in

Ақмола оқу жылына әзір ме?

Бұл орайда білім ордаларының есігін айқара ашуы бір бөлек те, балалардың қауіпсіз, таза әрі талапқа сай ортада қарсы алу мүлде басқа әңгіме. Ал Ақмола облысында мектептердің дайындығын тексергендердің қолында 300 нұсқама, бес уақытша тоқтатылған асхана, аяқталмаған жөндеу және әлі басталмаған құрылыс жұмыстары бар.

Бірінші қыркүйек жақын­да­ған сайын мектеп дәліз­де­рінде балалардың тәтті дауысы емес, балғаның тарсылы естіліп кет­песін деген ақжарма тілек бар. Өйт­кені мектепті оқу жылына дайындау қабырғаны сырлап, те­­­резені жуып қою ғана емес. Бі­рін­ші кезекте жүздеген, тіпті мың­­даған баланың қауіпсіздігі то­лықтай қамтамасыз етілуі қа­жет. Асхананың санитариялық та­лапқа сай болуы, электр же­лі­ле­рінің ақаусыздығы, жылыту жүйе­сінің жұмыс істеуі, өрт қауіп­­сіздігі сияқты басқа да қа­жет­тіліктердің бәрі сақадай сай болу­ға тиіс. Дегенмен Ақмола об­­лысының білім саласында са­па­­­ны қамтамасыз ету департа­мен­тінің деректері жаға ұстатар­лық. 

Алдымен статистиканы сөй­ле­тейік. Бүгінде өңірде 523 жалпы білім беретін мектеп жұмыс іс­тей­ді. Оның 517-сі мемлекеттік бол­са, алтауы жекеменшік. Мек­теп­терде шамамен 139 мың оқу­шы білім алады. Биыл облыстың 10 мектебі күрделі жөндеумен қам­тылған. Оған жергілікті бюджеттен 5,6 млрд теңге қаралған. Бір қарағанда, аса ауқымды қар­жы. Бірақ маусымдағы ресми мо­ниторингте жөндеу жүріп жат­қан нысандар бойынша жұ­мыс­тар­дың орташа орындалуы не­бәрі 10 пайыз болған.

Содан бері жағдайдың бір­қа­тар мектепте ілгерілегені рас. Де­партаменттің кейінгі, екінші ке­зеңдегі мониторингі Степ­но­горс­кідегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №1 мектеп пен Аршалы ауданындағы Ижевское ауы­лын­дағы мектепте жұмыстардың жоспарға сай жоғары қарқынмен жүріп жатқанын атап көрсетеді. Көкшетау, Макинск және басқа ау­дандардағы мектептерде де жөн­деу жалғасып келеді. Бірақ «бірқатар мектепте жұмыс жақсы жүріп жатыр» деген сөз барлық мек­теп дайын дегенді білдір­мей­тіні тағы рас. Керісінше, сол соң­ғы мониторингтің өзі проблемалы нүктелердің әлі де бар екенін ашық көрсетті.

Зеренді ауданына қарасты Алек­сеевка кентіндегі №1 мек­теп­те жөндеу жұмыстары әлі де басталмаған. Құзырлы органның ресми түсіндірмесі әзір. Қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өз­геруіне байланысты жобалық-сме­талық құжаттаманы түзету қа­жет болған. Сол себепті қайта кон­курс өткізуге тура келіпті-мыс. Қағаз жүзінде себеп тү­сі­нікті. Бірақ күнтізбе түсіндірмені тың­дамайды. 1 қыркүйек жақын­да­ғанда «конкурс қайта өткі­зі­ле­ді» деген жауап балаларын мек­теп­ке жетектеген ата-анаға қан­шалықты жұбаныш болмақ?

Одан да өткір мысал – Ерей­мен­тау ауданының Еркіншілік ауылындағы мектеп. Депар­та­мент­тің соңғы мониторингі бойын­ша онда құрылыс-монтаж жұ­мыстары әлі дайындық ке­зеңін­де. Қазір рұқсат беру құжат­тары рәсімделіп жатыр. Құжаттар алынғаннан кейін ғана мердігер жөндеу жұмыстарына кіріспек.

Жөндеуден тыс қалған мектеп көп

Өңірдегі білім саласындағы өткір жайт күрделі жөн­деу­мен біткен жоқ. Облыстың 62 мек­­тебін биыл жөн­деу жос­пар­ланған. Бұл бағыт­қа бюд­жет қор­жынынан 1,3 млрд тең­ге қарас­тыры­лыпты. Маусымдағы ресми мәлімет бойынша, 62 мектептің 47-сінде жұмыс басталған. Яғни 15 мектепте ол кезде жөндеу әлі бас­талмаған. Департамент негізгі қа­тер ретінде конкурстық рәсім­дер­дің созылуын және кейбір ны­сандардағы жұмыстардың кеш басталуымен түсіндіреді. Содан кейін жұмыстардың бір бөлігі бас­талған болуы мүмкін. Бірақ қо­ғамға дәл қазір керек нәрсе – 24 тамыздағы нақты нәтиже. Қай мектепте жөндеу толық аяқ­талды? Қайсысында әлі жүріп жа­тыр? Қай мектепте құрылыс жұ­мысы оқу процесіне кедергі кел­тірмейді?

Өкініштісі сол, білім орда­ларын­дағы санитариялық жағдай да мүшкіл халде екені байқалды. Бұл туралы өңірдің құзырлы СЭС департаментінің БАҚ өкілдері ал­дында жақында жария еткен брифинг барысында мәлім болды. Ақмола облысының са­ни­та­рия­лық-эпидемиологиялық ба­қы­лау департаменті жаңа оқу жы­лына дайындық кезінде 503 мектеп пен 462 ас блогына мони­то­ринг жүргізген. Нәти­жесін­де, 300 нұсқама берілген. Нұсқа­ма­лар жөндеуді уақытында аяқ­тау, жарықтандыру құралдарын ауыстыру, қоқыс контейнерлерін орнату, асханаларға тартпа қол­шатырлар қою және басқа да мә­селелерге қатысты.

Санитариялық ведомствоның 21 тамыздағы мәліметінде беріл­ген барлық нұсқаманың орындалуын тексеру және ұсынылған ақ­паратты талдау әлі жүргізіліп жат­қаны айтылған.  Міне, мәсе­ле­нің түйіні де осында. 1 қыр­күйек­­ке санаулы күн қалғанда, мек­тептердегі анықталған кем­ші­ліктердің жойылған-жойыл­ма­ға­нын тексеру әлі жүріп жатыр.

Мектеп қабырғасындағы жарықшақ бір басқа бол­са, ал бала ішетін ас – мүлде бас­қа мәселе. Аймақтың са­ни­та­риялық-эпидемиологиялық ба­қы­лау департаментінің мәліме­тін­ше, мониторинг қорытынды­сы­мен Целиноград ауданында рұқ­сат құжаттарынсыз жұмыс іс­те­ген бес бірдей мектеп асхана­сы­ның қызметін тоқтату жөнінде ше­шім қабылданған. Ойлап кө­ріңіз. Мемлекет бақылауындағы мек­тептің ішіндегі балалар та­мақ­танатын нысандағы мұндай жағдай аса алаңдатарлық ахуалды айғақтайды.

Олар тексерілгенге дейін қа­лай жұмыс істеді? Оларға кім рұқ­сат берді?

Балаларға тамақ беруге дейін қандай бақылау болған? Бұл сұ­рақ­тардың жауабы жай ғана «асхана жұмысы тоқтатылды» деген ақпаратпен бітпеуге тиіс.

Асхана тамағын балалар неге жемейді?

Жаңа тамақтану стандарты енгізілгеннен кейін кей­бір тағамдардың желінбеу ин­дексі 50-70 пайызға дейін жеткен. Яғни ресми құзырлы ор­ган­ның дерегінше, балаға ұсынылған тағамның едәуір бөлігі желінбей қал­ған. Қырыққабат пен сәбіз таяқ­шалары, арпа жармасы, жасыл бұршақ сияқты өнімдер мә­зірде болған.

Мәселені мәзірді өзгерту арқылы шешуге болатыны кейін дәлелденді. Ет пен ақуыз өнімдерінің үлесін арттыру жө­нін­­дегі ұсыныстардан кейін мо­дель­дік мектептерде желінбеу ин­дексі 5-10 пайызға дейін тө­мен­деген. 

Ал Көкшетауда жаңа тамақ­тану үлгісін бақылау үшін үш мо­дельдік мектеп – IT мектеп-лицейі, №3 және №19 мектептер бел­гіленген. 18 тамыздағы «Көк­ше» телеарнасының материалында соңғы талдаулар бойынша же­лінбеу индексінің 5 пайызға дейін төмендегені айтылыпты. Әрине, бұл – жақсы нәтиже. Бір­ақ жақсы нәтиже шыққан үш мек­теп бүкіл облыстың мәселесі ше­шілді деген сөз емес.

Санитариялық қызмет биыл бақылау тәсілдерін де өзгерткенін хабарлады. 2025 жылғы 4 желтоқ­саннан бастап мемлекеттік бақы­лаудың жаңа нысандары енгізі­ліп, мектептерге алдын ала ескер­тусіз мониторинг жүргізу мүм­кін­дігі пайда болыпты. Яғни бақы­лаудың «күтпеген жерден келу» қағидаты енгізілген. 

Ақмола облысының білім са­ла­сында сапаны қамтамасыз ету департаменті өзінің соңғы мони­торин­гінде облыс мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы жоспарлы түрде жүзеге асып жат­қа­нын хабарлады. Мердігерлер анық­талып, шарттар жасалған. Тех­никалық және авторлық қада­ғалау бар. Нысандардың басым бө­лігінде құрылыс-монтаж жұ­мыс­тары бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр. Мұның бәрін жо­қ­­қа шығаруға болмайды.

Бірақ ресми есептің келесі жол­дарында Алексеевкадағы №1 мектепте жөндеудің бастал­ма­ғаны, Еркіншіліктегі мектепте құрылыс-монтаж жұмыстарының дайындық кезеңінде тұрғаны жа­зылған. Сондықтан «жоспарлы түр­де» деген сөздің қасына бір ғана сұрақ мазалайды. Жоспар бойынша ма, әлде нақты нәтиже бойынша ма? 

Құзырлы орган дерегінше, Ақ­мола облысында биыл мектеп жөн­деуіне 6,9 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталған. Оның 5,6 млрд теңгесі күрделі жөндеуге, 1,3 млрд теңгесі ағымдағы жөн­деуге бөлініпті. Сондықтан ата-ананың «Менің балам баратын мектеп дайын ба?» деп сұрауға толық құқығы бар. Ол үшін ата-анаға жүздеген бет есептің керегі жоқ.

Мектеп – құрылыс алаңы емес, баланың білім алатын орны. Сондықтан 31 тамыз күні түнде соңғы бояуды жағып, таңертең парталарды орналастырып, «бәрі дайын» деп есік ашу дайындықтың үлгісі болмауға тиіс. Бала құры­лыс қарқынының құрбаны болмауы керек. Ата-ана мемлекеттік сатып алудың кешігуіне жауап бермеуі керек. Оқушы мердігердің ұйымдастыруындағы олқы­лықтың салдарын сезінбеуі керек. Ал асханадағы рұқсат құжа­тының жоқтығын бала анықта­мауы керек. Мұны ересектер алдын ала анықтауға тиіс.

Ақмола облысының білім са­ла­сында сапаны қамтамасыз ету департаменті өз кезегінде мо­ни­то­рингті жалғастыратынын мә­лім­деді. 

Қысқасы, 1 қыркүйек – есеп тап­сыратын күн емес. Бұл – мем­лекеттің бала алдындағы жауап­кер­шілігі сыналатын күн. Қоңы­рау соғылғанда, қабырғада балға­ның үні емес, мектеп дәлізінде ба­ла­ның күлкісі естілуі керек.

Асханада рұқсат қағазы іздел­мей, балаға қауіпсіз тамақ берілу­ге тиіс. Сыныпта құрылыс шаңы емес, білімнің ауасы сезілуі қа­жет. Ал мектеп есігін ашқан ата-ана: «Баламды бүгін осында қауіп­сіз қал­дыра аламын ба?» деп күмән­данбауға тиіс. 1 қыркүйекке бір апта ғана қалды. Ал білім орда­ларындағы жағдай осы үдерістен шыға ала ма? Бұл көптің көкейін­де күдікті күшейтіп тұр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы