in

Жасанды интеллект: ғылым мен мемлекеттік саясатты дамытуда қандай рөл атқарады?

Ауқымды ғылыми іс-шара Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында және университеттің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Форум гибридті форматта өтті. Дәстүрлі және онлайн алаңда Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, академиялық қауымдастық, шетелдік беделді университеттерінің профессорлары, отандық зерттеушілер, медиа өкілдері және жас ғалымдар бас қосты. Халықаралық жиынның модераторы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантайұлы болды.

Фото Еуразия ұлттық университетінен алынды.

Форумның басты мақсаты – ЖИ-дің ғылымды дамытудағы, мемлекеттік саясатты жетілдірудегі және қоғамдық басқарудың жаңа модельдерін қалыптастырудағы стратегиялық рөлін талқылау болды. Ғылыми баяндамаларда AI governance мәселелері, жасанды интеллектінің этикасы мен құқықтық реттелуі, сондай-ақ цифрлық трансформация жағдайындағы мемлекеттік басқарудың жаңа тәсілдері қарастырылды.

Форумда Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова жасанды интеллектіні тиімді пайдалану туралы ойын ортаға салды. 

«Жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін ең алдымен сапалы адами капитал қалыптастыру қажет. Сондықтан білім беру жүйесін жаңғырту, цифрлық дағдыларды ерте жастан меңгеру маңызды.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Жасанды интелект және цифрландыру жылы» деп жариялады. Бұл – еліміздің технологияны дамытуға нық қадам  басқанымызды көрсететін шешім. Біздің міндетіміз ¬ жасанды интелектінің технологияларын отандық ғылыммен үйлестіре отырып дамыту. АІ-Sana бағдарламасы аясында жүздеген мың студентке ЖИ-ды меңгеруге, заманауи технологияларды іс жүзінде қолдануға мүмкіндік берді, – деді вице-министр.

Форумның негізгі пленарлық сессиясында Оңтүстік Калифорния университетінің Провост профессоры Генри Дженкинс, Валенсия университетінің профессоры, Сантьяго-де-Компостела және Кардифф университеттерінің көрнекті профессоры Эмилиано Трере, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Наталья Клушина, Назарбаев Университетінің Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің профессорлары Омер Ф. Барыш және Жәнібек Арынов баяндама жасады.

ЕҰУ Басқарма мүшесі – Цифрландыру жөніндегі проректор Бекманова Гүлмира Тілеубердіқызы

Форумның ашылуында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықовтың  құттықтау сөзін ЕҰУ басқарма мүшесі – Цифрландыру жөніндегі проректор Гүлмира Тілеубердіқызы жеткізді. Құттықтау мазмұнында жасанды интеллекті тек технологиялық мүмкіндік емес, стратегиялық жауапкершілік ретінде қарастырудың маңызы, Қазақстанда AI governance күн тәртібін ғылыми тұрғыдан зерделеудің өзектілігі және ЕҰУ-дің осы бағыттағы институционалдық бастамалары атап өтілді.

Форумда «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Қамзабекұлы сөз сөйлеп, жасанды интеллект дәуірінде университеттердің стратегиялық рөлі мен зияткерлік жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түскенін атап өтті. Ол бұндай форумның ЕҰУ-де өтуі университетте жаңа күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді ғылыми тұрғыдан көтере алатын зияткерлік орта қалыптасқанын көрсететінін айтты.

«Бүгінде академиялық білім беру жүйесі өзгеріске бет бұрды. Технологиялар қуатты болса да, оның құндылығын адами капитал айқындайды. Еуразия ұлттық университетінде күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді ғылыми тұрғыдан көтеретін зияткерлік орта қалыптасқан. Осындай өзекті тақырыпты халықаралық деңгейде  ғылым мен мемлекеттік саясаттың түйіскен тұсын жан-жақты талқылау университеттегі профессорлық-оқытушылар құрамының жауапкершілігін, әлеуетін айқындайды», – деді директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай.   

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып және Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Қайрат Сақ форумда жасанды интеллектінің гуманитарлық, мәдени, тілдік және медиа кеңістікке әсері туралы ойларын ортаға салды. Екі спикер де ЖИ-ді тек техникалық прогресс ретінде емес, қоғамдық жауапкершілік пен ұлттық құндылықтар тұрғысынан қарастыру қажеттігін ерекше атап өтті.

Халықаралық форумның бағдарламасында ЕҰУ профессоры, форум идеясын ұсынған ғалым Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекованың ғылыми баяндамасы жиында ерекше эмоционалдық өріс туғызып, жаңа ойларды ортаға салды. Ғалым жасанды интеллектіні ғылымның бағытын, экономиканың құрылымын және мемлекеттік шешімдердің логикасын өзгертіп жатқан өркениеттік құбылыс ретінде сипаттады. Белгілі ғалым XXI ғасырдағы өркениеттік трансформацияны айқындайтын негізгі технологиялық бағыттар ретінде кванттық есептеулерді, жасанды интеллекті және термоядролық синтезді атады. Осы тұрғыдан алғанда, ЖИ-ді реттеу мәселесі тек техникалық немесе құқықтық шеңбермен шектелмей, адамзаттың өзін-өзі басқару қабілетімен, қоғамдық сеніммен және моральдық жауапкершілікпен тікелей байланысты екені айтылды. 

Профессордың ойынша, бүгінгі басты сұрақ – ЖИ-дің қаншалықты қуатты болатынында емес, оның кімге, қандай құндылықтарға және қандай қоғамдық мақсаттарға қызмет ететінінде. Ғалым жасанды интеллекті ғылымның бағытын, экономиканың құрылымын және мемлекеттік шешімдердің логикасын өзгертіп жатқан өркениеттік құбылыс ретінде сипаттады. Сонымен бірге отандық профессор жасанды интеллектің қосарланған мақсаттағы технология екеніне тоқталып, дербес деректерді қорғау, алгоритмдік бақылау, этика мен антропологиялық шекаралар мәселесін көтерді. 

Прфессор Ұлбосын Есенбекова өз сөзінде Абайдың «толық адам» ілімін жасанды интеллект дискурсімен байланыстыра талдап, «жүрексіз интеллект – жарымаған интеллект» деген мазмұнды пайым ұсынды. Баяндамашы ЖИ мәселелері жабық зертханаларда ғана емес, ашық қоғамдық талқылаулар кеңістігінде қарастырылуға тиіс екенін ерекше атап өтті. Профессор Есенбекованың пікірінше, технология жасаушылар мен мемлекеттер қосарланған мақсаттағы қолдануды шектейтін нақты тетіктерді бірлесіп әзірлеуі қажет. Ал ЖИ құбылысын ұлттың рухани, экономикалық дамуы мен қоғамдық тұрақтылығы контекстінде жүйелі зерттеу мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс.

Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры Генри Дженкинс. Фото commons.wikimedia.org сайтынан алынды.

Халықаралық ғалымдардың ішінде Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры Генри Дженкинстің баяндамасы форум қатысушыларының айрықша қызығушылығын туғызды. Ғалым өз сөзінде жасанды интеллект, шығармашылық және азаматтық қиял мәселелерін талқылай отырып, Midjourney секілді генеративті жүйелердің өнер, авторлық стиль және қоғамдық мәдениетке әсерін талдады. Профессор Дженкинс ЖИ-дің бір жағынан суретшінің дара стилін құнсыздандыру қаупін тудыратынын, екінші жағынан бұрын визуалдық тіл арқылы өзін білдіре алмаған адамдарға жаңа шығармашылық мүмкіндік ашатынын көрсетті. Оның баяндамасында «Өнер кімге тиесілі?», «Мәдени қорды пайдалану құқығы қандай? және «Жасанды интеллект жаңа, әлі толық ұғындырылмаған өнер түріне айнала ала ма?» деген өткір сұрақтар қойылды.

Назарбаев университетінің профессоры Омер Ф. Барыш форумда жасанды интеллектінің білім беру жүйесін, еңбек нарығын және мемлекеттік басқаруды түбегейлі өзгертіп жатқанын, бұл өтпелі кезеңнен жалтарып өту мүмкін емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, ЖИ-ге жылдам бейімделген институттар мен қоғамдар жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігін арттыру және бәсекеге қабілеттілікті сақтау тұрғысынан ұтымды жағдайда болады. Ал өзгерістерге қарсылық танытатын жүйелер теңсіздіктің күшеюі мен әлеуметтік тұрақсыздық қаупіне тап келуі мүмкін. Ғалым жоғары білім беру жүйесі енді тек дәстүрлі оқытумен шектелмей, сыни ойлау, интерпретация жасау және жасанды интеллект жіберетін қателерді тани білу қабілеттерін дамытуға басымдық беруі керек екенін айтты. Сонымен бірге ол ЖИ қысқа мерзімде интеллектуалдық пассивтілікке әсер етуі мүмкін екенін, бірақ ұзақ мерзімде табысқа ЖИ-ді саналы қолдана алатын, оның шектеулерін түсінетін және машина нәтижесі сенімсіз болған жерде адами пайымды іске қоса білетіндер жететінін атап өтті.

 Назарбаев Университетінің профессоры Омер Ф. Барыш

Форумның тағы бір маңызды халықаралық баяндамасын Валенсия университетінің профессоры, Сантьяго-де-Компостела және Кардифф университеттерінің көрнекті зерттеушісі Эмилиано Трере ұсынды. Ол жасанды интеллекті «сөзсіз, табиғи және тоқтатылмайтын үдеріс» деп сипаттайтын үстем нарративке қарсы тұру қажет екенін айтты. Ғалымның пікірінше, жасанды интеллект – саяси шешімдердің, инвестициялардың, басымдықтар мен мүдделердің нәтижесі. Сондықтан оны қоғам мүддесіне қарай бағыттауға да, қажет жағдайда шектеуге де болады. Өз баяндамасында профессор Трере адам әл-ауқатын негізгі өлшемге айналдыруды ұсынды және үш шешуші саланы атады: денсаулық сақтау, білім беру және қоршаған орта. Ол «сөзсіздік саясатынан таңдау саясатына көшу» қажеттігін алға тартып, технологиялық дамуды демократиялық құндылықтармен, әлеуметтік әділеттілікпен және ұзақмерзімді тұрақтылықпен ұштастыруға шақырды.

Форум қорытындысында қатысушылар жасанды интеллекті тек технологиялық құрал ретінде емес, ғылыми прогрестің, жауапты мемлекеттік басқарудың және қоғамдық игіліктің стратегиялық ресурсы ретінде қарастыру қажет деген ортақ ұстанымға келді. Қабылданған қорытынды резолюцияда Қазақстан үшін адамға бағдарланған AI governance қағидаттарын орнықтыру, мемлекеттік секторда тәуекелге бағдарланған тәсілді күшейту, ЖИ сауаттылығын дамыту, пәнаралық зерттеулерді өрістету және ұлттық тілдік ресурстарды дамыту міндеттері айқындалды. Сонымен бірге ЕҰУ базасында жасанды интеллект, ғылым және мемлекеттік саясат мәселелері бойынша тұрақты халықаралық сараптамалық алаң қалыптастыру бастамасы қолдау тапты.

Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанова, Astana IT University жанындағы Шығармашылық индустриялар мектебінің директоры Богдан Петров және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің цифрлық офицері Абылайхан Тастанбеков форумның институционалдық ауқымын кеңейтіп, жасанды интеллект мәселесін ғылым, білім, цифрлық басқару және креативті индустриялар тоғысында талқылауға қатысты.

Осылайша, отандық академиялық кеңістікте алғаш рет осындай күрделі құбылысқа арналып, Еуразия ұлттық университетінде өткен халықаралық форум жасанды интеллект мәселесін ғылым, мемлекеттік саясат, гуманитарлық білім және халықаралық ынтымақтастық тоғысында талқылайтын маңызды зияткерлік алаңға айналды. Форумда айтылған ойлар мен ұсыныстар Қазақстандағы AI governance күн тәртібін тереңдетуге, ғылыми қауымдастық пен мемлекеттік институттар арасындағы диалогты нығайтуға және халықаралық академиялық әріптестікті кеңейтуге қызмет етпек.