in

Сәтбаев университеті болашақ геологтерді мектеп қабырғасынан бастап даярлауға кірісті

Бастаманың басты мақсаты – өскелең ұрпақтың геология ғылымына қызығушылығын ерте жастан оятып, жаратылыстану бағытындағы білімін тереңдетуге және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік жасау. Осы мақсатта Алматы қаласындағы мектептердің 1-11-сынып оқушыларына арнап танымдық сабақтар мен экскурсиялар тұрақты түрде ұйымдастырылмақ. Оқушылар геология ғылымының қыр-сырын танып, ғылыми-зерттеулермен, табиғи байлықтармен және заманауи технологиялармен жас ерекшеліктеріне сай біртіндеп танысады.

«Сәтбаев музейіндегі сабақтар» деп аталатын жобаны Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы, Сәтбаев университеті және Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты бірлесіп әзірледі. Жоба аясында оқушыларға арналған төрт арнайы бағдарлама дайындалды. Олардың мазмұны балалардың жас ерекшеліктері мен білім деңгейіне қарай құрылған. Атап айтқанда, 1-4-сынып оқушылары минералдар мен кристалдардың алуан түрлілігін, ежелгі тіршілік иелерінің тасқа айналған қалдықтарын танып біледі. 5-6-сынып оқушылары Қазақстанның жер қойнауындағы табиғи байлықтар туралы білімін толықтырады. 7-9-сыныптарға арналған сабақтарда геологиялық үдерістер, минералдардың қасиеттері және жер қойнауын игеру тарихы қамтылады. Ал жоғары сынып оқушылары геологиялық зерттеулердің заманауи әдістерімен, инженерлік технологиялармен және тау-кен геологиясы саласындағы сұранысқа ие мамандықтармен танысады.

Жобаның негізгі білім беру алаңы – академик Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен 1940–1942 жылдары құрылған Геология-минералогия музейі. Ғылыми-танымдық құндылығы зор бұл музейде минералдар, тау жыныстары, кен үлгілері мен ежелгі тіршілік иелерінің тасқа айналған қалдықтарын қамтитын 55 мыңнан астам жәдігер сақталған. 2026 жылдың қазан айында музейдің көрме залдары мен экспозицияларын жаңарту жұмыстары аяқталды. Енді оның бай қорын жас ұрпақтың білімін толықтыруға, табиғат құбылыстарын танып-білуіне және ғылымға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жүйелі білім беру алаңы ретінде пайдалану көзделіп отыр.

Жобаның алғашқы қатысушылары Қожа Ахмет Ясауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының 3-сынып оқушылары болды. Сәтбаев университетінің Кәсіптік бағдарлау және қабылдау кеңсесі ұйымдастырған экскурсия барысында балалар музейдің бай экспозициясымен танысып, ерекше жәдігерлерді тамашалады. Әсіресе, миллиондаған жыл бұрын тіршілік еткен акуланың тісі жас қонақтардың қызығушылығын оятты. Олар түрлі түсті минералдар мен кристалдарды, ежелгі тіршілік иелерінің тасқа айналған қалдықтарын тамашалап қана қоймай, тау жыныстарының қалай пайда болатыны, пайдалы қазбалардың қай салаларда қолданылатыны жөнінде сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған дүниелерге жауап алды.

Танымдық сабақты геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, профессор, Минералдық ресурстар академиясының академигі Ақылбек Жүнісов жүргізді. Ол оқушыларға геолог мамандығының ерекшеліктері, Жердің геологиялық тарихы және академик Қаныш Сәтбаевтың ғылымға қосқан үлесі туралы қызықты деректермен бөлісті. Ғалымның әңгімесі арқылы балалар геолог еңбегінің маңызын, табиғи ресурстарды зерттеудің ел экономикасы мен ғылымы үшін мәнін тереңірек түсінді.

«Бүгін оқушыларымыз да, біз де көп нәрсе білдік. Ең бастысы, балалар геологтің кім екенін, оның еңбегінің қаншалықты маңызды екенін түсінді. Алматыда қанша жылдан бері тұрсақ та, осы ғажайып музейге алғаш рет келіп отырмыз», – деді сынып жетекшісі Жаңагүл Мұсаева.

Алғашқы экскурсия балалардың жарқын әсерімен аяқталды. Кездесу соңында жас қонақтарға естелік сыйлықтар мен «Мен геологпін!» деген жазуы бар арнайы стикерлер табысталды.

Алдағы уақытта университет жобаның ауқымын кеңейтіп, Алматы қаласындағы мектептерді барынша қамтуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта қалалық Білім басқармасымен бірлесіп, оқушылардың музейге оқу жылы бойы тұрақты келу кестесін әзірлеу ұсынылды. Танымдық сабақтарды өткізуге Сәтбаев университетінің ғалымдары мен оқытушылары, студенттері және жас зерттеушілері қатыспақ.

Жоба бір реттік экскурсиялармен шектелмей, мектеп оқушыларымен ұзақмерзімді әрі жүйелі жұмыс жүргізуді көздейді. Балалар алғашқы сыныптардан бастап табиғаттың тылсым сырларымен танысып, жоғары сыныптарға қарай геологиялық зерттеулер мен инженерлік технологиялардың заманауи мүмкіндіктерін меңгере алады. Мұндай сабақтастық олардың ғылымға деген ынтасын арттырып қана қоймай, болашақта геология және инженерия саласындағы мамандықтарды саналы түрде таңдауына жол ашады.

Бүгін музей табалдырығын қызығушылықпен аттаған бала ертең елдің табиғи байлығын зерттейтін ғалымға, білікті геологке немесе инженерге айналуы мүмкін. Сондықтан бұл бастама – жас ұрпақты ғылымға баулуға, отандық ғылыми мектептердің сабақтастығын сақтауға және Қазақстанның болашақ ғылыми-инженерлік әлеуетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.