Астанада білім беру саласындағы халықаралық жетекші ұйым – ETS өкілдері Қазақстанда жоғары оқу орындарына қабылдауға арналған жаңа Admissions Insight Test (AIT) емтиханының моделін таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кездесу барысында жаңа қабылдау емтиханын әзірлеу жөніндегі зерттеу жұмысының нәтижелері ұсынылды. Онда қолданыстағы бағалау жүйесіне жүргізілген талдау, халықаралық тәжірибе, жоғары оқу орындарының қажеттіліктері, кадрлық әлеует және жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктері қарастырылды.
Жаңа емтихан талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлау, талдау жасау, академиялық мәтіндермен жұмыс істеу, өз ойын дәлелді жеткізу және алған білімін тәжірибеде қолдану қабілеттерін де бағалауға бағытталған.
Сондай-ақ тест тапсырмаларының сапасын арттыру, олардың тілдік түсініктілігін қамтамасыз ету, бағалау рәсімдерінің объективтілігін күшейту, тапсырмалар қорын кеңейту және тест нұсқаларын автоматты түрде қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірленді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жаңа модель сынақтан өтетін кезеңде Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі өзгеріссіз сақталады. Барлық жаңашылдықтар зерттеу нәтижелері мен пилоттық сынақтардың қорытындысына сәйкес кезең-кезеңімен енгізілмек.