оннан астам қала­сына сапар шегіп, тарихи материалдар жи­нады. Астрахань мен Гурьев архивтерін ақтарды. Ел ішіндегі көнекөз қариялардың әңгімесін тыңдады. Қолға түскен әрбір құжат­ты са­лыстырып, деректің ақиқатына жетуге тырысты. Осы жылдары қазақ және орыс тілдерінде жүзден астам мақала жариялады.

Тарихты тағылым тұтқан

Зариф Бектенұлы үшін ұстаздық тек сабақ кестесімен өлшенетін қызмет болған жоқ. Ол өзі іздеп тапқан тарихи деректің мектеп партасына жетіп, шәкірт санасына сіңгенін қалады. Сондықтан архивтен жинаған материалдарын жеке қорында сақтап қоюмен шектелмей, оны тарих пен қоғамтану сабақтарында пайдаланудың жол­дарын қарастырды. Ұзақ ізденістің нә­ти­жесінде «Тарих және қоғамтану сабақта­рында тарихи-өлкетануға қатысты дерек­терді пайдалану тәжірибемнен» атты еңбек дайындап, педагогикалық оқуларға ұсынды. Бұл оның өлкетануды зерттеу нысаны ретінде ғана емес, балаға тарихты танытудың бір тәсілі ретінде қарастырғанын аңғартады.

1963 жылдың 6 қыркүйегінен бастап мек­тептегі Тарих-өлкетану үйірмесіне жетек­шілік еткен ол оқушыларын да осы ізденіске араластырды. Балалар үлкендердің әңгімесін жазып алып, көне дүниелерді іздеді, туған жердегі тарихи оқиғалар ту­ралы деректер жинады. Зариф Бектенұлы­ның педагог ретіндегі ерекшелігі де осында еді. Ол балаға дайын мәліметті айтып беру­мен шектелмей, деректі іздеуге, салысты­ру­ға, оның ақиқа­ты­на көз жеткізуге үйретті. Ұс­таз бен шәкірттің бірлесе ізденуі нәти­жесінде жиналған ма­териал­дардың ауқымы да кеңейе түсті. Музей қорынан азамат соғысы жылдарынан бастап ауданның ағарту ісіне дейінгі сан алуан дерек орын алды. Ганюшкино селосында 1895 жылы ашылған алғашқы екі кластық орыс-қыр­ғыз училищесі, Сейтқали Меңдешевтің 1903-1907 жылдары осы жерде бала оқыт­қаны жөніндегі мәліметтер де хатқа түсті.

Тарихи құжаттар мен сол оқиғаны көзі­мен көрген адамдардың әңгімесі негізінде салынған мәскеулік суретші Н.Садюковтың «1919 жылғы ноябрьде ақгвардияшылардың Ганюшкино селосында талқандалуы» атты көлемді картинасының музейге жеткізілуі де осы ізденістің бір жемісі еді. Сондықтан Зариф Бектенұлының ұстаздығы мен өл­кетанушылығын бір-бірінен бөліп қарау қиын. Бір жағынан, ол өткеннің дерегін іздеді, екінші жағынан, сол деректі келер ұрпаққа жеткізудің жолын қарастырды. Ұстаз еңбегі­нің ең үлкен нәтижесі де, бәл­кім, осы шығар.

Әулеттің алтын діңгегі

Зариф Бектенұлының өмір жолы мен өлкетану саласындағы ұзақ жылғы еңбегін сөз еткенде, оның жанынан табылып, бар ауырт­палықты бірге көтерген жары Қазира Бисұл­танқызы туралы айтпау мүмкін емес. Өйткені бір адамның үлкен іске алаңсыз берілуінің ар жағында көбіне отбасының түсіністігі мен қолдауы тұрады. Зариф Бек­тенұлы үшін сондай сенімді серік Қазира апай еді. Қарапайым шаруа отбасында өскен Қазираның балалық шағы соғыс жылдары­мен тұспа-тұс келді. Ол мал бағып, егін егіп, балық аулауға көмектесті. 1943 жы­лы құрбы-құрдастарымен бірге «Қазақ­стан пионері» танк колоннасына қаржы жинауға атса­лысты. Теңіз ауданы пионер­ле­рінің бұл ең­бегі еленіп, Қазираға да бас қол­басшы И.Ста­линнің Алғысхаты табысталды.

Ұстаз болуды армандаған Қазира педа­гоги­калық училищеде білім алып, ғұмырын бала тәрбиесіне арнады. Әріп­тестері оны әр баланың жан дүниесіне жол таба білетін сабырлы педагог ретінде еске алады. Ы. Ал­тынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институ­тының тәжірибесі негізінде ұйымдастырылған эксперименттік сы­ныпта шалғайдағы малшы балаларының білім алуына, жаңа ортаға бейімделуіне көмектесті. Қырықтан астам баланың сабағы мен тұрмысына қамқор болып, еңбегі үшін «Оқу-ағарту ісінің озық қыз­меткері» белгісімен, Құрмет грамоталары және Алғысхаттармен марапатталды.

1951 жылы Зариф Бектенұлымен шаңы­рақ көтеріп, жарты ғасырдан астам тату ғұмыр кешті. Жары табысының елеулі бө­лігін тарихи құжаттар мен жәдігерлер жи­науға, архивтерді аралауға жұмсағанда, Қазира апай оның ісінің маңызын түсініп, үй ішінің жауапкершілігін өз мойнына алды. Ата-енесі, бес баласы бар, қонағы үзіл­мейтін шаңырақтың тіршілігі он жылдан астам уа­қыт негізінен оның мұға­лімдік еңбекақысына сүйенді. Соған қарамас­­тан, тұрмыс қиынды­ғын жарының ізденісіне тосқауыл етпей, бала тәрбиесі мен үлкендердің күтімін қатар алып жүрді. Осы сабырына сүйсінгендердің бірі Зариф Бектенұлына: «Зәке, мен жеңгеме басымды иемін. Оның орнында басқа адам болса, қолыңызға бір шабадан ұстатып, үйден шығарып жіберер еді», – деп әзіл-шыны аралас айтқан екен. Ал Зарифтің үлкен әпкесі Жамалдың Қазираны «екінші анамыз» деуі оның әулетке сіңірген еңбегін аңғартса керек. Ардагер ұстаздың жарына арнаған өлеңдері мүлде басқа қы­рынан көрінеді. Елу жылдан астам ғұмырын бірге өткізген жарына жазылған жырлар, алыс жүргенде жолдаған өлең-хаттар – сол за­ман­ның адамдық қарым-қатынасын аңғар­татын қымбат мұра. Ауруханада жатқанында көңілі босап келген Қазира апайды жұбатып, қайрат беретін сөзін де өлеңге айналдырған.

Туған жерге аманат

Зариф Бектенұлы тарихты жинап қана қойған жоқ, оны жазды. «Ол жылдар даңқы өшпейді», «Қанды шайқас жылдарында», «Сан жылдардың шежіресі», «Мұражай – ауыл шежіресі», «Археологиялық қазбалар сыры», «Бұл оқиға Ганюшкин маңында бол­ған еді», «Туған өлкеңді біл», «Ағарту са­ласының алғашқылары», «Отты жылдар­дың шежіресі» сынды әр жылдары жарық көрген мақала­ла­рына көз жүгіртіп, туған жер тарихының қан­шалықты кең ауқымда зерттелгенін бай­қа­уымызға болады. Соғыс жылдары, археология, ағарту ісі, ел ішіндегі тұлғалар – ешқайсысы өлкетанушы назарынан тыс қалмады.

Зариф Бектенұлының «Ерлік – біздің ен­ші­міз», «Әкеммен сырласу» секілді өлең­дерін­де елдік рух пен туған жерге сүйіспен­шілікті, әке алдындағы перзенттік сезімді жырға қосты. Білім беру саласының арда­гері өмір бойы өзі­нен бұрын өткен адам­дардың есімін жаң­ғыртып, жоғалған дерек­терді түгендеп жүрді. Көнекөз қариялардан естігенін қағазға түсірді. Архивтен табылған дүниені елге жеткізді. Шәкірттеріне туған жердің әр уыс топырағында тарих жатқанын ұқтырды. 2017 жылдың 6 қыркүйегінде Зариф Бектенұлының есімімен мұражай ашылып, мемориалдық тақта ор­на­тылды. Сол күні ол туралы жазылған «Аманат-Арман» естелік кітабының тұсауы да кесілді. 

Адам ғұмырының бағасы жасаған ісінің көптігімен емес, кейінгіге қалдырған ізінің тереңдігімен өлшенсе керек. Зариф Бектен­ұлының ізі – туған өлкенің шежіресінде. Ол жоғалуға айналған деректі жинады, ұмытыла бастаған есімдерді жаңғыртты, кейінгі буынға өткенін танып, тарихын қастерлеудің үлгісін көрсетті. Сондықтан оның артында қалған ең үлкен мұра – өзі құрған мұражай ғана емес. Ең үлкен мұра – туған жердің тарихына нем­құрайды қарамау керек деген аманат.

Инабат АРМАНҚЫЗЫ