2026 жылы олимпиаданың І кезеңі 1-15 сәуір аралығында ұйымдастырылып, оған республика бойынша ауыл мектептерінің 42 079 6-сынып оқушысы қатысты , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
ІІ кезеңге ең жоғары нәтиже көрсеткен 5 000 оқушы жолдама алды. Финалистер саны бойынша Түркістан облысы көш бастады. Олимпиаданың ІІ кезеңі 28-30 сәуір аралығында өтті. Ал 18-21 мамыр аралығында жеңімпаз атанған 1 000 оқушы 1 000bala.elumiti.kz порталында мамандандырылған мектептерге өтінім жіберді.
Бұл олимпиада жетінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен El Umiti корпоративтік қорының бірлесуімен ұйымдастырылып келеді. Биыл олимпиаданың ІІ кезеңі алғаш рет Ұлттық тестілеу орталығының негізінде еліміздің барлық өңірінде офлайн форматта өтті.
Олимпиада жеңімпаздары бөлінген 483 квота негізінде Республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейлері және «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейлерінде білім алу мүмкіндігіне ие болады.
Алты жыл ішінде олимпиадаға 800 мыңнан астам ауыл оқушысы қатысты. Қазіргі таңда 1 800-ден астам жеңімпаз еліміздегі мамандандырылған мектептерде білім алып жатыр, ал алғашқы түлектер 2025 жылы жоғары оқу орындарына түсіп үлгерді.
Жобаның миссиясы – ауыл мектептерінде білім алатын оқушылар үшін әлеуметтік лифт қалыптастыру. Мақсаты – сапалы білімді қолжетімді ету және дарынды балаларға жаңа мүмкіндіктер ашу.
«Мың бала» жобасының жеңімпаздары бүгінде білім мен ғылым саласында жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Көкшетау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Булкаиров Бахтияр республикалық байқаудың жүлдегері атанды. Ал Назарбаев Университетінде білім алып жатқан Ерқанат Кеңшілік Аустралияда өткен халықаралық олимпиадада ІІ орын иеленіп, Қазақстан Президентімен кездесті. Кейін ол Кореядағы KAIST университетінен шақырту алды.